Поэзия

О, Муза, көк қаршығам өктем үнді!

Ақын, журналист Мүсіркеп Сейдахмет – 70 жаста

Сурет автордан

МУЗА, МЕН ЖӘНЕ ТІРЛІК

Жаралған жасын-бишік, от-қамшыдан,    
О, Муза, көкті кезген көк қаршығам!
Тірлігім айнымайды жанталасып,
Додада салым тартқан көкпаршыдан.
О, Муза, көк қаршыға жыр-өлеңім,
Өзіңнен іздеп таптым жүрек емін.
Тірліктің додасында көкпар тартып,
Сүрініп, құладым сан, жүреледім.
Қыздырып бойымдағы от қанымды,
Тебініп тоғышарлар топқа кірді.
Тірліктің додасында бағы асып,
Бөктерді бөктергілер көкпарымды.
Қанаты аймалаған көкте күнді,
О, Муза, көк қаршығам өктем үнді.
Жіберді қоламтаға айналдырып,
Тоғышар мына қоғам от демімді.
Қамалын бұзамын деп айла-ептің,
Өксітіп өмірімді майдан еттім.
Тірліктің додасына тастап мені,
О, Муза, көк қаршығам
қайда кеттің.

МЕН

Жұмыр жер жүдеу – жүрегім,
Тағдырым ауыр – зілзала.
Өзекті жанға бір өлім,
Жанымды жеме мұң-нала.
Үйренген ноқта-жүгенге,
Пендемін пәлек басты мен.
Періште болсам жүрем бе,
Пақыр боп жердің астымен?
Пендемін көп қой менде мін,
Қайтемін босқа ақталып.
Желігіп жиі желдедім,
Сезімді сүзіп ақ мамық.
Періште емес пендемін,
Өмірді жүрген малданып.
Жандарға адал сенбедім,
Аярға арам алданып.
Тағдырым ауыр – зілзала,
Жұмыр жер – жүдеу жүрегім.
Жанымды жеме мұң-нала,
Өзекті жанға бір өлім.
Білемін…

МЕН ҺАС САҚПЫН, ҚАЗАҚПЫН

Рух алып «Алаш» деген ұраннан,
Мен қазақпын, ру, жүзден құралған.
Алтайменен жайлап Танның арасын,
Өсіп-өндім Тұраннан.
Мен Қыпшақпын, мен Арғынмын,

Найманмын,

Қанатымды төрт тарапқа жайғанмын.
Үйсін, Адай, Қоңырат боп, Суан боп,
Алты Алашқа айналдым.
Мен Кереймін, мен Дулатпын, Албанмын,
Қожасымын мына кәрі жалғанның.
Сақтан, Ғұннан, көк Түркіден кешегі,
Мұрагер боп қалғанмын.
Ман Һас сақпын, мен қазақпын, түркімін,
Кешкен жоқпын күнін қарсақ, түлкінің.
Атой салып ақ найзаның ұшымен,
Түннің түрдім кірпігін.
Мен Һас Сақпын, Қазақпын!

ӨМІР АЛҒА КӨШЕДІ

Өткен өмір оралмайды айналып,
Мезгіл соққан самалдай.
Қарайлайсың бет жүзіңе айна алып,
Жастығыңды таба алмай.
Самайыңа боз қырауын күз ілді,
Сейіл құрған кеш қайда?
Таба алмайсың бірақ,
балғын жүзіңді,
Айнадан жоқ еш пайда

Әуре болма асырам деп, көнесің,
Уақыттан айлаңды.
Іздей берме өткен күннің елесін,
Қолыңа ап айнаңды.
Өмір ескі өз әуенін шертеді,
Болашағы белгісіз.
Жастық дәурен таңғажайып ертегі,
«Мың бір түнге» бергісіз.

ТАРАЗЫ

Тәңір – менің жүрегімде,
тәңір – менің миымда.
Сынау үшін салып отыр,
тағдырымды қиынға.
«Үміт артып тек өзіңе,
әрекет қыл, тірлік ет,
Маған сеніп босқа бекер –
дейді – маған сыйынба».
Тәңір – менің болмысымда,
тәңір – менің бойымда,
Салып отыр соңғы сынға,
«өмір» атты ойында.
Жақсылығым, жамандығым,
ахиреттік таразым,
Қиянатым, қысастығым,
түскен салмақ мойынға,
Ойымда…

БОЙ ЖАЗУ

Құтыдағы саба сауыр, қыл сағақ,
Омар Хаям ішкен шарап, бұл шарап.
Құй даяшы, тостақтарды толтыра,
Болсаң егер бақыр санап, пұл санап.
Буыменен дүниені көшіріп,
Құй шарапты, ішейік бір есіріп.
Маэстро, қайда сазды әуенің,
Шықсын бойдан ессіз желік есірік.
Қырық ру, қырық жұрттан құралған,
Мезі болдық жалаң айқай ұраннан.
Құй даяшы, шарабыңды толтыра,
Биші қыздар қайда белі бұралған.
Қуат беріп бойға қанды таратқан,
Құй даяшы, құй еселеп шараптан.
Дағдарыстан айықтырып жүйкені,
Тәлтіректеп шығайық бір кабактан.
Ойды аршып нұрлы-нұрлы мұнардан,
Құй шарапты шығайық бір құмардан.
Омар Хаям ішкен шарап, бұл шарап,
Біз емеспіз ойлап мұны шығарған.
Құй даяшшы шарабыңды еселеп,
Бұл шарапта кеткен ақы, есе көп.
Құрметі үшін кәне ұлы шайырдың,
Еселеп бір ішейікші, кеселеп.
Құй даяшы!

КӨКСЕУ

Дүниеден баз кешіп,
дара кеткім келеді,
Тоғышарлық тірлігін,
талақ еткім келеді.
Сонау бала күнімнің,
аңқау, аңғал періште,
Тазалығын, пәктігін,
ала кеткім келеді.
Дүниеден баз кешіп,
көшіп кеткім келеді,
Сырдың суын сирақтан,
кешіп кеткім келеді.
Құлы болған нәпсінің,
қанағатсыз, тойымсыз,
Пенделіктің кебінін,
шешіп кеткім келеді.
Дүниеден баз кешіп,
ауып кеткім келеді,
«Туырлығын кескілеп,
шауып кеткім келеді».
Мезі еткен меңіреу,
мына кәрі жалғанның,
Алба-жұлба жабуын,
жауып кеткім келеді.

СЫҚПЫТ

Су қараңғы, соқырмын, түк көрмеймін,
Маған жарық сәулелі, біткендей күн.
Сергімейді көңілім бұрынғыдай,
Кімнен, нені білмеймін, күткендеймін.
Соқыр менің көз емес, көкірегім,
О, Жаратқан, кеше гөр, өтінемін.
Тасқа соққан тұмсығын лай суда,
Күйін кештім мен байғұс, бекіренің.
Бұйырмасын айыпқа, мінеп ешкім,
Ішіндемін шайтани, жын елестің.
Зағиптардың қоғамы мына қоғам,
Көзі соқыр тек қана, мен емеспін.
Ауды міне, еңкейіп, сәскеден күн,
Шыбық көктеп орынын, басты еменнің,
Су қараңғы, соқырмын түк көрмейтін,
Естімейтін және де тас кереңмін.
Көкірегім көрсоқыр, тасқараңғы,
Сорғалатып шыладым, жасқа қанды.
Өзеуреген өзімшіл дүниеде,
Естімеймін өзімнен басқаларды.
Ой-санамды дүние, мендеп алған,
Мендеп алған кесел көп, дендеп алған.
Оңған сықпыт қалмады мен байғұста,
Тұрған жоқсың жетісіп, сен де жалған.
Хакім айтқан көтеріп, боқ-қабымды,
Қайда барып белгісіз, тоқтарымды.
Тойымсыздық, ашкөздік менің дертім,
Одан басқа бойымда, жоқ қағынды.

ЖАМАУ ӨМІР

«Тазамын, пәкпін – деп,
ақпын», – деп,
Шығарып үкімін, жарлығын.
Өмірге тұрады таққың кеп,
Кінәнің, күнәнің барлығын.
Өзіңе жуытпай қылауды,
Артасың кінәні басқаға.
Алайда, бәрі де сұраулы,
Жазулы барлығы таспада.
Бар болса өмірді сүйесің,
Жоқ болса кінәлап, айыптап.
Арыңның отына күйесің,
Кеткенде басыңнан тайып бақ.
Сіздерге қатысы жоқ мүлде,
Өмірім өзімнің амалым.
Жіптерін тарқатып сөктім де,
Қапсырып, жапсырып жамадым.
Жасырып тұрғанмен кінәңді,
Көңілге бәрі кеп тұнады.
Ал, менің дүдамал, күмәнді,
Өмірім жамаудан тұрады.

ӨМІР

Өмір ғой өмір, сүрініп, бірде құлайсың,
Біреуді қалап, біреуге өзге ұнайсың.
Сезімді нәзік сындырып алып, быт-шыт қып,
Бөлшегін әрбір жинап ап қайта құрайсың.
Өмір ғой өмір, кететін есе, үлесің,
Еңкілдеп жылап, кеңкілдеп бірде күлесің.
Алысып жүріп, жұлысып жүріп жылдармен,
Сағыныш атты сағымға барып сіңесің.
Өмір ғой өмір, аралап өре, сөресін,
Жақсылы-жаман, жақтарын бағып, көресің.
Баянсыз жалған, аялсыз пәни дүние,
Уақыт атты, шешеді бәрін, төрешің.
Өмір ғой өмір, өмірден қайда қашасың,
Бір басқан шоқты, мың мәрте қайта басасың.
Көңілің қалып, тарс жауып қатты есігін,
Оралып келіп, қайыра сосын ашасың.
Өмір ғой өмір, өмірді болжай алмайсың,
Жақсы деп бәрі, өзіңді өзің алдайсың.
Сүрініп кетіп, түңіліп кетіп кей сәтте

Жыртығын жамап, үзігін қайта жалғайсың.
Өмір ғой өмір, өмірді болжай алмайсың.

АДАМ ТАНУ

Әй, өзім, кінәлі бәріне,
Қолыңды бәрі бір, кеспейсің.
Бармаған сегізден әріге,
Бұл қасқа сабазға, не істейсің?
Бассам да жерге нық, қадамды,
Тұрса да шоқ шашып көзімде от.
Айырмай адамнан наданды,
Шатасып жүретін кезім көп.
Көнбейтін ерікке, ырыққа,
Кісіге әр ісің таңулы.
Жалғар ем құрықты, сырыққа,
Оқысам мен «Адам тануды».
Қосумен оқыдым алуды,
Соншалық ақымақ емес ем.
Оқысам мен «Адам тануды»,
Тағдырдан таяқты жемес ем.
Болмаса тек ілу, шалуда,
Шатасу адамға тән екен.
Білгенге бұл «Адам тану» да,
Өмірде ең қажет пән екен.
ӨТІНІШ
Шығарып әптер-тәптерін,
Көшіріп ғайып сәттерін.
Жүрмісің тізіп, толтырып,
Періштем амал дәптерін.
Аңқаны алып шөл іштен,
Заһар у көп қой, мен ішкен.
Күнәммен кешіп кінәмді,
Өшіре салшы періштем.
Өшіре салшы кінәмді.
Кешіре салшы күнәмді.
Қылмысым жоқ періштем,
Аса ауыр күмәнді.

ЖЫЛАП АЛАМ

Аспан да жылайды,
Жүзін кеп бұлт басқанда,
Тастар да жылайды,
Мүктерін шық басқанда.
Мұңайып табанда,
Жүзінен шуақ ұшқан.
Жылайды адам да,
Қайғыдан, Қуаныштан.
Жас тұнып көзінде,
Кім бар ей, жыламаған?
Жеңілдеп өзім де,
Баз базда жылап алам.

РАЗЫМЫН ӨТКЕН КҮН

Күндеріме разымын кешегі,
Сайран салып, жібергем жоқ есені.
Өтті дәурен, көшті дәурен басымнан,
Дуылдаттық, шуылдаттық көшені.
Бүршік атып сезім гүлі көктеген,
Өтті бастан қызық сәттер көптеген.
Сүйіп қалып, күйіп қалып сұлуды,
Жүрегімді қарыдым сан, отпенен.
Тәтті ерінді, сәттеріңді сағынар,
Әр адамның қимас асыл шағы бар.
Сүйіп қала, күйіп қала беретін,
Жүрегімнің осалдығы тағы бар.
Жібергем жоқ өткен күнге есемді,
Жан емеспін кісәпірлі, кеселді.
Жүрегім бар сүйіп қала беретін,
Көңілім бар қалдырмайтын меселді.
Қилы жайды бастан кешіп өткердім,
Содан бәлкім көрешекті көп көрдім.
Қызығы да шыжығы да ғанибет,
Разымын өткен күн.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ

Басқа материалдар

Back to top button