«Шахтер» футбол клубының Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарының бірінші кезеңі аяқталды
Қарағандылық «Шахтер» футбол клубының Түркияда өтіп жатқан оқу-жаттығу жиындарының бірінші кезеңі аяқталды. Жерлестер оқу-жаттығу жиыны барысында екі жолдастық кездесу өткізген болатын. Өткен жолы Мажарстанның «Будапешт Гонвед» клубымен кездесіп, 2:0 есебімен жеңген еді. Бұл жолы Косовоның «Фероникели» клубымен ойнап, тең түсті.

Жалпы, қарсыластар – Косовоның Бірінші лигасында ойнайтын кәсіби клуб. 2014-2015 жылғы маусымның чемпиондары. Сол жылы алғаш рет өз тарихында ел чемпиондары атанып, кубокты төбелеріне көтерген. 2016 және 2019 жылы сол жетістігін қайта қайталап, алғаш рет өз тарихында УЕФА чемпиондар лигасының квалификациясына жолдама алады. «Фероникели» – үш дүркін Косово чемпионы. Әрі үш дүркін Косово Кубогының иегерлері. Жерлестер Түркия төрінде жоғары ойын-өрнегін көрсетіп, тең нәтижемен тарқасты.
Ойынның 9-минутында «Шахтер» қорғаушысы Ален Аймановта есеп ашатын тамаша мүмкіндік болып еді. Шабуыл барысында қарсыласынан доп алып, қақпаға соққы жасаған. Дегенмен, доп аяғына дұрыс түспей, жасаған соққысы жойқын шықпады. Ал, қарсылас қақпашысы ешқандай қиындықсыз допты қағып алды.
23-минутта қарсыластардың есепте алға шығатын керемет мүмкіндігі болды. Жартылай қорғаушы Бахтири Крешник «Шахтер» қақпашысы Никита Килджиевпен жеке шығып еді. Алайда, жерлестер сапынан қорғаушы Роман Божко қарсылас команда ойыншысын жейдесінен тартып, шабуылды бөгеді. Нәтижесінде, төреші Романға «қызыл» қағаз көрсетіп, алаңнан қуды. Ал, қарсыластар бұл мүмкіндікті мүлт жіберіп алды.
«Шахтердің» 50-минутта тағы да гол салатын мүмкіндігі туды. Оң қапталдан әуелете көтерілген допты қарсылас команда қорғаушылары кері қайтарып еді. Осы тұста кері қайтқан допқа бірінші болып жеткен Аңсар Алтынхан қақпаға соққы жасаған. Алайда, доп әріптесі Дәулет Зайнетдиновқа тиіп, алаңнан шығып кетті.
Осылайша жерлестер Түркиядағы оқу-жаттығу жиындары аясында өткен екінші жолдастық кездесу матчында қарсыластармен тең ойын өткізді. Енді жерлестер бір апталық демалысқа шықты. Бір аптадан соң оқу-жаттығу жиындарының екінші маусымын бастайды. Екінші маусымы да Түркияда өтпек.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



