Оқулықта олқылық көп
Осы күні оқушының миын ашытып, оқытушыны білгенінен жаңылдыратын оқулық көбейді. Одан бала тұрмақ, ұстаздардың өзі зәрезап болғалы қашан?! Бір ғана биология пәніне арналған оқулықтан жүз түрлі қате кезіктіруге болады екен. Мұны өзгеден естіп білгенімнен емес, көзіммен көріп, осы оқулықты күнделікті сабақ барысында пайдаланған ұстаз ретінде айтып отырмын.
Қолымда 2013 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан 9-сыныптың биология пәні оқулығы. Авторы – М.Гильманов, А.Соловьева, Л.Әбшенова. Таралымы – 97000 дана. Бұл – оқулықтың өңделген үшінші басылымы. Өкініштісі сол, «өңделген» деген сөзді айтуға аузың бармайды екен.
Біріншіден, бұл оқулықтың тілі оқушының түсінуіне өте ауыр. Себебі, оқулық – аударма (калька). Оқулықты түсінбеген оқушының пәнге деген қызығушылығы жоғалады. Екіншіден, бұл оқулықта түсініксіз, жүйесіз сөйлемдер мен тұжырымдар өте көп. Мысалы, 45-беттің 9-шы параграфындағы «Тірі жүйелердегі зат және энергия алмасу типтері» тақырыбының 1-ші абзацындағы «Өйткені тірі жүйелер үшін, өлі табиғат энергияның арзан көздерін іздестіру мәселесі әлдеқайда маңыздырақ» сөйлеміне назар аударыңыз. Осындағы «энергияның» сөзінің орнына «энергиясының» болу керек сынды.
Осы тақырыптың 2-ші абзацындағы «Энергия пайдаланылатын ағзалар денесінің құрылысына арналған жарық энергиясын химиялық энергияға көшіретін икемді материалдар қолайлығы туралы мәселенің маңызы да аз емес» сөйлемінен оқушы не түсінеді? Өте ауыр құрылған сөйлем.
83-ші беттің екінші абзацында (түсінікті болу үшін алдыңғы сөйлемді қоса жазып отырмын) «Аналық» бактерия екі ДНҚ молекуласын құрамдастырып, соңынан қарапайым бөліну арқылы көбейеді. Қосылу арқылы көбеюге ұшыраған жасуша ұрпақтары ата-енелерінің екеуіне тән белгілерге ие болады». Алдыңғы сөйлеммен байланыстырып, «Көбею нәтижесінде пайда болған бактерия жасушасының бойында ата-енелерінің екеуінің де белгілері болады» деп өзгертсе, баланың түсінуіне жеңілірек болар ма еді?
85-ші беттің 19-шы параграфындағы «Гаметогенез және ұрықтану. Олардың биологиялық маңызы» тақырыбында «Ұрықтану соңынан тозаң түтікшесінде өну үдерісі басталады» деген сөйлем бар. Мұндағы «Ұрықтану» сөзін «Тозаңдану» сөзімен алмастыру керек. Себебі, ұрықтану процесі тозаңның тозаң түтікшесінде өну процесінен кейін жүзеге асады. Осы беттегі «Аналық жыныс жасушасы аналық аузындағы жатын ішінде болады, бұлар «ұрық қапшығы» деп аталады» деген сөйлем мүлдем қате жазылған. Дұрысы былай болу керек еді – «Аналық жыныс жасушасы жатында дамитын тұқымбүршігінің ішіндегі ұрық қалтасында болады».
Құрастырушылар 106-шы беттегі бірінші сөйлемді «Мендель бұдан соң Венаға көшіп барып, белгілердің неліктен болатынын Мендельге дейін ешкім анықтауға ұмтылыс жасамады деп ойлауға болмайды» деп жазады. Бұл сөйлемде бірінші сөйлемнің басына екінші сөйлемнің аяғы жалғасып кеткен тәрізді.
107-ші беттегі 6-шы кестенің астында, осы кестені түсіндіру барысында оқушыны жаңылыстыратын «2-ші топты иеленушілерде басым В аллель болады, демек, гомозиготалық күйдегі генотипі ВВ ретінде, ал гетерозиготалық күйі ВО белгісімен белгіленеді» деген мәтін бар. Дұрысында, бұл тұжырым үшінші қан тобына жазылу керек. «3-ші топтағы адамдарда А белгісімен белгіленетін тағы бір басым аллель бар, олардың гомозиготалық күйіндегі генотипі ВВ» деген сөйлемінің алғашқы жартысы (үтірге дейін) – екінші қан тобының тұжырымы. Сөйлем үтірден кейін «олардың гомозиготалық күйдегі генотипі АА, ал гетерозиготалық күйі АО белгісімен белгіленеді» деп аяқталуы керек еді.
Сондай-ақ, 108-ші беттегі «Басылыңқы аллельдің бар-жоғын дәлме-дәл анықтау үшін басылыңқы гомозиготасы бар будандастырады да талдағыш будандастыру деп атайды» деген сөйлемнің дұрысы «Басылыңқы аллельдің бар-жоғын дәлме-дәл анықтау үшін генотипі белгісіз дараны басылыңқы белгісі бар гомозиготалы дарамен будандастырады да, талдағыш будандастыру деп атайды» болу керек.
Тақырып соңындағы сынақөтем сұрақтарында да жүйесіздік байқалады. Мысалы, 129-шы беттегі 26-шы сұрақта «Моногибридтік будандастыру кезінде екінші буын ұрпақтарының генотипі бойынша Мендельдің ыдырауды байқауы» деп жазылыпты. Оқушы бұл сұраққа жауап беру үшін сөйлемді қайта-қайта оқып, мәселе «Ажырау заңы» туралы екендігін әзер түсінеді немесе көпшілігі мүлде түсінбейді. Ал, «Мендель тәжірибелерінде түс және пішіндерінің хромосомаларындағы гендер» деген 27-ші сұрақтағы «түс пен пішіндер хромосомасы» дегенді оқушы тұрмақ, өзім де түсінбедім. «Түс» және «пішін» деген сөздерге қарап, бұл сұрақтың жауабы «Мендельдің үшінші заңы – тәуелсіз тұқым қуалау заңы» екен деп болжадым. Әлде, қате түсіндім бе?
184-ші беттің 39-шы параграфындағы «Эволюциялық үдерістегі өзгергіштіктің ролі» тақырыбында ешқандай нақтылық жоқ. Бұл тақырыптағы үшінші, төртінші абзацтағы мәтіндер қайталанып, оқушыны шатастырады.
Бұл оқулық қайта редакцияланып, басылмасы белгілі. Десе де, жаңартылған білім мазмұны бойынша жарық көретін жаңа оқулықтарда осы олқылықтар орын алмаса дейміз. Ең бастысы – оқулықты қазақша ойлап жазған жөн болар. Сондай-ақ, терминдердің бірізділігі сақталу мәселесі де ескерілсе екен.
Гүлшахар КӨБЕЕВА, аудандық білім бөлімінің әдіскері.
ЖАҢААРҚА ауданы.