Оғыланымыз оза шапты
«Орталықтың» абыройы тағы бір мәрте асқақтады. Қаламының желі бар әріптесіміз, облыстық «Орталық Қазақстан» газеті редакциясы жауапты хатшысының орынбасары Нұрқанат ҚАНАФИН Астанада өткен «Самғау» ұлттық байқауында оза шауып, бәйге алды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық БАҚ өкілдері қатысқан аламанда Қарағанды облысы бойынша Нұрқанат үздік журналист атанып, Украинаға сапарлауға арналған жолдаманы қанжығалады. Лайықты!
Жауынгер жанрдың дүбірлі додасын өткізуге «Халық маркасы» Қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясы» ұйытқы болды. Мақсаты – отандық өнім өндірушілердің беделін арттыру арқылы төл нарығымызды қалыптастыру және халық арасында отандық өнімді насихаттау үшін БАҚ өкілдерінің күшін біріктіру. Атап айтқанда, қыркүйекте жарияланған байқаудан аймақтар арасында 12 журналист іріктелді. Енді, жеңімпаздар екінші кезеңде – халықаралық байқауда бағын сынамақшы. Озық шыққан журналистерді Мәскеу қаласында наурыз айында өтетін игі шарада марапаттайды. Әріптесімізге сәттілік серік болсын!
Өңір журналистикасына өзіндік үлесін қосып, ауыл шаруашылығы, экономика, спорт, отандық өнім тақырыбында қалам тербеген әріптесіміздің әлі де асар асуы алда.
Жүлде құтты болсын!
Нұрдос КӘРІМ