Жаңалықтар

“Қоңыратта” – қауырт қимыл

   Бұдан 90 жыл бұрын Қоңырат кен орны ашылды. Ал, одан он жыл кейін қазір Балқаш қаласының мөлтек ауданы қатарындағы елді мекеннің қадасы қағылды.

Осы айтулы оқиғаға орай биыл “Қоңыратта” қыруар шаруа қолға алынғалы отыр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты бірқатар маңызды мәселе оң шешімін табады.
Қазір “Қоңыратта” – қауырт қимыл. Русаков және Зайцев көшесіндегі төрт қабатты екі үйді қалпына келтіруге құрылысшылар кірісіп те кетті. Ұзақ уақыт бос тұрған баспананы жаңғыртуға бюджеттен 410 миллион теңгедей қаражат қарастырылды. Жылдың аяғына қарай 94 пәтерде қоныс тойы жасалады.
Қараусыз қалған саябақ аймағында ауқымды жұмыс атқарылады. Онда ойын және спорт алаңы салынады. Орындық қойылып, жарық тартылып, жан-жағы қоршалады.
Балқаш және Кеншілер көшесінде су құбыры айырбасталып, ішкіорамдық және үй маңындағы сумен жабдықтау желісіне ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Кенші және Русаков көшесі жарықтандырылып, ондағы автокөлік жолы жөнделеді.
Балқаш, Алтынсарин және Зайцев көшесінде жаяу жүргінші жолы жөнге келтіріледі. Русаков және Кеншілер көшесіндегі бірнеше үйдің ауласы абаттандырылады. Екі қазандық жөнделіп, екі шақырымдай жылумен жабдықтау желісі күрделі жөндеуден өткізіледі.
“Кенші” клубының алдындағы гүл бағы абаттандырылады. Ал, саяжай салу үшін ауылдан бес шақырым қашықтықтан 100 жер телімін бөлу басталып та кетті.
Жолаушы тасымалындағы автобус қатары көбейеді.
№3 мектеп қасынан 60 балаға арналған шағын орталық ашылады.

Әлібек ӘБДІРАШ
БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button