Білім

Оқушы университет грантын алды

Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңі 29 қараша мен 2 желтоқсан аралығында академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде өтті. Зияткерлік сайысқа еліміздің түпкір-түпкірінен келген 191 оқушы қатысты. Олимпиаданың ерекшелігі – бас жүлде алған оқушыларға еліміздің беделді жоғары оқу орындарында оқуға білім гранты беріледі. Олимпиадаға қатысып, білімін сынаған Қарағанды қаласы №2 Білім-инновация лицейінің 11-сынып оқушысы Аңсар Сейітқали Қазақстан-Британ техникалық университетінде оқуға грант жеңіп алды.

– Президенттік олимпиада – дарынды оқушыларды анықтауға көмектесетін және олардың әлеуетін іске асыруға жол ашатын бірегей жоба. Олимпиаданың алғашқы жеңімпаздарының бірі – Санжар Оразбаев zapis.kz электрондық журналдың негізін қалаушы және директоры, ал Ернар Самтиков Аризона штатының университетін «Биомедициналық инженерия» мамандығы бойынша бітіріп, «Айкүне» сау омыртқа орталығын басқарады. Тағы бір олимпиадашы, қазір Шымкенттің «Білім-инновация» лицейінің мұғалімі Нұрлан Сүйеуов «Үздік педагог – 2022» атағына ие болды. Мұның бәрі Президенттік олимпиаданың табысты өмірге трамплин ретінде қызмет ететінін көрсетеді, – деп атап өтті «Дарын» РҒПО директоры Әнуар Ұнайбеков.

Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша өткен олимпиаданың 35 жүлдегері Қазақстан-Британ техникалық университетінде, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде және Торайғыров университетінде оқитын білім грантын жеңіп алды.

Президенттік олимпиадаға Қарағанды облысынан сегіз оқушы қатысты. Олардың ішінен №2 Білім-инновация лицейінің 11-сынып оқушысы Аңсар Сейітқали және «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Аружан Бүтімбаева жүлдегер атанды. Аңсар Қазақстан-Британ техникалық университетінде оқуға грант жеңіп алды, ал Аружан олимпиадада жүлделі ІІІ орынға қол жеткізді.

– Олимпиададан керемет әсер алдым. Бұл мен үшін жаңа тәжірибе. Әдетте жіті дайындаламын, оған қоса қатты уайымдайтынмын, бірақ бұл жолы сабыр сақтау керек деп шештім. Жақсы нәтижеге жеткеніме және грант алғаныма өте қуаныштымын. Биыл мектеп бітіремін, қайда баратынымды шешу керек. Өмірімді химиямен және оқытумен байланыстырғым келеді, – деп бөлісті Аңсар.

Президенттік олимпиаданың жабылу салтанатында Е.Бөкетов атындағы ҚарУ ректоры Нұрлан Дулатбеков:

– Университет ұжымы атынан сіздерге ғылыми мақсаттарға қол жеткізуде табыс тілейміз. Осы олимпиаданың, сондай-ақ, басқа да республикалық, халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері атанған оқушыларға және болашақ 1-курс студенттеріне химия, математика, физика пәні бойынша Бөкетов университетінің белгілі ғалымдарының атаулы стипендияларын бөлу туралы мәселелер ғылыми кеңесте қаралатын болады, – деді Н.Орынбасарұлы.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

Ortalyq.кz

Басқа материалдар

Back to top button