Оқырманға арнау
Жыл келді.
Адамзат жылнамасындағы жыл санауымыздың 2025-ші парағын ашып, жарқын үмітке жетелеген жаңа дәуірдің табалдырығын аттадық. ХХІ ғасырдың алғашқы ширегін түйіндегелі тұрмыз.
Қадірлі оқырман!
Арқа баспасөзінің қарашаңырағы «Ortalyq Qazaqstan» газеті өздеріңізбен 23 470-інші рет жүздесіп отыр. Биыл 94-ші белеске қадам бастық. Аға дәстүрден айнымай, жаңа дәстүрді жатырқамай қабылдау да – жауапкершілік. Жігерлі жастардың жаңашыл ұстанымына «Saryarqa Aqparat» ЖШС басшылығы қолдау көрсете отырып, байырғы басылым «мылтықсыз майданның» алдыңғы шебінде келеді. Аманатқа адалмыз!
Сонымен, Жаңа жыл табалдырығын 5000-ға жуық таралыммен аттадық. Аз да емес, көп те емес. Ескі дәстүрдегі бюджеттік мекеме қызметкерлерін мәжбүрлеп жаздыру үрдісі келмеске кеткен. Сонда да осынша межені бағындырдық. Шүкір!
Өнері өрелі болғанымен, болмысы қарапайым танымал әнші ағам бар еді. Оған залдың толған-толмағаны проблема емес. Он адам отырса да, әнін шырқап, өнерін паш етеді де, сол он көрерменге алғысын жаудырып, ықыласын танытады. Сол ағама бірде «Неге?» деген сұрақ қойғанмын. Ол: «Мені залдың олқылығы қызықтырмайды. Өнер – халықтың қазынасы. Маған әнді құлақпен емес, жүрекпен тыңдайтын бес көрермен болса – жетеді» деген-ді. Сол сияқты, бізге де «Орталықты» сүйіп оқитын он оқырман – бағалы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне 3 қаңтарда берген сұхбатында: «Газет-журнал оқу – жас кезімнен қалыптасқан дағды. Мен ақпарат кеңістігіндегі үрдістерді жіті қадағалап отырамын. Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді», – деді. Президентіміздің осы сөзінің өзі бізге қанат бітіріп, баспа құралдары туралы әлгіндей алып-қашпа пікірге нүкте қойғандай.
«Орталықтың» оқырманы олқы емес. Газетке жазылу барысында зор белсенділік танытқан Қарағанды қаласы, Ақтоғай, Нұра, Шет аудандарындағы тұрақты оқырмандарымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
…Бүгінгі қоғамдағы тырс еткен құбылыстың барлығы өзгеріске бейім. Адамзат дәуірінде ұлы өзгерістер орын алуда. Өркениет өрекпіп, жаһандану жанталасып жатыр. Бұл өзгерістердің қоғам үшін игілігі де, ұлттық сана тұрғысынан алғанда кері әсері де мол. Біз де өзгердік. Газет айдарын (өз тілімізде – шапка) өзгерттік. Бірақ біз үшін өзгерістің барлығы ескіні жоққа шығару емес. Абыз басылымның айдарына кешегі аға буынның талғамынан шығып, таңдауы болған ескі қаріптің (шрифт) жаңғырған нұсқасын таңдадық. Бұл бағытта холдинг басшылығының байсалды ұстаным, байыпты қолдауын атап өтуге тиіспіз.
Шығармашылық жоспарымызда да жаңалықтар бар. Биылғы жыл – екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығы, ұлы Абайдың 180 жылдығы, Ата Заңымыздың 30 жылдығы, академик Ебіней Бөкетовтің 100 жылдығы, тағы басқа да атаулы даталарға мән беретін мерекелі жыл. Арқа баспасөзінің мектебін қалыптастырған «Орталықтың» оғландары, бірқатар қаламдас ағаларымыздың да мерейтойы биыл аталып өтпек. Белгілі публицист Аман Жанғожин ағамыз 80 жасқа, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы және Серағаңның құрдастары Серік Сексенұлы, ардагер фототілші Жұмабек Иманәлі 75 жасқа толады. Сондай-ақ, «Орталықты» 22 жыл басқарған талантты редактор, көсемсөз шебері, марқұм Мағауия Сембайдың 70, белгілі журналист, марқұм Тілеуқабыл Байтұрсынның 75 жылдығын да биыл атап өтпекпіз. Мерейтой иелерінің шығармашылық қуаты мен өмірлік өнегесін дәріптеу – біздің парыз.
94 жыл қазыналы Қарағанды өңірінің шежіресін тасқа таңбалап, әр шаңырақтың ажырамас бөлігіне айналған сүйікті басылымдарыңыз мәңгілік сырластарыңыз болып қала бермек.
Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!
Ерсін МҰСАБЕК.