Оқу бағдарламасына өзгеріс енгізіледі
Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы аясында тіл саясатын іске асыруды қолдайтын арнайы бағыт бойынша атқарылатын жұмыстар туралы айтылды. Соның ішінде мектеп бағдарламасындағы өзгеріс – мектептегі «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндерінің оқу бағдарламасына өзгерістер енгізілетіні мәлім болды.
– Біріншіден, жалпы орта білім беру деңгейіндегі «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» және қазақ тілінен басқа тілде оқитын оқушыларға арналған «Қазақ тілі және қазақ әдебиеті» пәндерінің оқу бағдарламаларына тиісті өзгерістер енгізілетін болады. Нәтижесінде қазақ тілін оқыту әдістемесі жетілдіріледі. Мұғалімдері даярлау және олардың біліктілігін арттыру, оқулықтар әзірлеу жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде дебаттық турнирлер өткізіледі. Мемлекеттік тілде ІТ-өнімдерді әзірлеу, енгізу және шығару қолға алынады. YouTube видеохостингінде мемлекеттік тілде танымал анимациялық фильмдерді дубляждау және орналастыру жұмыстары жүргізілетін болады, – деді ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба.
Демек, «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» пәндерінің оқыту әдістемелері, оқытудың озық технологиялары оқу процесіне енгізіледі. «Қазақ әдебиеті» пәнінен әдеби білім мазмұнын беруде логикалық бірізділік, жүйелілікті сақтап, білім алушылардың бойына ұлттық-рухани, адамгершілік, мәдени-эстетикалық құндылықтарды дарытуға баса назар аударылады. Сондай-ақ, тағы бір жағымды жаңалық – оқушыларға «Әлем әдебиеті» жеке пән ретінде оқытылады. «Қазақ әдебиеті» пәні мазмұнында әдебиет тарихы кезең-кезеңімен оқытуға енгізіліп, шығармалардың жанры жүйеленеді. Ал, «Қазақ тілі» пәні бұдан былай функционалдық-коммуникативтік тұрғыдан және грамматиканы оқытуға негізделеді. Бұл пәннің мазмұны тілдік білімді бағалаудың халықаралық, Еуропалық стандарттарына негізделіп, бағыт-бағдарға алынады.
«Орта мектепте қазақ тілін оқыту» нәтижесі Ұлттық тест жүйесі арқылы анықталады. Қазіргі уақытта отандық оқулық әзірлеуші авторлар іріктелуде.
Әзірленетін оқулықтардың сапасын қамтамасыз ету үшін бейіндер бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктерді, жұмыс берушілер қауымдастықтарын (кәсіпорындарды), сондай-ақ, жоғары оқу орындарының көмегімен сараптама жүргізу жоспарланған. Әзірленген оқулықтардың мазмұны мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, оқу бағдарламаларына және қазіргі заманғы талаптарға сәйкес дайындалатын болады.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.