Мінсіз мұғалім барлық оқушыны жақсы көруі керек
Мінсіз мұғалім ерекше білім беруді қажет ететін оқушымен де, тәртібі нашар, үлгерімі төмен оқушымен де жоғары көрсеткішке жете алатын маман болуы керек деп ойлайтынмын. Ал, шын мәнінде мінсіз мұғалім барлық оқушыны жақсы көруі керек екен. Расымен де, баланы табиғатымен қоса қабылдап, қателіктеріне құрметпен қарап, жеке дағдысы мен білімін дамытып, бағдар беру үшін ең әуелі махаббат керек.

Баланы тәрбиелеу үшін тек өз тәжірибемізді қолданудың мардымсыз екенін Мағжан Жұмабаев та айтқан. Сондықтан, бала тәрбиесіне келгенде өмір бойы білім алу маңызды.
Ескендір Бестайдың подкастын тыңдап, мамандығымның жаңа қырын, сабағымның қалтарыста қалған тұстарын байқадым. Нақтырақ айтсақ, оқушының жеке шекарасын бұзбай оқыту, қателесуге рұқсат беру қажет. Мәселен, сабақ үстінде тапсырманы жазбаған балаға айтылатын сөз де, қарым-қатынас та бұрынғыдай болмау керек. Осы жерде біз зер салып қарайтын бір жайт бар: «Не айтатынымыз – білім, қалай айтатынымыз – қабілет, айту-айтпау жағы – даналық». Иә, біз оқыған кітаптар бойынша қатені анықтау үшін айтуымыз керек. Ал қалай, қай жерде айту керектігі үлкенге де, кішіге де маңызды дағды.
Қазір, меніңше, білім емес, дағды көп рөл ойнайды. Оқушының сұрай алуы. Түсінбеген тақырыпты, қызықты дүниесін, тіптен айтқанда коммуникация құралы. Педагог үшін оқушының «Қалай жасаймын?» деген сұрағы қымбат тұрады. Үлкендердің де қолдауы керек, бала «Мен мынаны жасаймын!» дегенде, қолдау көрсетіп, дұрыс бағытқа жол сілтеу керек.
Бала жұмысын орындады делік, біз баға береміз. Қалай береміз? Әуелі талпынысыңды құрметтеймін деу керек. Қателіктері болса, тек жақсы жағын, осы тұстары дұрыс деп айту, ал дұрыс жасамаса, осылай жасағаның дұрыс деуіміз қажет.
Біз оқушыға өз қатесін анықтауға рұқсат береміз бе? Эдгар Дейлдің «CONE of Experitnce» оқығанда 10% есте сақталады, өзі айтып талқылау, өзі жасап көру 90% деген. Біз бұған оқушы өз қатесін өзі анықтай алуын қоссақ, ақпарат миға жақсы бекитін еді.
Қазіргі оқушылар мектепке 5 деген баға алу үшін немесе 2 алмау үшін келеді. Яғни, бағаға оқиды. Сабақ үстінде тапсырма жазған оқушы рефлексияда «Не сезіндің?» деген сұраққа бәрін ысырып, тек бес алғанына қуанғанын айтады. Осы жерде «Бұл пәнді не үшін оқимыз?» деген сұрақ туады. Бұл сұраққа мұғалім ғана емес, ата-ана да ойлануы керек.
Оқушының эмоционалдық интеллектісін дамытудың маңызы бар. Сабақ басында «Бүгінгі күннің қуанышы қандай?» деп сұрағанда оқушының бір рет болсын айтқан кері байланысы мұғалімнің есінде қалып, сонымен жұмыс істеу қажеттігі білінеді.
Қай жерде болмасын ойын айтып, өзіне не керегін таңдай білетін оқушы болса, соның өзі жетістік. Мұғалім өз сабағында жауапкершілікті сезінудің маңызын оқушыға үйретсе, оқушы өзінікін тексеріп, мында қателесіппін деп қайта сұраса ұстаз үшін бұдан асқан бақыт бар ма? Ұстаз қызметінің шыңы немен өлшенеді? Меніңше, кәсіби біліктілік, машық, құзыреттілік арқылы бір оқушының болса да, оқығанын саралап, өз жетістігін байқап, қабілетін шыңдай алса, ұстаз бақыты сол болмақ.
Сая ЕСМАХАН,
№12 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Балқаш