Шет

Оң нәтиже. Олжалы істер

    Ауыл шаруашылығы саласының ел экономикасын дамытудағы, Елбасының басшылығымен жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асырудағы рөлі өте зор. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін айтып, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор, көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола алатындығымызды атап өткен.

Шет ауданының ауыл шаруашылығы саласы кейінгі жылдары оң нәтижелерге қол жеткізуде. Ағымдағы жылда ауыл шаруашылығы құрылымдарында мал бастары көбейіп, асылдандыру бағытында нәтижелі қадамдарға қол жеткізілуде. Аудан  бойынша шартты түрдегі мал бастары 125,5 мың басқа жетіп, өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 7,1 пайызға өсті. Ал өндірілген өнімнің жалпы құны ауыл шаруашылығы саласында 9 айда 22733,1 млрд. теңгені құрап, өткен жылғы осы кезеңнен 1875,3 млрд. теңгеге артып, нақты көлем индексі 101,4 пайызды құрап, мүйізді ірі қара, 8,5 қой, ешкі 3,6 пайызға, жылқы 7,9 пайызға өсіп, ет 3,2 пайызға, сүт 5,0 пайызға көбейді. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы саласында өндірілетін өнімнің жалпы құнын 26778,3 млрд. теңгеге жеткізу көзделуде.

Ірі қара мал бастарын асылдандыру мен мал өсіру тұрғысында аудандық шаруа қожалықтары әр түрлі бағдарламалар аясында 677,2 мың теңге несие қаражаттарын алып, оған 1114 бас ірі қара, 9 бас асыл тұқымды бұқа, 63 бас жылқы және 269 бас ұсақ мал алынды. Мал тұқымын асылдандыру кезек күттірмес мәселелердің бірінен саналады. Өйткені, асыл тұқымды малдан өнім қашанда жоғары. Аудан бойынша мал бастарын асылдандыруда мақсатты жұмыстар жүзеге асырылуда. Бүгінде асыл тұқымды 11475 мал бастары болса, оның 4485-і ірі қара, 5380-і қой және 1610 жылқы малы. Яғни, асыл тұқымды малдардың үлес салмағы ірі қара 5,2 пайыз, қой 2,9 пайыз және жылқы 3,6 пайызды құрайды. Бүгінгі таңда аудан көлемінде 1 асыл тұқымды мал зауыты және 20 асыл тұқымды шаруашылық бар.

Аудан көлемінде тұрғындардан сүт жинау жолға қойылғандығын атап айтуға тұрарлық. С.Сейфуллин атындағы кенттегі «Қарағанды  Ауыл-сүт» комбинатының филиалы 9 айда аудан көлеміндегі 27 елді мекендері тұрғындарынан 3,5 мың тонна сүт жинап, өнім өткізушілер 230,0 млн. теңгенің табыс көзін иеленді. Бұл бағыттағы жұмыстар нәтижелі жалғасуда.

Ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтерін құру мақсатында тиянақты жұмыстар жүргізілгенін айту керек. Елбасы тапсырмасында бұл мәселеге баса маңыз берілген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында 11 кооператив құрылып жұмыстарын бастап отыр. Бұл ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне бүгінгі күні жалпы құрамы 307 адам шоғырландырылып, 7 кооператив етті бағытта, 4-і сүттік бағытта құрылды. Құрылған кооперативтер Әділет басқармасынан тіркеуден өтіп, өз жұмыстарын жүргізуде. Ендігі алда тұрған міндет – осы кооперативтердің жұмысын жөнге қойып, оның мүшелері өндірген өнімдерді орталықтандырылған түрде қайта өңдеуші кәсіпорындарға өткізу, өнім өндіру үшін қажетті  сапалы жем-шөп дайындау, мал союды ұйымдастыру, ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады.

Ауданның негізгі капиталына инвестиция құю мәселесі бойынша бүгінде ауыл шаруашылығы саласы арқылы 214,0 млн. теңгенің инвестициясы құйылды. Тауар өндірушілер ағымдағы жылы 41 бірлік ауыл шаруашылық техникаларын жаңадан алып, 380 басқа арналған мал қораны және Талды ауылдық округінде мал сою алаңы салынды.

Өспен ауылдық округінде «Алға» АӨК мал сою цехын салып пайдалануда. Ал «Жандос» шаруа қожалығы сүт өнімдерін өңдейтін кіші кәсіпорын ашып, өнімдерін Балқаш қаласына Ақшатау, Ақжал кенттерінде нарыққа шығарып саудалауда. К.Мыңбаев атындағы ауылдық округіндегі «Бақытбек» шаруа қожалығы мал бордақылайтын алаң құрылысын аяқтады. Ақадыр кентінде жеке кәсіпкер «Қ.Шөпенов» сүт қабылдау бекеті құрылысын аяқтап, тауар өндірушілерден сүт қабылдауды бастады, аталған кент тұрғыны Г.Әуесбекова 100 басқа арналған мал бордақылау алаңын салуды жоспарлаған болса, бүгінгі күні белгіленген жұмыс толықтай аяқталған.

Дала шаруашылығы бойынша үстіміздегі жылдың табысы ерекше айтуға тұрарлық. Ағымдағы жылы 19077 гектар жерге дәнді-дақыл егіліп, бұл өткен жылғыдан 10 пайызға артық, оның ішінде бидай 5965 гектар, арпа 13279 гектарға, сұлы 733 гектарға себілді. Орташа түсім гектарына 11,5 центнерден айналды. Сонымен қатар, 989 гектар алқаптан, 23,7 мың тонна картоп жиналып алынып, орташа түсімі 240 центнерден айналды, 2200 тонна тұқым құйылды, 2 мың тонна көкөніс жиналды.

Қысқа түсетін мал бастарына 373,0 мың тонна шөп дайындалды, өткен жылмен салыстырғанда 109,1 пайыз мөлшерінде.

Ауыл шаруашылығындағы оң өзгерістерді «Ауыл береке» жәрмеңкесі анық аңғартты. Азық-түлік бағаларын тұрақтандыруға байланысты ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері экологиялық жағынан таза, сапалы мал өнімдерімен қамтамасыз етті. Әрі дүкендерден бағасы төмен. Жыл басынан бастап Қарағанды қаласына 12 мәрте, Астана қаласына 4 күн, аудан орталығында 7 мәрте, сондай-ақ, Ақжал, Ақадыр кенттерінде 3 реттен жәрмеңке өткізіп, жалпы көлемі 105,2 миллион теңгенің өнімдері саудаланды. Кейінгі жылдары ауыл еңбеккерлері мен қала жұртшылығы арасындағы осы байланыс тамаша дәстүрге айналған.

Түйіндеп айтқанда ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласы облыс бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, аудан көлемінде жаңадан іске қосылған жобалар ең алдымен ел экономикасына және аудан халқының әл-ауқатын арттыра түсетіні анық.

Сала еңбеккерлерін келе жатқан төл мерекелерімен құттықтай отырып, Тәуелсіз еліміздің іргесі берік, мәртебесі биік болсын, дегім келеді.

 

М.ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.

Суретте: Красная Поляна ауылдық округіндегі  «Шерубай Су» серіктестігінде картоп жинау кезі.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button