Білім

Оқушы рационындағы жаңартулар

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында мектепте тамақтанудың жаңа стандарттары талқыланды. Адам капиталы, шағын және орта бизнес және сауданы дамыту бойынша үш кеңестің бірлескен отырысы өтті. Жаңа нормалар 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Сурет кәсіпкерлер палатасынан

– Мектеп асханаларының мәзіріне табиғи өнімдер – сүт сусындары, сүзбе, айран, құс еті, сиыр еті, қосымша өнімдер, бауыр, жұмыртқа, кесілген нан, йогурт, көкөністер, жемістер енуі тиіс. Осының бәрі әлеуметтік осал топтағы балалар үшін сапалы және теңгерімді тамақтануды қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінде бұл талаптарды кім, қандай жағдайда және қандай қаражатқа орындайтынын ашық талқылау маңызды. Біздің балалардың денсаулығына да, бизнестің тұрақтылығына да қауіп төндіруге құқығымыз жоқ, – деп атап өтті шағын және орта бизнес кеңесінің төрағасы Владимир Быков.

Түскі ас құны және талаптарды орындау мәселелері көтерілді. Жаңа стандарттарды Денсаулық сақтау министрлігі мен Тамақтану академиясы бекіткені атап өтілді. Олар міндетті, бірақ, іске асыру нақты аумақтардың мүмкіндіктерін ескеруі тиіс. Отырысқа қатысушылар мәселені әкімдіктер, бизнес және ата-аналар қоғамдастығы арасындағы диалогта шешу туралы ортақ пікірге келді.

Кеңес қорытындысы бойынша денсаулық сақтау басқармасы жанынан санитарлық қызмет, білім беру басқармасы, жеткізушілер, ӨКП және жұртшылықтың қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Оның мақсаты – өңірдің жаңа стандарттары мен мүмкіндіктеріне сәйкес келетін мектепте тамақтанудың теңдестірілген моделін әзірлеу.

– Біз стандарттардың формальды орындалуын емес, балаларымыздың шынайы дұрыс тамақтануын – бизнеске жүктемесіз және сапаны төмендетпей қамтамасыз етуге тиіспіз, – деп түйіндеді Владимир Быков.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button