Медицина

Оқшау әлем балалары

Былтыр жыл соңында жұмысын бастаған «Асыл мирас» аутизм орталығының алғашқы курсы аяқталуға жақын. Осы уақыт ішінде орталық жүзге жуық баланы оқытты, күнделікті дағдыларын қалыптастырып, барынша қоғамға бейімдеді. Бірі әжептәуір ілгеріледі, келесісі сөйлей бастады, енді бірінің қолын жуып, тісін өзі тазалауы да жетістік. Аутист бала басқа әлемде жүргендей күй кешеді. Ол өзгемен араласпайды, ойнамайды, эмоциясын білдірмейді, көзін тоқтатпайды, атына да қайырылмайды. Бұл – мамандар айтатын негізгі белгілер. Оны осы оқшау әлемнен ерте алып шықса, қоғамның қалыпты азаматына айналуы бек мүмкін. Сондықтан, олар аутизм спектрінің бұзылуын емдейміз дегеннен гөрі, оқыту, баулу деп біледі.

Юлия Шерстобитова – орталық әдіскері. Ол орталық жұмысы алты бағдарламаға негізделгенін, әр бағдарламаның өз педагогі бар екенін және өзі де бір бағдарламаны жүргізетінін айтты.

– Орталық 1 жастан 18 жасқа дейінгі аутизмі бар балалармен жұмыс істейді. Егер, ата-ана баласының бойынан аутизм белгілерін байқаса, біздің кеңеске жүгіне алады. Ол үшін кезекке тұрса жетіп жатыр. Егер диагностика кезінде АСБ нақтыланса, ПМПК арқылы жолдама алып, курсқа келеді, – дейді ол.

Диагностика әр баланың жағдайын жеке қарап, тиісті бағдарлама ұсынады. Мәселен, 1-3 жастағы балалар ерте қолдау бағдарламасына барады. Өз қажетін орындай алмайтын балалар өмірлік дағдылар бағдарламасына барады. Онда қол жуудан бастап, төсек жинау, шай қою, киімдерін бүктеу сияқты әрекеттерді үйретеді. Оқыту дағдылар, әлеуметтік дағдылар, сөйлеу дағдылар бағдарламаларының өз бағыты бар.

– Қарқынды курс бағдарламасы бар. Ол үш ай емес, 10 күнге созылады. Оған сырттан келетін балалар қатысады. Осакаров ауданынан бір бала келді. Қазір Ақадырдан келген бір бала бар. Негізі, балалар бағдарламада аптасына үш реттен 36 сабақ өтеді, – дейді Юлия Викторовна.

Сенсорлық залда иістерге, сезінуге, түстерге басымдық беріледі. Мәселен, ауыр жамылғы бар екен.

– Кейбір балалар өз денелерін сезінбейді. Сосын біз осы көрпешемен үстін жауып қоямыз. Балалар үй жасайды, кедергілерден өтеді, жалаң аяқ түрлі еден жабындыларын басады. Баланың айналасын сезініп білуі үшін түрлі иістер де бар, – деп ол құтыларды ашып иіскетті. Дәмдеуіштер ісі анық сезілді.

Бағдарламада балаларды ынталандыру әдістері де бар екен. Дұрыс орындалған тапсырма үшін балаға бір «сыйлық» беріп отырады. Ол кәмпит не ойыншық болуы мүмкін. «Бірақ ол үйде болмауы шарт»,– деп ескертті әдіскер. Қыштан заттар жасау мүмкіндігі де бар. Балалардың ұстаздарымен жасаған құмыралары мәжіліс залында тізіліп тұр.

Қазіргі уақытта аутизмге қарсы мақұлданған дәрі жоқ. Биологиялық терапияны қоса алғанда таза медициналық емдеу түрі де жоқ. Оны емдеудің негізгі әдістері – мінез-құлық, білім беру және психологиялық араласулар сияқты дәрілік емес тәсілдер. Әдетте бұл әдістер денсаулық сақтаудан тыс ұйымдастырылады және психологиялық, әлеуметтік және білім беру бағытына ие. Оларды арнайы оқытылған маман болмаса, кез келген педагог үйрете алмайды, сол сияқты мамандар ғана бала ерекшеліктеріне қарап аутизм диагнозын растай алады. Сол себепті де республикада, аймақта да психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, оңалту, аутизм орталықтары, инклюзияны қолдау кабинеті көптеп ашылуда. Білім басқармасының мәліметінше, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды ерте диагностикалау мен қолдау үшін облыс көлемінде бес психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру орны, сегіз психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, екі оңалту орталығы жұмыс істейді. 2025 жылға дейін Саран, Балқаш қалалары мен Шет, Нұра, Бұқар жырау, Ақтоғай аудандарында түзету кабинеттерін ашу жоспарланған. Олардағы мамандарды оқыту да үлкен мәселенің бірі. «Асыл мирастың» барлық педагогтері оқудан қол үзбейді.

– Алматыдағы ресурстық орталық мамандары күнделікті оқыту жүргізеді. Біздің әр маман алты бағдарламаны да меңгеріп шығуы керек. Біз кез келген баламен жұмыс істей алуымыз керек. Мәселен, қарқынды курсты бітірген бала келесі жолы сөйлеу дағдыларына баруы керек болады. Әр бала әртүрлі. Біреуі тез үйренеді. Келесі біреулер бір дағдыны игерсе де, біз үшін – жеңіс, – деді Юлия Шерстобитова.

Денсаулық сақтау министрлігінің биылғы 1 наурыздағы дерегі бойынша аутизм диагнозымен елде 6863 бала ресми тіркелген. Ал, облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес дерегінше, 500-ден астам бала бар. Алайда, диагностикадан өтпеген, ешқайда тіркелмегені қанша?

ПМПК-ның берген бір жолдамасы жылына кемі екі рет келуге мүмкіндік береді. Балалар бір курсты бітіргеннен кейін бір ай демалып, қайта кезекке тұра алады. Ол кезекті 2-3 ай күту керек болады. Маңыздысы – тегін.

Бағдарлама біткеннен кейін ата-анасымен тығыз қарым-қатынас орнату – негізгі мақсат.

– Баланың өткен курсты меңгеруін қадағалаймыз. Оның күнделікті есебі міндетті түрде фото, бейне арқылы жіберілуі керек. Бала бір курсты меңгермей, екіншісін бастай алмаймыз. Бағдарламаның ерекшелігі – ата-аналарды оқыту. Бала бізде бір сағат қана болады, қалған 23 сағат үйде. Сондықтан, ата-ананың баламен жұмыс жасай білуі, дұрыс көмектесе алуы маңызды, – дейді орталық директоры Гүлжанар Армиянова.

Әлбете, ата-аналар көбіне эмоциялық тұрғыда ауыр соққы алады. Ондайда орталық тренингтері көмектеседі. Оның нәтижесінде ата-аналардың бірі жылайды, бірі күледі, ішіндегісін шығарып, жеңілдейді.

– Көптеген ата-аналар мұны қабылдай алмайды. Басқа балалармен салыстырғанда ғана байқауы мүмкін. Кейбірі ұялады. Бірақ, мұнда келгенінің өзі мәселені шешуге талпыну, – дейді ол.

– Менің балам сегізде, – дейді Әсем есімді ана. – Аутизм диагнозы қойылғалы біраз орталықтарға бардық, соңғы үш жыл бойы жекеменшік орталыққа бардық. Нәтижесі болды, бірақ, шамалы еді. «Асыл мирас» орталығындағы 3 айда балам түстерді, кейбір жемістерді үйренді, біраз дағдыларды қалыптастырды. Орталық жақсы жабдықталған. Мен орталық мамандарына ризамын. Осының барлығы тегін екені де біз үшін үлкен көмек.

Ата-аналарға жеңіл болуы үшін орталықта «Шаңырақ» ата-аналар клубы бар. Сол жерде кездесіп, барлық мәселе талқыланады. Үйде дәл орталықтағыдай мүмкіндіктер болмауы мүмкін. Дегенмен, кез келген ата-ана баласы үшін жағдай жасай білуі керек. Ниетті ата-ана оның жолын табады.

– 2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне орай біздің мамандар емханаларда скринингтік тексерулер өткізді. Осы он күнде келген 75 баланың 40-ында аутизм белгілері байқалған. Енді оны нақтылау үшін бізге диагностикаға келе алады. Денсаулық басқармасы арқылы педиатр, невропатолог, терапевттерді оқытуды ұсынбақшымыз. Аутизм спектрінің бұзылуы кезінде дәрігерлер қандай белгілер мен ерекшеліктерге назар аудару қажеттігін білмейді. Сондықтан, біздің мамандар дәрігерлерді оқытса, дертті ертерек анықтау әрі көмек беру мүмкіндігі артатын еді. Бұл алдағы жоспарымыз, – дейді Гүлжанар Армиянова.

 

***
Гүлжанар Нұрланқызының айтуынша, алғашқы 98 бала курсын аяқтады. Жаңа қабылдау осы аптадан басталмақ. Әр балаға жаңадан бағдарлама әзірленеді. Орталық мамандары әр баланы оқшау әлемнен алып шығуға барын салады.

Жансая ОМАРБЕК,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button