Қоғамдық жаңғыру бастауы
Өткен аптада «Достық үйінде» ұйымдастырылған «Этономәдени бірлестіктер жас көшбасшыларының рухани жаңғыру арқылы тұлғалық қалыптасуы» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция жастар бас қосқан алаң болды. Негізінен, этномәдени бірлестіктің өкілдері, оның ішінде, ғылыммен айналысатын жастар, ғылыми-сараптамалық топ мүшелері, жоғары оқу орындарының оқытушылары жиналған шарада жастарды толғандырған мәселелер талқыланды.
Отырыс модераторы болған Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы Вилен Молотов-Лучанский бас қосу тақырыбының өзектілігіне тоқталды.
Ұрпақ алмасып, буын ауысқан сайын жастардың көшбасшы болуы заңдылық нәрсе. Өз заманына қарай қоғамды алға сүйрейтін тұлға туады. Еліміз тәуелсіздік алған тұста Елбасымыз мақсаты – бұлыңғыр, бағыты – беймәлім елді ұйыстырып, алға жетеледі. Жаратушы жар болып, еліміз бүгінгі биігіне жетті. Әрине, қиындықсыз емес. Бірақ, соның барлығын еңсердік. Халқын бір мақсатқа жұмылдырып, сөзін нақты ісімен дәлелдеп берген адам ғана көшбасшы бола алады.
– Көшбасшы болу үшін бәсекелестік керек, сол бәсекеге қабілетті бола білу керек, – деді сөз алған конференция спикері Нұрсахан Бейсенбекова, – Бәсекеге қабілеттілік білім деңгейімен өлшенеді. Білімді азамат өзін де, елін де көрсете алады. Алаш қайраткерлері қуғындалып жүрсе де ұлтының көшбасшысы бола білді. Сендерді ешкім қудалап жатқан жоқ қой. Тәуелсіз елде өмір сүресіңдер, заманның дамыған кезінде оқып-білемін деген адамға барлығы бар. Көшбасшыны тәрбиелеу кабинеттерде емес, халықпен, қоғаммен етене араласып жүзеге асырылуы керек.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доцент, «Тұлғатану» ғылыми зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Ахметқызы әуелі ата-анаңа қызмет еткенің, Отаныңа қызмет еткенің екенін жастарға қарата айтты. Ұстаздық һәм өмірлік тәжірибесі мол Нұрсахан Бейсенбекова ұлы ұстаз Әл-Фарабидің: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзін әрдайым басшылыққа алу керектігіне баса мән берді.
Қазтұтынуодағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, «Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік жұмыс» кафедрасының меңгерушісі Марина Абдакимова Елбасының әлеуметтік жаңғыртуға бағытталған бес бастамасына тоқталды.
Қоғамның әлеуметтік жаңғыруын көздейтін бас басымдық қазақстандықтарға, оның ішінде, жастарға серпін береді. Онда көтерілген әр мәселе қоғамның әр мүшесіне, әр тобына ортақ. Спикердің айтуынша, бүгінде еліміз бойынша 2,5 млн. қазақстандық баспанаға жете алмай жүр екен.
– Баспанаға қол жеткізу – қазақстандықтардың өзекті мәселесі. Өз үйің – өз отбасың. Ал, отбасы деген – Отан. Еліміз бойынша жылына 24 жарым мыңнан астам шаңырақ шайқалады екен. Сонда есептеңіз, кем дегенде 20 мыңнан астам бала тірі жетім болып қалады. Жас отбасылардың ажырасып кетуіне біріншіден, әлеуметтік мәселелер, сосын психологиялық келіспеушіліктер себеп болады. Көптеген жағдайда баспананың болмауы отбасының күйреуіне алып келетініне деректер дәлел бола алады. Осы орайда, Мемлекет басшысының ұсынған «7-20-25» бағдарламасы баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Несие өсімінің мөлшерлемесін 7 пайызға, алғашқы жарнасы жалпы соманың 20 пайызынан есептеп ал, өтеу мерзімі 25 жылға дейін ұзартылатын бағдарлама – жастар үшін тамаша мүмкіндік.
Сарапшы еңбекақыны көтеру үшін салық жүктемесін азайту ұсынысы да жастарға жасалған қолдау екендігіне тоқталды. Жалақысы 25 а.е.к. төмен адамдарға салық жүктемесін азайту арқылы жастарымыз жаңа мүмкіндік алады. Себебі, аз жалақы алатын кімдер десек, көкейімізге келетіні – жас мамандар. Оқуын енді бітірген жас маманға біздің елімізде ешқандай жерде жоғары жалақы берілмейтіні рас. Тіпті, 35 немесе 45 мың теңге айлықпен күн көретіндер де бар. Міне, сол азаматтар тобына бұл бастама айтарлықтай көмек болары сөзсіз.
Мадина Абдакимованың айтуынша, еліміздегі 54 мың білім грантына тағы 20 мың грант бөлінсе, студент жастарымыздың жағдайы әлдеқайда жақсарар еді.
– Ол гранттың басым бөлігі техникалық мамандықтарға арналған. Ол түсінікті де. Заманның талабы – технологияны меңгеруде. Біз сұранысқа сапалы түрде жауап бере алуымыз керек. Өйткені, сапалы адами капиталды өзіміз қалыптастыруымыз қажет. Абитуриенттерге оқуға түсуге мүмкіндіктің берілуі жастарымыздың шет елге кету тенденциясын тежейді. Бұл, біріншіден. Екіншіден, олар ертеңгі күні сол гранттарын ақтауы тиіс. Жастарымыз мамандық игергеннен кейін еліне қызмет етуі қажет. Осы жайтты ескеру қажет. Осы орайдағы тағы бір мәселе – гранттардың дұрыс бөлінуі. Мемлекеттік оқу гранттары лайықты әрі әділетті түрде берілуі қажет, – деп біраз мәселенің шетін қайырды.
Сонымен қатар, 75 мың орындық жатақхана құрылысын бастау – бұл болашаққа көрегендікпен жасалған қадам деп есептейді маман.
Оның пікірінше, өткен ғасырдың соңына қарай елімізде балалардың өмірге келуі саябырсып қалды. Ал, бүгінде демографиялық өрлеу анық байқалады. Сондықтан, бұл алдағы жылдарға деген қамданыс десек те болады. Тек, бір айта кетерлігі, сол жатақханаларда айрықша мүмкіндіктерді қажет ететін балалар үшін де жағдай жасалса жақсы болар еді. Ондай баллар үшін инклюзивті орта ұйымдастыру – қоғамның әлеуметтік жаңғыруының бір көрінісі десек те болады.
Шағын несие беруді көбейту мәселесі бойынша да спикердің айтары бар. «Шағын несиені көбейтуге бөленетін 62 млрд. теңге дегеніміз, былай алып қарасақ, Еуропаның бір шағын мемлекетінің жалпы бюджеті. Ал, бізде бұл қаражат тек шағын бизнесті несилендіруге ғана бөлініп жатыр. Сондықтан, бұл ғаламат мүмкіндік»,– деді ол. Соған сәйкес ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысатын жастарды қолдау, олардың қатарын арттыру – маңызды мәселе.
«Сарыарқа» газ құбыры еліміздің көп бөлігін газбен қамтуға мүмкіндік береді. Жасыл экономикаға көшкен заманда бұл экологиялық ахуалды жақсартуға жасалған нақты қадам болмақ. Мәселен, бір ғана Астана қаласын алсақ, болжам бойынша газ құбыры тартылғаннан кейін улы газдың шығуы жылына 35 мың тоннаға азаяды екен. Аталған бастамалар жүзеге асса, қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайы жақсарар еді.
Басқосуда сонымен қатар, жастардың ерікті түрде волентерлық жұмыспен айналысуы туралы да айтылды. Азаматтық көзқарасын білдіріп, өзінің ұстанымынан таймайтын жастар – нағыз көшбасшылар. Ол үшін әр азаматтың қоғамға, оның әр мүшесіне жаны ашуы керек.
Өзге этномәдени бірлестіктердің де жастары осы іске атсалысуы қажет. «Видергебурт» неміс орталығының» облыстағы қауымдастығының төрағасы Виктор Кист өздерінің орталықтарындағы жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, Т.Шевченко атындағы «Рідне слово» украин тілі қоғамының жастар қанатының басшысы Олеся Головченко да сөз алып, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы аясында атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Басқосу үш секция – Қазақстан Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында, ұлтық сана: алдағы жылдарға арналған міндеттер және этномәдени бірлестіктер көшбасшыларының құндылықтар бағдары бойынша жалғасын тапты.
Жансая ОМАРБЕКОВА