Бас тақырып

Оқиға емес, Ұлт-азаттық көтеріліс

Желтоқсанда Қазақстан жабырқайды. Желтоқсанда Алаш баласының жүрегін аяз қариды. «Желтоқсан» десе, қабырғасы қайысып қайғырмайтын қазақ жоқ. Тәуелсіздік алғалы бері осы ұлтымыз үшін қасіретті ай хақында жетеріне жеткізіп жазып-ақ, айтып-ақ келеміз. Әлі аза тұтудамыз. Жөн-ақ. Ұмытуға хақымыз жоқ. Ерлерді жадымыздан өшіруге арымыздан рұқсат жоқ. Өткенін ұмытқан ел оңбайтыны дәлелденгелі қашан?! Бұл тақырып талай тарихшы мен қаламгерге азық болды. Әлі де жазыла бермек. Жазылсын, айтылсын! Тек, ненің не екенін бағамдауға мүмкіндік беретін, сана көзін ашар, тарихқа салқынқанды пайым қалыптастырар тың дүниелер жарқ етсе игі. Егемендікке жеткенімізге 30 жылдан асты. Тәубе! Бағымыз баянды болғай! Шаң басқан архивтерде бітеу жарамызды тырнар қанша дерек жатқаны бізге белгісіз. Бұл – тарихшылардың еншісіндегі шаруа. Шындық деп мәселені күрделендіргіміз келіп тұрған жоқ. Бірақ, бізді бір ғана қарапайым сұрақ мазалайды. Неге осы «Желтоқсан оқиғасы» деп жүрміз? «Оқиға» дегеніміз не? «Желтоқсан оқиғасы» деген қайдан шықты? Оқиғада ғана мыңдаған қазақ құрбан болды ма? Бұл мәселенің көтерілгеніне бірнеше жылдың жүзі болды.

Коллажды жасаған А.Рахымжан

Қазақ халқы солтүстіктегі орман жұртының боданына түскеннен 500-ге жуық көтеріліс жасапты. Осының бәріне бір ғана нақты себеп болған. Ол – азаттық! Ресей патшалығы болсын, 70 жыл салтанат құрған Кеңестік жүйе болсын, қазақ даласындағы дүмпудің барлығын «оқиға» деп бағалады. Біздегі ғана емес, орақ пен балға бейнеленген қызыл тудың астындағы бодан ұлттардың бәрінде болған жағдай. Халықтардың жерін, байлығын басып отырған империя «Бұлар азаттық үшін күресіп жатыр» деп айта салмайды, әлбетте. «Жай, империяның ішінде болып жатқан бір оқиға» деп бүркейді. Біз сол саясаттың ауанынан шыға алмай жүргендейміз. Ақын, желтоқсанда алаңға шыққан жастардың қатарында болған  Қойлыбай Асанов осы мәселеге қатысты пікірін білдірді.

– 1986 жылы болған Алматыдағы көтерілісті осы уақытқа дейін «оқиға» деп келдік. Тарих беттеріне әлі күнге дейін солай жазып келеміз. Бірақ, бұл – оқиға емес, ұлт -азаттық қозғалыс екенін түсіну керек. Себебі, Алматыда басталған дүмпу бүкіл қазақ даласына жетті. Кеңестік жүйеге бас көтерген осы – қазақ жастары. Алматыдан кейін ірі көтеріліс Қарағандыда басталды. 19-20 желтоқсанда кеншілер шаһарының көшелері қазақ жастарына толды. Содан кейін, Жезқазған, Семей, Торғай, Ақмола, Өскемен және басқа да қалалар өре түрегелді. Сөйтіп, ұлттық сипат алды. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстан кейінгі ең ауқымды қозғалыс 1986 жылы орын алды. Оқиға дегеніңіз осындай бола ма? Әлбетте, жоқ. Ұлттық сипат алған қозғалысқа «оқиға» деп қарау – өрескел қателік. Бір совхоздың шөбі өртеніп қана қойған жоқ. Немесе, жол көлік оқиғасы емес. Меніңше, 1986 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көп шындығы ашылған жоқ. Қаншама ойран болған тағдырлар, іздеусіз қалған ерлер бар. Бұның бәрі уақыттың еншісінде деп білеміз, – деді Қойлыбай Асанов.

Тарихшы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университе­тінің ұстазы Нұртас Смағұлов та осы пікірде.

– 1986 жылы орын алған көтеріліс – ұлт-азаттық көтеріліс. Бұл – қазақ халқының еркіндікке ұмтылған қозғалыстардың заңды жалғасы. Кеңес үкіметінің тұсында наразылығымызды ашық түрде де, жасырын түрде де білдіріп келдік. 1960-1986 жылдар аралығында халқымыздың санасы қайта оянды. Бұған нақты себептер бар. Солардың бірі – халық санының 6 миллионға жетуі. Тарихи сана-сезім, ұлттық жады жаңғырды. Жерінің, соның үстіндегі, астындағы байлығының тоналып жатқаны ашындырды. Дінмұхамед Қонаевтың орнына Генадий Колбинді алып келуі – құрғап тұрған отынға от тастағанмен бірдей болды. Біздіңше, соны әлдебір саяси күштер ұйымдастыруы да мүмкін. Олар осы әрекеттері арқылы жастардың намысын оятты, жанды жеріне тиді. Ұлт азат­тық көтеріліс деуге тағы бір бас­ты себеп бар. Алаңға шыққан жас­тар үкімет тарапынан қатаң жазалау болатынын білді. Өйткені, олар аталарынан 1937 жылдар­дың зұлматын естіген. 1960 жылы туған ұрпақ соны жақсы біледі. 1986 жы­лы 17 желтоқсанда алаңға 300-ден астам адам жиналды. Уа­қыт өте 20 мыңға жетті. Көте­ріліске шыққандарға «Құйын 86» операциясы ұйымдас­тырылды. Мұздай қаруланған арнайы жасақ әрекет етті. Бұл операцияның зардабы өте ауыр болды. Біз әлі күнге дейін алаңда қанша адамның қаза тапқанын, қаншасы итке таланғанын білмейміз. Талайын жындыханаға тоғытты. 1990 жылда ұйымдастырылған ко­миссия зардап шеккендердің саны 164 деп көрсетті. Кейін бұл сан 200-ге дейін барды. Шындық аса құпиялық деңгейде сақталды. Біздің болжамымызша, 500-ден астам қазақ қаза тапқан. Алматының түрмесіне сыймаған жастарды қақаған қыста қаланың сыртына апарып тастады. Кеңес үкіметінің құқық қорғау органдары берген ресми дерек бойынша, 8500 адам тұтқындалған, 1700 адам әр түрлі дене жарақатын алған. Бұлардың барлығы құжаттағы сандар ғана. Сол себепті де, бұны оқиға емес, ұлт азаттық қозғалыс деуге толық негіз бар, – деді Нұртас Смағұлов.

Қазақтың біртуар ақыны Есенғали Раушановтың мынадай бір өлеңі бар: «Мен қайырылдым, сен-дағы бұрылшы, інім,

Қа­лай, не деп ұғамыз мұның сырын? Аяғыма қа­рай­мын, шідерім жоқ, Не­ге қақ­сай береді жіліншігім?..». Рас, шідер жоқ, бірақ, жіліншігі­міз қақсайды әлі де. Артымызға қайрылсақ, Алаш баласының 300 жылдан астам уақыты қанды айқаспен өтіпті. Сібірде, Магаданда, Қарлакта тағдыр тәлкегін кешіпті. Сотсыз, тергеусіз атылыпты. Қайсыбірін айтайық. Кейінгісі осы – 1986 жылдың желтоқсаны. Тәуелсіздік алғаннан кейін бөркімізді аспанға атып, тізерлеп туған топырақты сүйе беріппіз. Тәніне түскен терең жарақаттарды ет қызуымен сезбеген арландай әрі қарай жорыққа аттанып кетіппіз. Енді ғана ет қызуы басылып келе жатқандай. Қараға қара деп, аққа ақ деп қарай бастағандаймыз. Бір қарағанда, оқиға ма, әлде, ұлт-азаттық қозғалыс па, айырмасы жоқ секілді кейбіріне. Айырмасы жер мен көктей. Бұл тұста 1986 жылы азаттық жолында алаңға шығып, жастығын, тіпті, бүтін өмірін құрбандыққа шалған асыл ұрпақтың батырлығына лайықты баға берілуі керек.

1916 жылдан 1986 жылға дейін… 16 желтоқсан…

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button