Балқаш қаласында қоғамдық көлікке қызмет көрсету сапасын арттыру үшін осы жылдың соңында несиелеу және лизинг бағдарламасы аясында 22 автобус сатып алынады. Бұл туралы қала әкімі Сапар Сатаев мәлімдеді. Сондай-ақ, қараша айынан бастап, қалада eBay электрондық жол ақысын төлеу жүйесін енгізу жоспарлануда.
Қазіргі заманға сай смарт құрылғылармен жабдықталған көліктер қатары көбейеді. Сонымен қатар, Балқаштың оқушылары үшін екі арнайы автобус жолға шығады. Олар балаларды оқу орындарына уақытылы жеткізуді және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
– Әлеуметтік желілерде қалалық автобустардың кестесі мен маршруттарына қатысты көптеген шағымдар бар. Осы олқылықты жою үшін жұмыс істейміз. Бүгін қалалық тасымалдау қызметтерімен кеңес өткіздім. Нәтижелі диалогтан кейін біз екі арнайы мектеп бағытын құру туралы маңызды шешім қабылдадық. Бұл дегеніміз, қазір ата-аналар оқушыларды мектепке еш қиындықсыз жеткізе алады деген сөз, – дейді қала басшысы Сапар Сатаев.
Айта кетейік, қала әкімдігі мен тасымалдаушылар арасындағы кездесуден кейін маңызды шешім қабылданды. Автобустар сағат 07:00-де «Самал» шағынауданынан және жұмысшы кентінен шығып, қаланың тұрғын аудандарын аралап, балаларды мектепке жеткізеді. Ал, екінші ауысымдағы оқушыларды сол аудандарда сағат 13:10-да жинай бастайды. Жаңа қоғамдық көліктер алдағы уақытта қызмет көрсете бастайды деп жоспарлануда.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ