Басты тақырыпҚаздауысты Қазыбек бидің туғанына - 350 жыл

Оң сапардан – олжамен

    Ұлы бабамыз – Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойына орай жолға шыққан автокеруен облыс орталығына оралды. Қазақстан Республикасының Конституциясы күні.

Автокеруенді қарсы алу рәсімі кемеңгер тұлға ескерткішінің алдында өтті. Оған  қарағандылықтар, облыс және қала әкімдіктерінің қызметкерлері, қасиетті бабаның ұрпақтары, қоғамдық өкілдер қатысты.

Салтанатты шарада құттықтауын жеткізген облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев автокеруеннің маңыздылығына тоқталды. Керуенге қатысушыларға облыс әкімінің Алғыс хаттарын табыс етті.

Негізі, «Қаздауысты Қазыбек би жолымен: Бабаларға тағзым!» көлік керуені Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ селосынан 19 тамызда жолға шыққан болатын. Сөйтіп, 13 күнде еліміздің және Өзбекстанның қала-аудандарына ат басын бұрып, 5000 шақырымнан астам жолды артта қалдырды.

Қаздауысты Қазыбек бидің ұрпағы Ахмадия Сүлейменов те керуенге қатысушыларға ақ тілегін арнады.

– Керуеннің сапары мерекелі, шуақты күндерге ұласты. Шалғайға ат шалдырып, киелі бабалар жатқан жерлерге тағзым еткендеріңіз үшін алғыс айтамын, – деді Ахмадия ақсақал.

Расымен де, сауапты сапарға шыққан керуен қазақтың үш ұлы биінің де басына барып, дұға бағыштады. Һәм бұл сапар қасиетті Құрбан айт мерекесінің қарсаңында мәресіне жетті. Сондай-ақ, барлық жерлердегі тұрғындармен митингілер, кездесулер керуен сапарының мазмұнын тереңдетіп, әуенді-сазды бағдарламалар өткізілген.

Керуеннің басты мақсаты да – елдіктің нышаны болса керек! Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау және Қаздауысты Қазыбек бабаның саяси қайраткерлігін, асқан шешендігін, турашылдығын ұлықтау!

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, білім меценаты Бекзат Алтынбеков автокеруенге қатысушылардың атынан сөз алды.

– Біз Қазыбек би Келдібекұлы бабамызды құрметтеп, аруағына бас ию үшін, халықтың алғысын, сүйіспеншілігін, Сарыарқаның сәлемін жеткізу үшін, қазақ халқының ұлы тұлғалары жатқан орындарға зиярат ету үшін жолға шықтық. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев біздің керуенімізді тарихи оқиға деп бағалады. Барлық жерде бізді жылы шыраймен қарсы алды. Керуенге қатысушылардың тарапынан облыс басшысы Ерлан Жақанұлына, Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойының жоғары деңгейде өткізілуіне қол ұшын берген барлық азаматтарға алғыс айтамын, – деді Бекзат Қомарұлы.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Суретті түсірген

Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button