Бас тақырып

Оқшау әрекет емес, ортақ мүдде керек

Қазақстан халқы Ас­сам­­блеясының XXXIII сес­сия­сында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге қауіп төндіріп тұрған әлеуметтік кеселдермен күресу – ұрпақ болашағы үшін айрықша маңызды екенін атап өткен болатын. Осы орайда нашақорлық, ойынқұмарлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық секілді кеселдермен күресу, олардың алдын алу бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясына зор міндет жүктеді. Президент тапсырмасына орай, Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің көшпелі «Нашақорлық – тұрақтылыққа төнген қатер» тақырыбындағы семинары Қарағандыда өтті. Сонымен қоса, аталған шара Ассамблеяның 30 жылдығына орайластырылды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Нашақорлықпен күрестің алдыңғы шебінде

Семинар жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайтуға және әлеуметтік қауіпті құбылыстардың алдын алуға бағытталған «Салауатты сана» жобасын талқылаудың негізгі алаңына айналды. Ауқымды шараға Президент Әкімшілігінің, Бас прокуратураның, ІІМ, Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктерінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары, өңірлік Аналар кеңесі мүшелері, Үкіметтік емес ұйымдар және сарапшылар қатысты.

Аталған шара алдымен Қарағанды медицина университетінен бастау алды. Мұнда ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, ҚХА республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанай және Қазақстанның әр облысынан келген Аналар кеңесінің басшылары қатысты.

Келелі жиында ұлт денсаулығына, отбасы құндылықтарына және қоғам тұрақтылығына нұқсан келтіретін әлеуметтік қауіпті кеселдердің, соның ішінде нашақорлықтың алдын алу мәселесі кеңінен талқыланды.

Нашақорлыққа қарсы күрес ең алдымен оның мамандарын даярлаудан, кеселге шалдыққандарды емдеп, салауатты өмір салтына бейімдеуден басталады. Бұл тұрғыда ел көлемінде жүйелі әрі тиянақты жұмыс жүргізіп жатқан мекеме – Қарағанды медицина университеті. Оқу орны құзыретті дәрігер-наркологтарды қалыптастыруда зор міндет атқарып келеді. Мәселен, 5 жыл ішінде университеттің неврология, психиатрия және реабилитология кафедрасы 74 психиатр-нарколог мамандарды дайындады. Оның 95 пайызы еліміздің түпкір-түпкіріне жұмыс істеп жүр. Ал, 5 пайызы әртүрлі себептермен шетелге кететін көрінеді.

– Біздің симуляциялық орталықта шын өмірде кездесетін жағдайларға сай оқыту сабақтарын өткіземіз. Дәрігер-наркологты даярлау – ұзақмерзімді процесс. Біз оларды 9 жыл оқытамыз. 7 жыл жалпы практика дәрігері дайындалады, содан кейін 2 жыл резидентура оқиды. Бұл өте ұзақ процесс болғандықтан, дәрігер-наркологтар – сирек кездесетін, бірегей мамандар, – деді Қарағанды медицина университетінің ректоры Бақыт Көшерова.

Облыстық психикалық денсаулық орталықтарымен оқу орны өте жақсы қарым-қатынас орнатқан.

– Студенттер іс жүзінде толықтай сол базада білім алады. Бұған қоса, өңірлердегі барлық психикалық денсаулық орталықтарымен келісімшарт бар. Білім алушыларды іс-тәжірибелік интернатураға, резидентураға жібереміз. Бұл олардың болашақ мамандығын тереңірек түсінуіне мүмкіндік береді. Науқастарды қалай емдеу қажеттігін біліп, алдын ала үйренуі үшін өте қажет, – деді ректор.

Медициналық университет нашақорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ауқымды ғылыми және білім беру бағдарламасын іске асыруда. Есірткі заттарын анықтау бойынша зертханалық талдау жасайды, диагностика мен алдын алудың инновациялық әдістерін енгізеді, тәуелділікті емдеп қана қоймай, жастармен және ата-аналармен тәрбие, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге қабілетті жаңа буын мамандарын, психолог, аддиктолог дәрігерлерді дайындайды.

Семинар барысында қандағы есірткі заттарын талдау мен анықтаудың заманауи технологиялары көрсетілді. Сондай-ақ, есірткі қолданған мас күйдегі жүкті әйелге, жаңа туған нәрестеге және жасөспірімге шұғыл көмек көрсетудің практикалық көрсетілімі болды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қарағанды облысы ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі, профессор Вилен Молотов-Лучанский Қарағанды медицина университеті мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдары қоғамда теріс құбылыстарға қарсы тұруға төзімділік қалыптастыру үшін бірлесе атқарып жатқан жұмыстың маңызына тоқталды.

Басты ұстаным – саналы қоғам құру

Делегация облыстық полиция департаментіне қарасты отбасына көмек көрсету орталығына да ат басын бұрды. Олар орталықтың атқарылған жұмыстарымен және жоспарларымен танысты. Арнайы мамандармен жабдықталған бөлімдердің міндеттері жөнінде хабарланды.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанай Аналар кеңесі қоғамдық сананың қалыптасуына және күрделі мәселелердің шешілуіне ықпал етіп жатқанын айтты.

– Республика бойынша орталықтарда 16 мыңнан астам ана жұмыс істейді. Аналар кеңесі саналы қоғам құруды мақсат тұтады. Сонымен қатар, еліміздегі күрделі мәселелерді шешу жолында нәтижелі жұмыстар атқарып келеміз. Мәселен, Аналар кеңесі әскердегі суицид мәселесі бойынша зерттеу жүргізді. Нәтижесі мынандай болды: әскердегі суицидтің 80%-ы лудоманияның кесірінен болады екен. Яғни, қарызға белшесінен батқан азаматтар әскер қатарында жүргеннен небір қиындықтарға тап болады. Отбасы өкілдерінің немесе берешегін талап еткендердің тарапынан түрлі қысым жасалады. Бұның барлығы сарбаздың психологиялық жағдайына әсер етеді. Аналар кеңесінің тарапынан әскерге немесе әскери оқуға баратын азаматтардың берешегін тоқтата тұру мәселесін көтерген еді. Қағылған дабылға үкімет құлақ асып, былтыр заң қабылданған. Бүгінде азамат әскерден оралғанша берешегі тоқтатылады. Оралғаннан кейін де жұмысқа орналасып, қаржылық жағдайын реттегенше 3 ай уақыт беріледі, – деді Назипа Шанай.

Қарағандыдағы отбасына көмек көрсету орталығында анаға да, балаға да жан-жақты көмек көрсетуге жағдай жасалған. Басты міндеті – отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу. Облыстық полиция департаментінің отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, подполковник Гүлбану Рәтайқызы мұндай орталықтар озбырлыққа ұшыраған дәрменсіз жандарды қорғауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Мәселен, отбасында ішімдікке, есірткіге тәуелділер болса, орталықта оларға психологиялық көмек көрсететін білікті мамандар бар. Үнемі жанжал шығаратындармен де жұмыс істейміз. Жалғызбасты аналар алимент ала алмаса, орталыққа жүгінеді. Орталықтағы заңгерлер сот арқылы мәжбүрлі түрде төлету жолдарын қарастырады. Отбасындағы басқа да проблемаларды шешуге көмектеседі. Орталықта отбасыларға жәрдемдесетін 12 маман бар, – деді Гүлбану Рәтайқызы.

Орталық жұмысын таныстыру іс-шарасына Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанттары да қатысты. Бұл курсанттар отбасылық мәселелерді шешуге бағытталған арнайы кафедрада білім алып жатыр. Олар делегацияға мамандықтарының маңызы мен атқаратын міндеттері туралы айтып берді.

Жастардың жігерлі қадамы

Одан кейін Аналар кеңесінің өкілдері облыстық Жастар ресурстық орталығына барды. Орталық директоры Аслан Қабегенов кеңес мүшелерін арнайы қарсы алып, Esbol qory-ның жаңадан ашылған фронт-офисімен таныстырды. Сонымен қатар, орталықтың жұмысымен кеңінен таныстырып, мүмкіндігін сөз етті.

Esbol qory – есірткіге қарсы жұмыс істейтін ауқымды қор. Бүгінде дәл осы қордың ел бойынша үш фронт-офисі бар. Үшіншісі – күні кеше ғана ашылған Қарағандыдағы офис екен. Дегенмен, бұл офис басқа өңірлердікіне қарағанда ең үлкені көрінеді. Сәйкесінше, атқаратын жұмысы да ауқымды, талап та қатаң.

– Бүгінгі іс-шара жай ғана фронт-офистің ашылуы ғана емес. Керісінше, игі істің бастамасы деп білемін. Әрине, қордың мақсаты – айқын. Жыл соңына дейін 200 жаспен психологиялық, әлеуметтік қолдау шарасын өткізуді көздеп отырмыз. 70-ке жуық волонтерді тартып, олармен бірлесе жұмыс жасау қажет. Сонымен қатар, өңірдегі онлайн және офлайн режимде есірткі сататын нүктелерді жауып, құқық қорғау орындарына табыстаймыз. Әрине, бұл жұмыстардың бәрі полиция департаментімен бірлесіп жасалады, – деді облыстық Esbol qory қорының басшысы Мерейлі Жақсылық.

Мерейлі Жанболатқызының сөзіне сүйенсек, мұндағы мамандар 14-35 жас аралығындағы жастармен жұмыс істейтін көрінеді. Яғни, тренингтер, семинарлар мен кездесулер дәл осы жаңа офисте өтеді. Жоспар бойынша айына 15 рейд жүргізілуі тиіс.

Жаңа офистің ашылуынан кейін кеңес мүшелері Жастар орталығын аралап қайтты. Ондағы дыбыс жазу студиясымен, подкасттарды жазу, дәріс оқу аймағын тамашалап, ол жердегі мүмкіндіктермен танысты. Сонымен қатар, қонақтарды жас қолөнершілер күтіп алып, түрлі дизайнда безендірілген туындыларын паш етті.

Фронт-офис тек кеңес беріп, ақпараттық қолдаумен шектелетін алаң емес. Керісінше, әр жастың шығармашылық қабілетін шыңдап, білімін арттыруға мүмкіндік беретін үлкен алаң болмақ.

Нашақорлыққа қарсы қалқан

Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің «Нашақорлық – тұрақтылыққа төнген қатер» республикалық семинарының пленарлық отырысы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың және орталық мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен жалғасын тапты.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл жиынның өзектілігіне тоқталып, нашақорлыққа қарсы күрестің нақты амалдарын бірлесе ой елегінен өткізіп, әр отбасының, әр азаматтың үні ескерілетін ортақ шешім қабылдаудың маңызды екенін айтты. Сондай-ақ, облыс көлемінде жастардың әлеуметтік кеселдерден аулақ болуына, оның алдын алуға бағытталған бірқатар жұмыс жасалып жатқанын атап өтті.

– Басты қару – жаза емес, дұрыс бағдар қалыптастыру. Біз осыған орай жастардың рухани даму, спорт, шығармашылықпен айналысуына көңіл бөлеміз. Өңірде футбол академиясы салынуда, шахмат қозғалысын дамытып жатырмыз. «Кітап оқитын ұлт», «Тұлпар мініп, ту алған» жобалары іске асырылуда. Жастар үшін Community-орталық аштық, гранттық бағдарламаны іске қостық және «Жасыл ел» жобасы бар. Бұл бастамалардың барлығы инфрақұрылым ғана емес, бұл – жастарға өз әлеуетін іске асыруға, ел үшін өзінің маңыздылығын сезінуге көмек беретін жүйе. Ал бұл, түптеп келгенде, ең сенімді профилактика болмақ. Қоғам мен билік иық тірестіре жұмыс істегенде ғана болашақ ұрпақты қорғай аламыз. Бүгінгі кездесу соның айқын дәлелі болып отыр, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанай республика бойынша нашақорлыққа қарсы күресте Қарағанды облысының белсенді жұмыс жасап жатқанын айтты. Бүгінде өңір ел бойынша үшінші орында тұр.

Семинар спикерлері нашақорлыққа қарсы күресте ерте профилактика, психоактивті заттардың айналымын қатаң қадағалау, оңалту жүйесін дамыту, сондай-ақ ата-аналар мен жастардың белсенді қатысуы маңыздылығын талқылады.

ҚР Президент әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Анастасия Щегорцова нашақорлықтың алдын алуда мемлекеттік және қоғамдық бастамаларды біріктіретін институт ретінде қоғамды шоғырландырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөліне баса назар аудара отырып, осы жиында Ассамблея төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың құттықтау сөзін жеткізді.

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің бастығы Ақмарал Қыдырова медициналық ұйымдарда есірткіге тәуелді 18 мыңға жуық адам динамикалық бақылауда тұрғанын айтты. Оның ішінде жасөспірімдер бар.

– Есірткіні алғаш рет қолдану жасы көбіне 13-15 жас аралығындағы жасөспірімдерге тиесілі. Зерттеулер дәлелдегендей, жасөспірім үшін ең мықты қорғаныс факторы – ол отбасы. Ата-ана мен бала арасында сенім, көңіл бөлу және ашық әңгіме болған жерде есірткіге тәуелділікке ұрыну қаупі бірнеше есе төмендейді, – дей келе, қоғамның бірігуі нәтижесінде ғана мұндай қиындықтарға төтеп бере алатынымызды айтты Ақмарал Бекесқызы.

ҚР ІІМ Есірткі айналымына қарсы іс-қимыл комитетінің өкілі Алмасхан Садыханов есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес туралы баяндама жасап, есірткі зертханаларын жою, интернет-ресурстарды бұғаттау және осы саладағы қылмыстар санын азайту нәтижелерін атап өтті.

Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов жасөспірімдер арасында білім беру және нашақорлықтың алдын алу, мектептерде салауатты өмір салтын қалыптастыру және өскелең ұрпақтың жауапкершілігі бойынша жүйелі бағдарламаларды енгізу қажеттігін атап өтті.

Қарағанды облысы бойынша медициналық-фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Ольга Смирнова өз сөзінде дәрілік заттардың айналымын бақылауды қатаңдату жөніндегі шараларды, тәуелділікті ерте анықтау және оңалту орталықтары желісін дамыту қажеттігін алға тартып, мәселенің медициналық аспектісіне тоқталды.

Семинарға қатысушылар нашақорлық медицина мен білім үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін де қатер екенін, сондықтан оған мемлекет пен азаматтық сектордың күш-жігерін біріктіру арқылы ғана қарсы тұруға болатынын атап өтті.

Шара соңында нашақорлықпен күресте белсенділік танытып жүрген өңірлік Аналар кеңесінің мүшелері мен қоғам белсенділері марапатталды.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ерік НАРЫН,
Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button