Спорт

Оқушылар ой шынықтырды

Қарағанды техника-құрылыс колледжінде тоғызқұмалақтан облыстық «Ұлттық мектеп лигасы» өтті. Оған жалпы білім беретін мектеп және мамандандырылған мектеп-лицей-интернаттарының 5-6, 7-8, 9-11 сынып оқушыларынан 25 команда қатысты. Қатысушылар командамен сайысқа түсіп, жүйріктерді анықтады.

Аталған турнир жыл сайын ұйымдастырылуда. Әуелі турнирдің қалалық кезеңі өтеді. Одан іріктеліп шыққан команда облыстық кезеңге жолдама алады. Биыл қатысушылардың да қатары едәуір артқан.

Турнир ережесіне сәйкес әр команданың қарсыластары жеребе арқылы анықталады. Ал, команда мүшесі төрт ойыншыдан жасақталған. Әр команда мүшесі бір-бірімен кезек ойнап, жалпы ұпай жинайды. Жалпы ұпаймен жеңген команда келесі айналымға өте береді. Турнир қорытындысы бойынша 5-6 сынып оқушылары арасында Қарағандыдағы М.Жұмабаев атындағы гимназияның командасы үздік шықты. ІІ орынды Шет ауданының Мойынты жалпы білім беретін мектептің, ІІІ орынды Нұра ауданындағы Абай атындағы Шұбаркөл жалпы білім беретін мектептің командалары иеленді.

7-8 сынып оқушылары арасында өткен бәсекеде Бұқар жырау ауданынан келген С.Торайғыров атындағы тірек мектебінің командасы еншіледі. «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының командасы ІІ орын, Абай ауданының М.Мақатаев атындағы гимназияның командасы ІІІ орын алды.

9-11 сынып оқушылары арасындағы сайыста Бұқар жырау ауданының С.Торайғыров атындағы тірек мектебінің оқушылары қара үзді. Шет ауданының Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің командасы ІІ орын, Қарағанды қаласының №74 жалпы білім беретін мектептің командасы ІІІ орыннан көрінді.

Әр аталымда жеңімпаз команда маусым айында Алматыда өтетін республикалық сайысқа жолдама еншіледі.

– Оқушыларымның дайындығы керемет. Жаттығу жұмыстарын тыңғылықты жасаймыз. Әрі қателіктермен де жұмыс істейміз. Осы турнирде жасаған қателіктер де жоқ емес. Қазір команда мүшесінде Сұлтан Ескелді, Ғазиз Төлеген, Ажар Құлынтай, Іңкәр Дәулетқұл сынды 5-6 сынып оқушылары бар. Енді республикалық турнирге дайындаламыз, – деді М.Жұмабаев атындағы гимназияның дене шынықтыру пәні мұғалімі Нұрхат Тажкеев.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет автордан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button