Оқушылар – озық ойлы
Компьютерлік графика кескіндері бойынша өткен жас зерттеушілердің 17-ші ашық байқауы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Жас зерттеушілердің шағын ғылым академиясының Орталық Қазақстандағы бөлімі және қалалық білім бөлімі сайыстың өтуіне мұрындық болды.
«Сұлулық біздің айналамызда»және «Адамның ізгі істері» атылымдары бойынша қалалық балалар мен жеткіншектер сарайында өткен сайыста ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен байланысты компьютерлік графикаға негізделген бейнероликтер көрсетілді. Сайысқа облыс бойынша білім беру ұйымдарынан Абай, Саран, Шахтинск, Балқаш, Сәтбаев,Теміртау, Жезқазған, Қаражал, Приозерск қалалары және Бұқар жырау, Осакаров, Қарқаралы, Абай Шет, Ұлытау, Жаңаарқа, Ақтоғай аудандарының мектеп оқушылары қатысты. Жас ерекшеліктері бойынша (1-3 сынып, 4-6 сынып, 7-9 сынып, 10-11 сынып) сайысты.
Айта кеткен жөн, «Адамның ізгі істері» атты бейнероликтер аталымы – адамдық қасиеттердің маңыздылығына баулитын сайыс түрі. «Игі іс жасау көп адамның қолынан келеді. Кішкентай жақсы әрекеттің өзі үлкен қуаныш сыйлайды. Осы ретте, конкурстың мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің мейірімділік қасиетін, ынтасын арттыру. Ақпараттық технологияларды жағымды істерге пайдалануға үйрету, – дейді сайысты ұйымдастырушылар.
Ал, «Сұлулық біздің айналамызда» аталымында ұйымдастырушылар табиғатты сұлулық құралы ретінде таңдап алған. Эстетикалық және моральдық тәрбиенің бала үшін маңызды екенін көрсетіп, ең алдымен, мектеп жасынан мәдениеттілікке үйретуге бағыттайды. Табиғаттың сұлулығы арқылы нәзіктікке тәрбиелеу басты назарға алынған.
Жалпы, оқушылардың техникалық шығармашылығын зерделейтін конкурстардың мақсаты – жас зерттеушілерді жаңа қырынан танып, ынталандыру болып табылады. Зерттеушілердің инновациялық дамуына серпін беріп, ғылыми-техникалық шығармашылыққа баулу көзделген. Осы сайыстар барысында оқушылар барлығы компьютерлік графика, компьютерлік презентация, техникалық шығармашылық бойынша 425 жұмыс ұсынды. Байқау жеңімпаздарын анықтау барысында жас зерттеушілердің заманауи перспективалы шешімдеріне көңіл бөлінді. Білім көкжиегін дамыту мақсатында түрлі логикалық сұрақтар қойылды.
Конкурста 19 оқушы – І дәрежелі дипломмен, 24 оқушы – ІІ дәрежелі диплом, 37 оқушы – ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Өнертапқыштық, конструкторлық, жобалық зерттеу қызметімен танылған сайыстың 115 қатысушысына ҚР ШҒА ОҚБ -нің грамоталары мен сыйлықтары табысталды. Конкурс қатысушылары мен олардың жетекшілері Алғыс хатпен марапатталды.