Оқушыларды мектепке дайындауға 20 млрд теңге бөлінді
Қазақстанда жаңа оқу жылы қарсаңында «Жалпыға бірдей білім беру» қоры арқылы ата-аналардың есепшоттарына мектеп формасы, аяқ киім және оқу құралдарын сатып алуға шамамен 20 млрД теңге аударылды. Қолдау 430 мыңнан астам баланы қамтып, алушылардың үлесі 87%-ға жетті.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы көмек 500 мыңнан астам балаға көрсетіледі. Олардың қатарында жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар бар.
–Өңірлер ата-аналардың есепшоттарына қаражатты белсенді түрде аударуда. Көмек алғандар сатып алынған тауарларды растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс. Төлемді алу үшін өтініш жазу жеткілікті, – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Биыл «Жалпыға бірдей білім беру» қорының жалпы қаржыландыруы 23,1 млрд. теңгені құрайды. Төлем мөлшері өңірлік бюджетке сай, мәслихат шешімімен белгіленеді және бір балаға кемінде 46 228 теңгеден төмен болмауы тиіс. 2023 жылдан бері материалдық көмек көлемі 2,5 есеге өсіп, 17 мыңнан 46 мың теңгеге дейін артқан.
Жамал АКПАРОВА