Жаңалықтар

Оқшауланған сәбиді ортаға бейімдеген

Бұл жанды «ерекше назарды талап етер бала жүрекке үміт пен сенім сыйлаған аға» деп біледі маңайы. Нұрлан Мұхатаев – «Нұрби» үлгілі хореографиялық ансамблінің жетекшісі. Ол қазір өз қалауымен және тегін түрде аутизммен ауыратын кішкене бүлдіршіндерді биге баулуда. Тек бимен шектелмейді. Арнайы үйірмеде Нұрлан Мұхатаев шеңбер ішінде қалған бала санасын дамытуды, оларға қоршаған ортамен етене араласуға жол ашуда.

Сурет: облыс әкімдігінің сайтынан

– Алғашында осында маған ұсыныс түскенде бас тартқан едім. Кейін ол балалардың ата-аналары басқа ақылы үйірмелерге айына 17-18 мың теңге төлейтіндерін естіп, көмек бергім келді. Қазіргі таңда балалар маған қатты бауыр басты. Өздерін алғашындай емес, еркін ұстап, би қимылдарына ғана ден қоя бастады. Ата-аналар да бастапқыда балаларының мінезін айтып, уайымдап бітетін. Қазір «Нұрлан ағай» деп алғыстарын жаудырып жатады.

Әрине, мұның барлығы алғыс пен абырой алмаққа емес, ел болашағына кішкене болсын қосқан үлесім деп білемін, – дейді Нұрлан Мұхатаев.

Расында, Нұрлан Мұхатаев бес жылдан астам уақыт бойы қарағандылық қарт ана, қыз-келіншектерді билеуге үйретіп жүрді. Енді, міне, жарты жылдың мұғдары ерекше балаларға да жәрдемін аямауда.

– Қызым бұрын ешкіммен тіл қатып сөйлеспейтін. Бой жазып ойнап, балаға ұқсап еркелемеуші еді. Қазір барлығы басқа. Ол үйірмеге асығып, қызыққа қуанып, өзінің ойын ортаға сала бастады. Нұрлан ағайдың әрдайым жүзінде күлкі мен мейірім жүреді. Баланы бірден баурап алады мінезі. Алғысымыз шексіз, – дейді би үйірмесі тәбиеленушісінің анасы Рысжан Жәнібекова

Нұрлан Мұхатаевтың «екінші үйі» атанған Жаңа Майқұдық мәдениет үйіне балалармен қатар зейнет жасындағы әжелер де жиналады. Олар да Нұрланнан дәріс алып, қимыл-қозғалыстарына мән беруде. Биыл оның үлгілі «Нұрби» хореографиялық ансамблі 20 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бүгінгі таңда Нұрланның жетекшілігімен бимен 3 жастан 80 жасқа дейінгі екі жүзден астам адам айналысады.

– Негізі алғашқы білімім бойынша режиссермін, театрда актер болып жұмыс істегенмін. Одан соң циркте жұмыс атқардым. Ал, бұдан 20 жыл бұрын мен өз ансамблімді құрдым. Содан бері «Нұрби» – менің бүкіл өмірімнің басты туындысы, – дейді Нұрлан.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button