Оқушыдан басталған өзгеріс
Осакаров ауданындағы Әлихан Бөкейхан атындағы тірек мектебінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру нақты іс-әрекет арқылы жүзеге асуда. Мұнда оқушылар қоршаған ортаны қорғауды дәріс ретінде ғана емес, күнделікті дағды ретінде меңгеріп келеді.

Білім ордасында оқушыларға арналған интерактивті эковикторина ұйымдастырылып, табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған мазмұнды дәріс өткізілді. Шара мектептегі экологиялық тәрбиенің жүйелі әрі мақсатты түрде жүргізіліп келе жатқанын айқын көрсетті.
Қонақтарды мектеп парламентінің мүшелері қарсы алып, экскурсовод ретінде оқу ордасында жүзеге асырылып жатқан экологиялық бастамалар мен жобаларды таныстырды. Жас белсенділер «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының қағидаттары мектеп қабырғасында нақты істермен бекітіліп жатқанын көрсетті.
Шара барысында туған өлкенің экологиясына арналған балалар суреттерінің көрмесі көпшіліктің назарын аударды. Оқушылар шығармашылық жұмыстары арқылы табиғатпен үйлесімді өмір сүруге деген ұмтылысты, таза әрі жасыл болашақ туралы көзқарастарын бейнелеген.
Одан бөлек, мектептің қысқы бағында директор Мара Ақмағамбетованың жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан «Қайта өңделетін шикізаттан жасалған балалар өнері» экологиялық жобасы таныстырылды. Қайта өңделетін материалдармен жұмыс арт-студияда жалғасын тауып, оқушылар пайдаланылған заттарды креативті қайта қолданудың түрлі тәсілдерін меңгеріп келеді.
Экологиялық мәдениеттің маңызды бөлігі ретінде оқу орнында қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізілген. Мектеп аумағында пластикке, қағазға және шыныға арналған арнайы контейнерлер орнатылып, қоқысты сұрыптау оқушылардың күнделікті әдетіне айналған.
Қонақтар фаблаб-зертхананың жұмысына да ерекше қызығушылық танытты. Мұнда лазерлік жабдықтарды пайдалану арқылы дайындалған жобалар ұсынылды. Барлық жұмыстар туған өлкенің экологиясы мен өңірдің орнықты дамуына бағытталған. Жел диірмендерінің үлгілерінен бастап, болашақ ауыл шаруашылығына қатысты тұжырымдамаларға дейін қамтылған.
Іс-шара мектептің акт залында қорытындыланып, оқушылар үшін интерактивті викторинамен ұштасқан танымдық дәріс өткізілді.
– Мектебіміз экологиялық бастамаларға белсенді қатысады. Қалдықтарды қайта өңдеп, олардан түрлі бұйымдар жасаймыз. Кейін осы жұмыстардың көрмесі ұйымдастырылады. Экология тақырыбындағы сынып сағаттары мен дәрістер тұрақты түрде өтеді. Мұның бәрі оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді, – дейді 10 «Б» сынып оқушысы Алуа Серікбай.
Ал, оның сыныптасы Әдемі Мұхамеджанова жүргізіліп жатқан жұмыстың практикалық маңызын атап өтті:
– Мектепте пластик, қағаз және шыныға арналған бөлек контейнерлер қойылған. Біз қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуге жібереміз. Уақыт өте келе бұл қалыпты әрі пайдалы әдетке айналды, – деді ол.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»


