Қоғамдық сананың қозғаушы күші
«Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесі Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын насихаттауда және мақалада қамтылған тарихи жобаларды жүзеге асыруда жетекші роль атқармақ. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында кеңес мүшелері мәлімдеді.
Қоғамдық кеңестің жақында сайланған төрағасы, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты, Білім меценаты Бекзат АЛТЫНБЕКОВ отырысты кіріспе сөзбен ашып, бүгінгі қаралатын мәселенің барлығы асы маңызды екендігін тілге тиек етті. Иә, қоғамдық кеңес таразысына Елбасы мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру барысы, жастардың бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру қағидаттары және Қаздауысты Қазыбек бидің 350, «Алаш» қозғалысының 100, Әсет Найманбаевтың 150 жылдық мерейтойларын ұйымдастыру секілді маңызды мәселелер ұсынылған. Салиқалы әңгіме, салмақты пікір өрбіді. Ұтымды ұсыныс, байсалды бастамалар айтылды.
Сонымен…
Парасат партиясымен – рухани серпіліске
Баршаға аян, «Нұр Отан» партиясы – елдік мұраттың партиясы, рухани құндылықтарымыздың жоқшысы. Дәл осы саяси қауымдастықты тек қана биліктің партиясы деп, тар ұғым аясына сыйғызып жүргендер қателеседі, әлбетте. Саяси аренада салмақты һәм салиқалы тұғырнамасымен тұғырланған «Нұр Отан» ел Тәуелсіздігімен бірге жасап, біте-қайнасып, ел дамуының барометріне айналды десе де, болғандай.
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының маңызын қарапайым халыққа түсіндіруде де, ондағы тарихи міндеттерді жүзеге асыруда да, парасат партиясы алдыңғы лектен көрінуге ниет танытып отыр. Өйткені, «Нұр Отан» қоғамдық сананың сергектігін қалайды.
«Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысындағы бірінші мәселе – Елбасы мақаласын насихаттау және онда қамтылған міндеттерді жүзеге асыру тетіктерін қарастыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Қасембаева шолу жасады.
Баяндамашының мәлімдеуінше, аз уақытта ауқымды істер атқарылған. Мақалада ұсынылған барлық жоба бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, аймақтық жоба кеңсесі өз жұмысын бастап кеткен. Сондай-ақ, жасампаздықтың жаршысы болған тарихи мақалада қамтылған міндеттерді жүзеге асыру барысына талдама жасау үшін сараптамалық кеңес құрылды. Барлық жобаны кешенді ақпараттандыру мақсатында медиа-жоспар әзірленіп, әрбір іс-шараға ақпараттық қолдау көрсетілуде. Мәселен, мақала жарияланғаннан бері жергілікті баспасөз беттерінде 65 мақала, 84 пікір жарияланған. Мақала маңызын түсіндіруді мақсат еткен 50-ден астам телеөнім эфирге жол тартып, 105 бұқаралық пікір жарық көрді. Сонымен қатар, облыс бойынша 19 ақпараттық топ құрылып, олар 12 сәуірден бастап 28 000 адамды қамтыған 288 кездесу өткізген.
Кеңес мүшелері Елбасы мақаласын насихаттаудағы атқарушы билік белсенділігін жоғары бағалай отырып, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Мәдениет саласының майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «Сарыжайлау» кинотеатрының директоры Рымбала Омарбекова қоғамдық сананы жаңғырту үшін бюджет қаржысына иек артудың қажеті жоқтығын, әр азамат өзінің туған жерінің патриоты болу қажеттігін айтса, облыстың тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова қазақ алфавитін латын қарпіне көшіру барысын насихаттауда «сауысқаннан сақ» болуды ескертті. Шынымен де, осы мәселе қазір қоғамның қызу талқысына түсіп жатыр. Қолдаушылар – көп, қарсы пікір білдірушілер де аз емес. Дегенмен, қайсыбір көршілеріміз секілді тарихи қателік жіберіп алмауды ойлау қажеттігін баса айтты. Бұл пікірге ой қосқан ҚарМУ-дің доценті Бектұрсын Қалиев те орнықты пікірімен оқшауланды. Ал, «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков әдеттегідей жомарттығынан жаңылмай, өз туған ауылындағы мектептің бір оқу кабинетін өз қаржысына жабдықтап беруге, сондай-ақ, жоғары оқу орындары студенттеріне Қазыбек би бабамыз атындағы 2 шәкіртақыны өз атынан тағайындайтынын мәлімдеді. Бұл – Елбасы ұсынған жобадағы «Туған елге туың тік» идеясына үн қосы. Тек, осы үрдісті үлгі етіп, қолдағы бар мүмкіндігін туған жеріне пайдасын тигізуге тәуекел ете алатын атымтай кәсіпкерлер қолдап әкетсе…
Белгілі айтыскер Қуаныш Мақсұтов шертпе күйдің ұлттық мәйегін жойып алмайық деп дабыл қақса, Айтбай Жұмағұлов ел мен жер үшін жанын аямай тер төгіп жүрген азаматтарды деңгейлі түрде насихаттау қажеттігін ескертті.
Жалпы, «Мирас» қоғамдық кеңесі мүшелерінің ой-пікірі рухани жаңғыру жобасын жүзеге асыруда науқаншылдық белең алып кетпесе деген алаңдарын да бүгіп қала алмады.
Бабаның тойы –
баршаның тойы
Биыл – Қаздауысты Қазыбек бабамыздың туғанына 350 жыл. Кемеңгер тұлғаның мерейтойы 2017 жылдың Республикалық мерейтойлар күнтізбесіне еніп отыр. Қарағанды қызу дайындыққа кірісіп кетті. Облыс әкімі Ерлан Қошановтың тапсырмасына орай, арнайы жұмыс тобы құрылып, мерейтой бағдарламасы әзірленуде. Баба тойы аясында облыстың мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының мұрындық болуымен 90-ға жуық іс-шара ұйымдастырылмақ. Бұл туралы кеңес мүшелері алдында басқарма басшысы Еркебұлан Ағымбаев баяндады.
Барлық бағдарлама ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қолдау тауып отыр. Мәселен, Қазыбек биге арналған екі томдық жинақ, деректі фильм жарық көретін болады.
Сонымен қатар, С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры белгілі драматург Кеңес Жұмабековтің «Қазыбек би» пьесасын сахналауға әзірлік үстінде. Қойылымды дайындауға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Қуандық Қасымовпен және М.Әуезов атындағы академиялық театрдың бас суретшісі Есенгелді Тұяқовпен келісім жасалды.
Сондай-ақ, Тәттімбет атындағы ұлт аспаптар оркестрінің, облысымыздың және республикамыздың белгілі өнер ұжымдарының қатысуымен мерекелік концерттер мен Халықаралық айтыс ұйымдастырылады деп жоспарлануда.
Кеңес мүшелері «Нұр Отан» партиясы атынан өз пікірлерін айтып, ұсыныстарын жеткізді. Ортақ пікір той ас ішіп, аяқ босату деңгейінде қалып қоймасын деген орынды ескертуге тоқайласты. Ұлттық сананың рухани тұрғыдан жаңғыруы Қазыбек би секілді дала ділмәрінің мұрасын насихаттаудан басталса керек-ті. Ендеше, бабаның тойы ұрпаққа ізгі игілік қалдыратындай мазмұнда ұйымдастырылса нұр үстіне – нұр.
«Біз жанбасақ –
лапылдап…»
Қазақстандық патриотизм. Жастар бойына жалпыұлттық отансүйгіштік рух сіңіру бүгінгі күннің басты талабы болып отырғаны белгілі. Елбасы мақаласына өзек болған рухани жобалардың барлығы жастарға бағытталған. Талап – таудай. Сәйкесінше, құлшыныс кемшін болмауы шарт.
Қоғамдағы жаңғыру үрдістері мен салалық реформалардың барлығы жастардың қайрат-жігері мен ізденісіне мүдделі. Қоғамдағы белсенді жастардың берекелі ісі мен ұтқыр идеялары қазақстандық қоғамды ұшпаққа шығара алады. Осы мақсатта атқарылып жатқан игі істер мен жастар саясатының жергілікті деңгейдегі хал-ахуалы бойынша облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мирас Құттыбай баяндама жасады.
Облыс жастары – аймақ халқының 22 пайызын құрайтын қуатты күш. Жастар саясаты облысымызда өз деңгейінде жүргізіліп отыр. Олар қолға алған жобалар өз нәтижелерін беріп, қоғамның дамуына оң ықпалын тигізуде. Аймақ көлемінде ұйымдастырылып жатқан қоғамдық-саяси, мерейтойлық іс-шаралардан жастардың қалыс қалып жатқан сәті жоқ. Әсіресе, «Жас Отан» Жастар қанаты мен жастар бастамашылдығын қолдау орталығының белсенділігі – берекелі. Білімді жастарды, жас кәсіпкерлерді қолдау мәселелері де оң нәтижемен тиянақталып келеді.
Басқарма жұмысына оң баға берген кеңес мүшелері жастар бойына патриоттық рух сіңіру талабы бойынша өздерінің алып-қосар пікірлерімен бөлісті.
♦ ♦ ♦
Кеңес мүшелері «Мирас» қоғамдық кеңесінің 2017 жылға арналған жұмыс жоспарын пысықтап, бүгінгі отырыста қаралған мәселелер бойынша қабылдануға тиіс қаулы жобасын талқылаумен түйінделді. «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратына жолданатын ұсыныстар таразыланды. Барлық қаралған мәселенің сөз күйінде қалмайтынына сенімді түрде тарастық. Өйткені, «Мирас» қоғамдық кеңесі – аманатқа адал құрылым. Ол – «Нұр Отанның» құрылымы. Ал, «Нұр Отан» – сөздің емес, істің партиясы!
Ерсін МҰСАБЕК