Қоңыр
Қоңыр күй. Қоңыр тірлік. Қоңыр өлең. Қоңыр дала. Қысқасы, «Қоңырдан қой өргізіп», қоңыр тірліктің қоламтасын үрлеп, қоңыр өлең жазып жүрген ақын елміз! Меніңше, қоңыр – түс емес, қазақтың жанына жақын шынайы бояу. Арқаның ұлы дәулескері Әбікен (Хасенов) Ұлы Даланы бебеулеткен «Қоңыр» күйін сұңқар Сәкенге арнапты-мыс. Осы күйді тыңдасам, ойыма ұстазым, әріптес-аға Базарбай Әлеуханұлының боямасыз болмысы орала қалады. Неге боямасыз болмыс? Мәселен, ақ бояуды қара бояуға араластырса – сұр түске айналады. Басқа түстерді де араластырып, қойыртпақ жасауға болар… Ал, қоңырдың қанық бояуына қан араластырсаң да, ештең өзгермейді. Тіпті, қанның өзі қоңыр түске айналуы кәдік. Ендеше, қоңыр – сөз жоқ, қазақы қалыптың бояуы! Сол себепті, мен жақсы ағаның мерейлі шағына тарту еткен жазбамды «Қоңыр» деп айдарладым.
Жазбамыздың әлқиссасында айтылған қоңыр күй, қоңыр тірлік, қоңыр өлең, бәрі, бәрі – Базарбай ағама тән. Қоңырқай күйге бөленіп, қоңыр тірлік кешіп жүр. Қоржынындағы қоңыр өлең – қазақы бояуы қанық Даланың үні. Ғарышқа ұмтылмай-ақ, алысқа алқынбай-ақ, намыстың наркескеніндей жарқылдап тұр. Бозала таңдағы бозторғай үнінен бастап, қоңыр кештегі шегіртке шырылына дейінгі Даланың әуезді үні – Базағамның жырларында! Қоңыр үні қоңыраулатып, қоңыр кешті әсерлі әуезге бөлеп сала береді. Құлақ түріңіз:
Қоңыр шапан,
Көнетоз қоңыр барқыт,
Сені кисем, сыңсиды ой шоғырланып.
Сені киіп аяулы Әкем марқұм
Мәшинеме жататын соғымды артып.
Қоңыр шапан,
Қырқылған етек-жеңі,
Сен жаңада – өмірім ертегі еді.
Жолдан келсем, иығыма сені жауып,
Апам марқұм әңгіме шертер еді.
Қоңыр шапан,
Артықсың көп тіріден,
Қадір қашып, заманың өтті, білем.
Костюм киіп сөйлеген сөзім – солбыр,
Сені кисем, семсердей өткірленем.
Базағамның осы «Қоңыр шапанын» оқысам болды, ауылға кеткім келеді. Көз алдымда – көнетоз қоңыр шапанын жамылып, анасының жанында жыр оқып отырған Базарбай ағам.
Жалпы, Базарбай Әлеуханұлының қоңыр өлеңдерінің сыры – терең, сағынышы – салмақты. Иә, алып-ұшпайды, өрекпімейді. Қоңыр үнмен қоңыраулатып қана отырыпақ, ойыңды қоздатып, бойыңды маздатады. Ауылдан пойызбен келген қымызды қаладағы әр қазақ тамсана сіміріп жүр. Кеңірдегімізден келгенше сіміріп алып, кекіргеннен әріге барғанымыз жоқ. Шермиген қарнымызды бір сипап қойып, «Мына қымыздың тәттісін-ай!» деген шығармыз. Ал, қоңыр тобылғымен ысталған қоңыр күбіден қотарылған бетте жолға шыққан қымыздың дәмін бөлек сезінеді. Бөлек жырлайды:
Қымыз келді ауылдан пойызбенен,
Бір жасады тірлігім ой іздеген.
Жарықтықтың жұпары қандай еді!
Дала болып кеткендей дәліз деген.
Қымыз келді ауылдан пойызбенен,
Тірлігіме түр бітті нәр іздеген.
Шақыр дедім Шыңғысқа көршілерді,
Аптап түссе, алқынып дәрі іздеген.
Қымыз келді қаланың шөлін басып,
Мәз боп қалды өмірге көңіл ғашық.
Бір жұтып ем…
Ойыма бір ән түсті,
«Қыз емес, қыздың аты – қызыл асық…».
Сізді білмеймін, өз басым қымыз ішпейақ, шөлімді басып, масайып қалдым. Жырдың құдіреті мен ақынның шеберлігі – бұл! Қоңыр тірлікке бой ұсынып, «қоңырдан қой өргізген» ауылын әр ақын жырлап жүр. «Суға сурет салғандай» шеберлікпен шендестіріп жатқандары да қаншама. Ал, Базағамның сүрлеуінде көненің өзі де, сөзі де бар. Қарапайым ғана бере салады ауылдағы қоңыр тірлікті. Ең бастысы, жүрегінің үнін әлгі бір «жүйріктер» секілді жүлгелемей-ақ, қаз-қалпында жеткізеді.
Ауыл деген…
Ойласам, қамал екен,
Әке үйі – адамға адал мекен.
Көнетоздай киіз бен аяқ-табақ
Көздестіріп жатқандай анамменен.
Осы бір ғана шумақта аманат та, сағыныш та, адалдық та, сезім де бар.
Енді, ақын жанын осынша сағынышқа бөлеген алтын бесігіне жол шығарайық. Ол жолды Базағам өзі бастасын:
Осы жол…
Ауыл жаққа апарады,
Қуантып қырда жатқан ата-ананы.
Құл-дағы асырайды қара басын,
Ер жігіт елге жағып, бата алады.
Осы жол…
Әлемге әкеп қосқан еді,
Жадымда – қиқу салған достар легі.
Басында осы жолдың күні-түні
Құлыным,-деп,
Қайран шешем тосқан мені, – дейді ақын ағам «Жол үсті» атты өлеңінде. Осы жолмен біз де ақынның кіндігі байланған қасиетті мекен Қараағашқа сапарлайық.
***
Жазиралы Жаңаарқаның теріскей бетінде тектілерге тұғыр болған Қараағаш атты қасиетті мекен бар. Барыңыз. Көресіз. «Жақсылардың соңы – Телғозының Шоңы» атанған әйгілі Шоңкеңнің ізі жатыр. От ауыз, орақ тілді Төлебай салдың рухы жеті қат көкті кезіп жүр. Жолдекей ақынның жорға жыры самалдай есіп, бал тілді Жақан Смақовтың балажан жүрегі лүпілдейді. Арқаның ақберен ұлы Сайлаухан Нәкеновтің кеше ғана ғарышты бетке алған асқақ рухы артына қарайлап, қасиетті Қараағашынан
ұзай алар емес…
Қарайлайтын-ақ жөні бар. Әйгілі Шоңкең табанының табы қалған қасиетті топырақтан нәр алып, сол ұлы көштің соңғы легіне ілескен Сайлаухан ағаның қос тайлағы бар. Олар – Базарбай Әлеуханұлы мен Кенжебай Ахметов. Екеуі де бүгінгі қазақ руханиятының көшін бастар серкелеріне айналып үлгерген.
Қаламға сүйеніп, қағазға телмірген қалың қауымның бүгінгі мейрамы қарсаңында әрі ұстаз, әрі аға, әрі әріптес Базарбай Әлеуханұлы туралы әлім жеткенше толғанып көрмек ниетпен мен де қалам тістелеуге тәуекел еткен едім. Ұлылық ұялап қалған Қараағаштан ұлттың Ұлы бесігі Ұлытауға қарай Базекең салған сүрлеумен қиялап көрмекпін, баяғы…
…Айтпақшы, біздің қалам ұстаған қауым өкілдері өзінің белгілі бір дәрежедегі жетістігін «малданған» тұста ұстаздарын ұлықтап, шекпен бөлісетін дағдымыз бар ғой. Әдебиеттегі әйдіктер Әуезовтің шекпеніне жармасып, журналистиканың жорғалары Шерханның шекпенін шаужайлап жататыны сияқты. Басқаны қайдам, өз басым Базарбайдың шекпенінен шыққанмын. Иә, Базкеңнің қоңыр барқыт шекпенінен. Барқыт шекпені дейтінім, Базкеңнің аурасында барқыт өңді даланың кеңдігі бар. Етегіне ел сыйғызған кең шекпен…
Ол жүрген жерде өзіне тұғыр болған Қараағаштың қасиеті, жайлау мекен Жаңаарқаның дархандығы жүреді. Ес біліп, етек жиған, сөз ұстауға ниет еткен шағымызда Базкеңді төңіректедік. Үйренетін үлгісі, үйрететін ниеті болған соң, үйірсек болдық Базкеңе. Әлі күнге жалыққан жоқпыз. Базкең – үйретуден, біз – үйренуден…
***
Иә, мен – Базарбай ағаның шәкіртімін. Журналистика саласындағы еңбек жолымды 20 жылдан бері Базарбай Әлеуханұлы басқарып отырған Жезқазған қалалық «Дидар» телеарнасында бастадым. Базағам мені киелі қарашаңыраққа көшеден алып келді. Жасыратыны жоқ, сыраханаларда өлең оқып, ымырт үйірілсе тойханаларды төңіректеп жүрген кезіміз болатын. Студент шағымнан жанына ертіп, үйінің төрінен орын беріп жүретін ағам еді. Ашқұрсақ жүргенімізде талай рет үйіне еріп барып, Бағдат жеңгеміздің қолынан дәм ішкенімізді қалай ұмытайық?! Несін айтасыз, бозбала шағымнан Базамның кең қолтығын паналап өстім.
Тентек едім, тезге салды. Ерке едім, екпінімді басты. Асқазаныма ас салып, бойыма сөз сіңірді. Жайсаң ағаның жанында жүріп, жақсылармен дәмдес болдым. Шекісіп қалатынбыз. Кетісіп көргеніміз жоқ. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» демекші, қарным ашып, қадірім қашқан күні қайтадан Базағама қайырушы едім. Қоңыр шекпенінің шаужайынан ұстата қояды. Кеңдігі ғой, кешіреді. Қайырымдылығы ғой, қайырылып, қамқорлығына алатын.
…Өзінің негізгі мамандығы – құрылыс инженері. Құрылыста да қолтаңбасы қалған. Келмеске кеткен Кеңес дәуірінде газеттерге салалық бейімділік үрдісін енгізгені естеріңізде болар. Мысалы, газеттің ауыл шаруашылығы бөліміне агроном немесе зоотехник басшылық жасап, өнеркісіп бөліміне кен инженерлері шақырылатын. Базағаң да обком идеологтарының аттай қалауымен осы өзіміздің «Орталықтың» құрылыс бөліміне қабылданыпты. Жемісті еңбек етіп, келісті дүниелерін ұсынды оқырманға. Көзі қарақтының бағасын, аға буынның батасын алды.
Шығармашылық жолы бұрынғы Жезқазған облысының бас басылымы «Жезқазған туы» газетінде жалғасты. 90-шы жылдардың басында тоқырау тұқыртып, экономика құлдыраған кезде газеттен кетіп, кәсіпкерлікпен де шұғылданды. Нарық талабына алғаш болып бейімделгендердің бірі. Алайда, намысын табысына құл қылған жоқ. Жемін сұңқарша шашып жеді. Сүйікті газетінен бойын аулақ салған жоқ. Айтпақшы, сол «Жезқазған туының» аты «Сарыарқа» болып өзгеріп, 5000-шы санын шығарып жатқан уақытта дастарқан жайып атап өтуге қаржы таппай қысылғанда, газеттің тойын жасап берген де осы Базарбай аға болатын.
Мәрттігі, азаматтығы, кеңдігі жайлы айта берсек, таңды-таңға ұрып әңгімелеп, газеттің айқарма бетінен асып-төгілетін мақала жазуға болар еді… Азаматтығын ажарландыра түсетін бір ғана мысал келтірейін. 2005 жылы Жезқазған қаласын ұзақ жыл басқарған қайраткер тұлға марқұм Жұмамәди Ибаділдин қызметтен кетіп, Қарағандыға қоныс аударды. Сол кезде қызметте жүрген азаматтардың барлығы жаңа әкімнің «қаһарынан» үркіп, Жұмекеңнен теріс айналғанын көзіміз көрген. Үйіне қонақ қылып, иығына шапан жауып, жүгін артып, күре жолдың бойына дейін шығарып салған Базағам мен марқұм досы Әбдіхакім Балмағанбетұлы ғана еді. Ақыры, бұрынғы әкімге жасалған осынша сый-құрмет туралы ақпарат жаңа әкімнің құлағына жетіп, Әбду досы қала әкімінің орынбасарлығынан кетті. Базарбай аға қудалауға түсті.
Базарбай Әлеуханұлының басына үйірілген бұлт мұнымен сейілген жоқ. Ана бір жылы «Дидардан» Базағаңды кетірудің амалын таппаған тағы бір әкім телеарнаны саудаға қойып, жекеменшікке сатып жіберсін. Бүкіл облыс журналистері ду ете қалып, біздің «Орталық» араша түсті. Ақыры жеңіп, Базарбай Әлеуханұлы сот шешімімен өз орнына қайта келді. «Дидар» сатылған жоқ.
Бір рет қалалық мәслихаттың, бір рет облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. «Нұр Отан» партиясы жанындағы жемқорлыққа қарсы қоғамдық комиссияның тізгінін ұстады. Жемқорлармен күресемін деп жүріп, өзі жемқорлардың жемтігіне айнала жаздаған. Жігерлі екен, заң атаулыны жіліктеп отырып, жеңіп шық ты. Қажырлы екен, қарсы беттегі биліктің бишігінен ықпады. Сонда да, өзінің қоңыр тірлігінен ажыраған жоқ. Қоңыр өлеңі төгіліп тұрды.
***
Айтқандай-ақ, Базарбай Әлеуханұлы – сатираның садағын кере тартқан сұрмерген. Астарлы әзіл, қазақы қалжыңға ұста. Оспанхан кетіп – ойсырап, Тоқмағанбетов кетіп – тоқырап тұрған қазақ сатирасын жаңа белеске көтергендердің бірі һәм бірегейі. Сатирадағы саңлақтығын 2005 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің Оспанхан Әубәкіров атындағы сыйлығының лауреаты атануымен дәлелдеуге болады.
Айтқыштығы – өз алдына. Мен 2007- 2010 жылдары шалғайдағы Қаражал қаласында қызмет істедім. Ахат Құрмансейітов – қала әкімінің орынбасары. Тағы бір Жарқынбай есімді ақын ағам бар. Жезқазғанға қоныс аударып кеткенімен, белгілі айтыскер ақын Төлеген Жаманов та Қаражалды төңіректеп жүреді. Бір-бірімізге өлең арнаймыз. Өлеңмен сыр шертісеміз. Базағам бірде Қаражалға келіп, отырыс жасадық. Әлгі арнау өлеңдер оқылды. Сонда Базкеңнің: «Ерсін-ау, өзің Қаражалға келгелі қара сөзді ұмытып, тек қана өлеңмен сөйлесетін болғансың ба?» дегені бар еді… Аяқ астынан айтып салып, біздерді алты ай күлдіретін осындай әңгімелері көп ағамның.
***
Бүгін асқаралы 60 жасқа толып отыр. Алла алқап, әруақ жебесін, Аға!
Беркелі күздің өзін үшке бөліп, жіктейтін қазақпыз ғой. Сары күз, қоңыр күз, қара күз. Сары күзде жемісіңізді беріп болдыңыз, Аға! Ол жеміс – екі әуесқой бейнекамера, бір жарымжан «Москвичпен» қалған «Дидардың» көрермен көзайымына айналдырған еңбегіңіз. Ол жеміс – мына біз секілді шәкірттеріңіз! Ол жеміс – жолыңызды қуып, өз алдына «Жезқазған ТВ» телеарнасының тасын өрге домалатып отырған ұлыңыз Шыңғыс! Қасиетті Қараағашта туып, ордалы «Орталықтан» қанаттанған, Ұлы Даланың Ұлытауын ұлықтаған қоңырқай тірлігіңізді қара күздің ызғары шалмасын, Аға! Оған ерте әлі…
Қаламыңыз қуатты, көңіліңіз шуақты болғай! Өзіңіз айтқандай, өлеңмен сөйлеуге өреміз жетпей жүр. Бірақ, қоңырқай жазбамның нүктесін өлеңмен қоюға тырыстым.
Қоңыр күй.
Қоңыр тірлік.
Қоңыр өлең –
Бірге жасап келеді сеніменен.
Сені көрсем, ел жаққа еміренем,
Жырыңды оқып…
Толқимын, тебіренем!
Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»