«Келешек мектептері» жобасы аясында Қарағанды облысында 5 мектеп салынуда
Санаулы күнде барлық білім ошақтарында көптен күткен сабақ басталады. Каникулы аяқталып, балалар алып-ұшып мектепке енеді енді. Өңірде сөмкесін асынған 15 мыңнан аса кішкентай балдырған ата-анасын қуанышқа бөлеп, алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Оқуға түскен түлектер де бірінші мәрте студент атанады. Жаңа оқу жылы осылайша шат-шадыман көңіл күймен басталмақ.

Білім – кез келген мемлекеттің өсіп-өркендеуінің түп қазығы. Сондықтан, 1 қыркүйек – Білім күні тек мектеп табалдырығын алғаш аттаған балалардың мерекесі ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ қуанышы.
Білім күнін атап өту – елімізде кеңестік кезеңнен бері жалғасып келе жатқан дәстүр. 1984 жылдан бастап 1 қыркүйек «Білім күні» деп ресми түрде аталып, егемен елімізде күні бүгінге дейін жаңа оқу жылының басталуы тың серпінмен тойланып келеді. Бұл мереке мемлекет үшін үлкен мәнге ие, тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағын тәрбиелеуде білім беру ісінің жаңа бетбұрысын айқындайды.
Өңірде биыл 175 мыңнан аса оқушы үшін жаңа оқу жылы басталады. Оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруде тың бастамалар жүзеге асып, жыл сайын жаңа мектептер бой көтеруде. Сондай-ақ, оларды мектептерде бұрын-соңды болмаған өзгерістер легі күтіп отыр.
Атап айтқанда, өңір оқушылары жаңа оқу жылын «Келешек мектептері» жобасымен салынған білім ошақтарында қарсы алады. Олар – Қарағанды қаласындағы 300 орынды, Балқаш қаласында 900 орынды қамтитын және Шет ауданы Жарық кентінде 300 оқушыға арналған мектептер. Сонымен қатар, Талды ауылында апатты мектептің орнына салынған 200 оқушыға арналған білім ордасы 1 қыркүйектен өз жұмысын бастайды.
Бұдан басқа, «Келешек мектептері» жобасы аясында Қарағанды қаласы, Бұқар жырау, Шет аудандарында 5 мектеп салынып жатқаны белгілі. Олар кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Заманауи технологиялармен жабдықталатын бұл білім ошақтары бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ дайындауды мақсат етеді. Сондай-ақ, өңірде балалардың сапалы білім алуы үшін 77 кабинетке жаңа құралдар сатып алынды.
Сабақ басталғанда балалардың жарты күні мектепте өтеді. Сабақтан тыс уақытта үйірмелерге қалатын, олимпиадаға дайындалатын балалардың жөні бөлек. Дәл осы тұста олардың мезгілімен тамақтануы – маңызды іс. Тағам – баланың өсу көзі, күнделікті қуат алатын нәрі. Осы орайда жаңа оқу жылынан мектептердің асхана жүйесі жаңартылып, тамақтандырудың жаңа стандарты енгізілмек. Бұл мәзірдің құрылымы мен ұйымдастырылуын елеулі түрде өзгертеді. Бүгінгі таңда мектептерде ыстық тамақпен қамтамасыз ету қызметі «Әлеуметтік әмиян» арқылы іске асатын болады. Облыстың 167 мектебіне жалпы құны 980 млн теңге болатын аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылған. Ал, шағын жинақты 212 мектепте тегін «Бизнес әмиян» мобильді қосымшасы енгізілді.
Аталған жаңа стандартқа сай құжатты Денсаулық сақтау министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен, Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп, сондай-ақ, ЮНИСЕФ-ті қоса алғанда, халықаралық ұйымдардың қолдауымен әзірледі. Бұл шешім Мемлекет басшысының 1,7 миллион мектеп оқушысына тегін тамақтандырудың сапасын арттыру туралы тапсырмасы аясында қабылданды. Мәзір жас ерекшеліктеріне қарай, балалардың физиологиялық қажеттіліктерін ескере отырып жасақталатын болады. Онда көкөністер, жемістер, тұтас дәнді дақылдар, ақуызға бай және сүт өнімдері көбірек қамтылады. Ас мәзірінен шұжық, ысталған тағамдар, газдалған сусындар мен фаст-фуд өнімдері алынып тасталды. Сол арқылы балалар арасындағы жүрек-қантамыр ауруларының, қант диабетінің және семіздіктің алдын алу көзделеді. Шағын жинақты мектептерде арнайы ланч-бокстар енгізіледі: ыстық бутерброд, қышқыл сүт өнімі, жеміс және сусын.
Бұдан бөлек, мектептерде медбикелер мен дәрігер-диетологтар жұмыс істейтін болады. Ал, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті алдын ала ескертусіз жоспардан тыс тексерулер жүргізіп, ас блоктарына тұрақты мониторинг енгізеді. Енді мектеп медицинасындағы мамандар дайындалған тағамның санитарлық және диеталық нормаларға сәйкестігін күн сайын бағалайды. Бұл бұрын-соңды болмаған бастама болып отыр.
Биылғы мектеп бағдарламасында да айтарлықтай өзгерістер бар. Еліміздің барлық білім беру ұйымдарында жеке қауіпсіздік сабақтары қайта басталады. Бұл сабақтар балалардың түрлі өмірлік жағдайларда дұрыс әрекет етуге, тәжірибелік дағдыларды қалыптастыруға және жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауын дамытуға бағытталған. Сонымен қоса, оқу пәндеріне жасанды интеллект енгізіле бастайды. Президенттің тапсырмасына сәйкес еліміздегі барлық мектептерде біртұтас тәрбие беруге бағытталған «Адал азамат» бағдарламасы енгізілмек. Бүгінде өңірде «Адал азамат» бағдарламасы аясында 16 жоба жүзеге асырылуда.
Мұғалімдердің назары бала оқыту ісінде болуға тиіс. Саналы ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздардың еңбегі ұшан-теңіз. Ал, оларға барынша жағдай жасау – мемлекеттің айрықша міндеті. «Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан, осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау, мәртебесін арттыру және біліктілігін жүйелі түрде жетілдіру ісі қай кезде де жалғаса бермек. Биылғы республикалық тамыз конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Мұғалімнің құқығын қорғау мәселесі әрдайым басты назарда болуға тиіс» деген болатын. Соған сай Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі туралы» Заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізуді ұсынған болатын. Енді педагогтердің құқығы сөз жүзінде емес, заң жүзінде қорғалатын болады. Заңға сәйкес, педагогтерге құрметсіздік танытқандар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 409-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
«Мемлекет басшысы республикалық тамыз конференциясында мұғалімдердің құқықтарын қорғау, педагогтерге өз қызметіне сәйкес келмейтін міндеттерді жүктемеу туралы ерекше атап өтті. Жергілікті атқарушы органдарының тарапынан заңның өрескел бұзылуы орын алған жағдайда, прокуратура органдары араласуы тиіс. Сондай-ақ, балаларға қатысты болған қайғылы оқиғалар үшін де мұғалімдерді жазалау – орынсыз», – дейді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Педагогтердің негізгі міндеттері – сапалы білім беру мен тәрбиелеу, бала құқығын құрметтеу, педагогикалық этиканы сақтау, кәсіби құзыреттілігін үнемі жетілдіру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Тәуелсіз ел ертеңі – білімді де білікті ұрпақтың қолында. Сол ұрпақты тәрбиелеп, ізгілікке бастаушы ұстаздың еңбегі өзгеше ерек. Саналы да парасатты азаматты өсіру – қоғамның да, мемлекеттің де асыл мұраты. Сондықтан, Білім күні – барша ұстаз бен шәкіртке үлкен үміт пен сенім жүктейтін мерейлі мереке. Ендеше, білімнің шамшырағын жаққан барша ұстаздар мен шәкірттерге сәттілік тілейміз! Жаңа оқу жылы табысты болғай!
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»