Оқушылар оза шапты
Жеткіншектердің ақпараттық құзыреттілігін қалыптастыру және ақпараттық мәдениетін дамыту мақсатында информатика пәнінен Алматы қаласында өткен Еуразиялық олимпиадада қарағандылық оқушылар жүлдегер атанды. Білім бәсекесіне Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан мемлекеттерінен 200-ден астам оқушы қатысқан.
Олимпиада екі кезеңнен: сынақ және негізгі турлардан тұрған.
– Мен аталмыш олимпиададан екінші орын алдым. Информатика олимпиадаларына көптен бері қатысып жүргендіктен, маған аса қиындық туғызған жоқ, – дейді № 1 «Білім-инновация» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Абзал Бекежан.
Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернат-лицейінің 10-сынып оқушысы Әлішер Қазтаев та зияткерлік жарыстың күміс жүлдегері атанған.
– Қазан айынан бастап біз информатика олимпиадасына дайындала бастадық. Бірінші тур онлайн болды, ал екіншісі офлайн форматта өтті. Биылғы жылы өткен жылдарға қарағанда оңайырақ болды, – деп бөлісті Әлішер Қазтаев.
Сонымен қатар, Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернат-лицейінің 11-сынып оқушысы Асқар Айбасов та осы олимпиадада қола жүлдеге қол жеткізді.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ