Жаңалықтар

Оқушылар еңбегі ескерілді

Аймақтағы мектеп оқушыларын экологиялық жауапкершілікке тәрбиелеуге бағытталған «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы «Эко-қаһарман 2024» байқауы мәресіне жетті. Үздік командалар «Макулатураны жина – ағашты сақта», «Пластикті қайта өңдеу – планетаға ауа қажет» санаттарында, сондай-ақ, Instagram белсенділігі үшін арнайы аталымда айқындалды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Жоба облыстағы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы және «ВторСырье Қарағанды» ЖШС қолдауымен өтті. Екі кезеңде өткен байқау балалар мен жасөспірімдерге экологиялық ойлау негіздерін үйретті. Сондай-ақ, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырып, табиғатты қорғауда практикалық қызметке тартты.

Биыл қатысушылар екі санат бойынша бақ сынасты. Атап айтсақ, оқушылар «Макулатура жина – ағашты сақта!» аталымында макулатура жинап, тапсырды. Ал, «Пластикті қайта өңдеу – жерімізге ауа қажет!» бөлімінде пластик бөтелкелерді жинады.

– Жалпы байқауға 33 мектеп командасы қатысып, 3 573 келі макулатура мен 540 келі пластикалық бөтелке жинады. Қайта өңделген қалдықтардың едәуір мөлшері ластануды азайтуға көмектесті. Оған қоса қоқыстарды сұрыптау дағдыларын қалыптастыруға пайдасын тигізгенін атап өткен жөн. Бұл қазіргі экологиялық қиындықтар кезінде маңызды. Мектеп командалары әлеуметтік желілерде өз тәжірибелерімен белсенді түрде бөлісті. Мәселен Instagram-да байқаудың барысы туралы жалпы 501 хабарлама жарияланды. Мұндай жазбалар қатысушылардың өздерін, олардың жазылушыларын да шабыттандырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға түрткі болды, – деп атап өтті жоба жетекшісі Әлия Ескендірова.

Байқауда екі аталым бойынша 1 орынды Қарағандыдағы №45 гимназия оқушылары жеңіп алды. Сондай-ақ, байқауға белсенді атсалысқан №30, №16, №5, №36 мектеп оқушылары марапатталды.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button