Бас тақырып

Оқушының үйлесімді дамуы маңызды

Жаз келе жатыр. Демек, демалысқа шыққан балалардың бос уақытын қызықты, пайдалы əрі мазмұнды өткізу міндеті педагогтер мен ата-аналарға жүктеледі. Балаларға ерекше көңіл бөлетін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жас ұрпақтың тағдыры, өмірі мен денсаулығы бəрінен маңызды. Үкіметке балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мəселесін мұқият саралап, нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Жасөспірімдер бос жүрмеуге тиіс. Олардың шығармашылыққа, спортқа қызығушылығын арттыру жағына көбірек көңіл бөлу қажет. Балаларды еңбекке баулып, волонтерлік қызметке жұмылдырған абзал. Көзбояушылық үшін жасалатын жұмысты доғару керек» деген болатын.

Биыл өңірде 16 мыңнан астам оқушы бірінші сыныпқа барады. 9-сыныптардың 15 мыңнан астам жəне 11-сыныптардың 7 мыңнан астам оқушысы мектеп бітіреді.

Сурет: 365info.kz сайтынан

ҰБТ талабы өзгеріссіз қалды

– Облыста 11-сынып бітіретін 144 түлек «Алтын белгіге» үміткер. Түлектердің кезекті Ұлттық бірыңғай тестілеуі 16 мамырда басталып, 5 маусымға дейін жалғасады. Биыл ҰБТ 4 пункт базасында, оның ішінде, 3 жоғары оқу орнында өтеді. ҰБТ-ға тапсырылатын пəндердің саны өзгеріссіз қалады. Үшеуі – міндетті, екеуі таңдау бойынша. Дегенмен, «Оқу сауаттылығы» жəне «Математикалық сауаттылық» міндетті пəндері бойынша тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Тестілеу уақыты – 4 сағат немесе 240 минут.

Бұл жерде айта кететін жайт, ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларға қосымша 40 минут уақыт бөлінеді. Көру қабілеті бұзылған балалар үшін суреттер, диаграммалар, карталар жетіспейтін тестілердің жеке нұсқалары ұсынылған, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.

Тестілеуге өтініштерді қабылдау 28 сəуірден 14 мамыр аралығында Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы жүргізіледі. ҰБТ-ға биылғы жəне өткен жылдардың түлектері, сондай-ақ, колледж түлектері қатыса алады. ҰБТ рəсімі прокторинг жəне бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етіле отырып, электронды форматта өтеді.

Биыл орта білім берудегі жаңашылдықтардың бірі – 5-8 жəне 10-сынып оқушыларының «Қазақ тілі мен əдебиеті» пəндерінен тест тапсыруы.

Құжат қабылдау тамызға дейін

Айта кеткен жөн, 1-сыныптарға құжаттар қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады. Өтінімдерді EGOV, Білімал арқылы «1-сыныпқа қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызметтер порталында қағаз жүзінде беруге болады. Өтініштерді қабылдау eGov. kz электрондық үкімет порталы арқылы электрондық форматта жəне «е-Bilimal» жүйесі арқылы жүргізіледі. Құжаттар қатарында ата-аналардың (немесе оларды алмастыратын адамдардың) өтініші жəне баланың денсаулық жағдайы туралы құжаттар №026/ у-3, №063/у нысаны бойынша медициналық анықтама бар. Сондай-ақ, 3х4 екі фотосурет болуы да міндетті.

«Шабыт» сарайы пайдалануға беріледі

Балаларға қосымша білім беру мəселесі жеке ұйымдарға мемлекеттік тапсырысты орналастыру есебінен шешіледі. Биыл мемлекеттік тапсырыс аясында 3 мыңнан астам қосымша орын ұсынылған. Қазіргі тауда облыста 142 048 баланы қамтыған 96 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді. Қосымша бағдарламалардың едəуір бөлігі мектептерде жүзеге асырылатындықтан, оларда бюджет қаражаты есебінен тегін негізде 44,4 мың бала 2 646 үйірме мен секцияға барады.

– Жолдауда Мемлекет басшысы «Үйлесімді тұлға мен жауапты азаматты қалыптастыру негіздері балалық шақта қаланады. Елдегі əрбір баланың бақытты жəне қауіпсіз балалық шағы болуы керек» деп атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында балалар жəне жастарға қатысты жайттарға назар аударамыз. Бүгінгі таңда Пришахтинскіде 600 орынға «Шабыт» оқушылар сарайының құрылысы аяқталуға жақын. 23 шағынауданның саябақ аймағында орналасқан заманауи талапқа сай ғимарат «Балаларды қорғау күнінде» пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, жыл соңына дейін Осакаровка кентінде қосымша білім беру орталығы ашылады, – деді Гүлбақыт Жүнісова.

Жазғы демалыс қайда өтеді?

Облыстық білім басқармасы ұсынған мəліметтерге сүйенсек, жазғы демалыс қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерінде, мемлекеттік 5 мекеме аясында жүзеге асады. Балаларға Қарағандыдағы – «Салют», Ақтоғай ауданындағы – «Алау», Балқаш қаласындағы – «Жас Қанат», Осакаров ауданындағы – «Есіл» ТЖБ, Қарқаралы ауданындағы «Таңшолпан» секілді сауықтыру орындары қарастырылған. Оған қоса, жекеменшік сауықтыру орындары арасынан Теміртау қаласындағы – «Алау», «Жас алаш», Бұқар жырау ауданындағы – «Қыран», Қарқаралы ауданындағы «Романтик» кешендері де балаларды асыға күтеді.

Балаларды тамақпен қамту мектеп жанындағы лагерьлер жəне бейінді мектеп жанындағы алаңдарда жүзеге асады.

– Өткен жылдан бастап, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржыландыруы есебінен «Жазғы демалыс» жобасы жүзеге асырылуда. Биыл оқуда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген жəне мектеп өміріне белсене араласқан ауыл мектептеріндегі 838 бала Астана қаласындағы «Назарбаев Университеті» жанындағы «Айналайын» лагері мен Қарағанды қаласындағы «Салют» балалар сауықтыру лагерінде демалады, – деді Гүлбақыт Жүнісова.

Медицина саласына тапсырыс ұлғайды

Биыл техникалық жəне кəсіптік білім беру жүйесінде кадр ларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы 8 700 орынды құрайды. Жергілікті бюджет есебінен (медициналық мамандықтарды қоспағанда) 6 700 орын жəне республикалық бюджет есебінен 2 000 орын бөлініп отыр.

– Облыстың техникалық жəне кəсіптік білім беру жүйесінде 54 колледж жұмыс істейді. Мамандарды даярлау 128 мамандық жəне 176 біліктілік бойынша жүзеге асырылады. Биыл медициналық мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырыс саны 700 орынға ұлғайды. Оқу жылының басынан 07140500 «Цифрлық технологиялар (түрлері бойынша)», 01140500 «Дене шынықтыру жəне спорт», 07161300 «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу жəне пайдалану», 07320100 «Ғимараттар мен құрылыстарды салу жəне пайдалану», 04120200 «Банктік жəне сақтандыру қызметі», 06130100 «Бағдарламалық қамтамасыздандыру (түрлері бойынша)», 02120100 «Интерьер дизайны» мамандықтары оқытылуда, – деді басқарма басшысы.

Техникалық жəне кəсіптік білім беру жүйесінде білім алғысы келетін мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына арналған жыл сайынғы кəсіптік жəрмеңке 1 сəуір – 15 мамыр аралығында өтеді.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button