Облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясы кезекті кеңейтілген отырысында қоғамдағы мәдениет деңгейін талқылады. Бір қарағанда тақырып қарапайым көрінуі мүмкін. Алайда, халық қалаулылары бұл салада да қордаланған мәселелер бар екенін алға тартып, тұтас қоғамның мәдениеті төмендеп бара жатқанын жасырмай, оны көтеру үшін шаралар қабылдайтын кез келгенін баса айтты.
Кеңейтілген отырыстың күн тәртібінде бірқатар мәселелер қаралды. Басты тақырып – қоғамдағы мәдениет деңгейі, идеология, дүниетаным мәселелері және оларды өзгерту жолдары. Тұрақты комиссиясының төрағасы Қадиша Оспанова елде мәдени саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілгенін атап өтті.
– Қоғам мен мәдениет бір-бірімен тығыз байланысты. Мәдени элементтер қоғамның құндылықтарын, нормаларын қалыптастырады. Ал, қоғам әлеуметтік институттар арқылы мәдениеттің дамуына әсер етеді. Мәдениет сыни ойлауды қалыптастыруға, зияткерлік пен шығармашылықты дамытуға ықпал етеді, бұл қазіргі адамға қажетті шарт. Ол ғылым, өнер, медицина, технология сияқты әртүрлі салалардағы инновацияларды ынталандырады, бұл жалпы қоғамның алға жылжуы мен дамуына ықпал етеді. Алайда, бүгінгі таңда оның жұмыс істеу тетіктерін, ең алдымен, мәдениет саласындағы мамандар да, халық та жете түсінбейді. Бүгінде бұқаралық мәдениет қоғамның әлсіз буынына айналды. Мәдени шараларға қатысатындар аз. Неліктен? Бұрын бұқара арасында мәдениет идеологиясы болған. Бүгін осы мәселені талқылап, бағыт-бағдарымызды айқындап алуымыз керек, – деді Қадиша Базарбайқызы.
Тәуелсіз сарапшы ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалы директоры Серікжан Байбосынов өз ойын білдірді. Оның пайымдауынша, идеология базбіреулер айтып жүргендей жоқ емес, бар, тек оны жеткізу және түсіндіру жағы ақсап тұр.
– Аймақтағы идеология, тұтас еліміздегідей мемлекеттік басымдықтармен анықталады. Ұлттық бірлік пен бірегейлілік, инновация мен модернизация, этносаралық және дінаралық келісімді идеология өзегі деуге болады. Дүниетаным проблемалары консерватизм мен трайболизмге, жаһандануды қабылдау жағдайларына байланысты, – деді Серікжан Байбосынов.
Ол саладағы мәселелерді тарқата келе, білім беруді дамыту, мәдени жобалардың мәнін арттыру, медиа мен қоғамдық бастамалар мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды.
Қарағанды қаласы медициналық орталығының психологы Ляйла Ахметова заманауи мәдениет ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өзгеріп жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, гаджетке тәуелді адамдардың ойлануға, дүниені тануға, шешім қабылдауға уақыты жоқ. Маман осындай тәуелділікпен өсіп келе жатқан балалар «тәні де, жаны да әлсіз, зейіні мен ынтасы жоқ, қоғамнан оқшау өседі» дегенді айтады.
Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Жанболат Сектай жыл сайын оқу жылы қарсаңында мектепке орамал тағу дауының басталатынын айтты. Ол бұл мәселені шешуге тікелей әсер ететін заңның жоқтығын алға тартты.
– Осы мәселеге қатысты 9 сот болды, Конституциялық соттың шешімімен бәрінен жеңіліп қалдық. Былтыр бірнеше депутат осы мәселені көтерді, алайда, жетер жеріне жетпей қалды. Биыл да осы проблема қайталанады. Бұл жерде, баланың психологиясы бұзылып жатқанын түсінуіміз керек, – деді басқарма басшысы.
Қоғам мәдениетінің әлсіреуіне инфрақұрылымның болмауы да кері ықпалын тигізуде деп санайды облыстық мәслихат депутаттары. Себебі олар жыл сайын өңірдің барлық қалалары мен аудандарын аралап, кітапхана, мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың мәселелерін зерделейді.
– Негізгі проблеманың бірі – тиісті инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, кей жерлерде тіпті жоқ немесе тозған, – дейді Қадиша Базарбайқызы. – Қазіргі таңда өңірлерде, әсіресе, ауылдық жерлерде мәдениет нысандарының тапшылығы сезіледі. Көптеген мәдени нысандар тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында, бейімделген үй-жайларда орналасқан. Қоғамдық сананы жаңғырту міндеттерін ескере отырып, репертуарды қалыптастыру мен жаңартуда театр-концерт ұйымдарының енжарлығы байқалады. Еліміздегі театр-концерт ұйымдарының репертуарларында шетелдік авторлардың шығармалары бойынша қойылған қойылымдар басым. Бұл өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге толық ықпал ете алмай отыр. Сала мамандарының еңбекақысы қазақстандықтардың орташа жалақысынан 2 есе аз. Оларды әлеуметтік қолдау төмен. Қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдай кадр тапшылығына алып келді.
Бұл пікірмен Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ильдар Акимбаев келісіп отыр. Баяндама жасаған Ильдар Рахымұлы да саладағы өзекті мәселелерге тоқталды.
– Қазіргі уақытта заманауи концерт залы керек. «Шалқыма» концерт залы «Октябрь» кинотеатрының бейімделген ғимаратында орналасқан. Бейнелеу өнері музейі тұрғын үйдің бірінші қабатында екенін білесіздер. Кітапхана мен музей ғимараты да қажет. Бүгінгі таңда мәдениет және өнер ғимараттарының 80%-ында жеке ғимарат жоқ. Тәуелсіздіктің 30 жылында облыста С.Сейфуллин атындағы академиялық театры, Нұра ауданында тарихи-өлкетану музейі ғана салынды. Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы демеушілердің есебінен бой көтерді. Оңтүстік-Шығыс шағын ауданында бірде-бір мәдениет нысаны жоқ, – деп атап өтті баяндамашы.
Сонымен қатар, ол мәдениет нысандарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету деңгейі төмен екенін айтты. Концерттік костюмдер, музыкалық аспаптар, дыбыстық және жарықтандыру құралдары, жиһаздар да ескірген. Бұл пікірді облыстық мәслихат депутаты Меруеш Башай да қолдады.
– Мәдениет саласында мәселе көп, оның кенжелеп қалғаны рас, – деді депутат. – Жалақыны есептеу коэффициенті, аспаптарды пайдалану ережесін өзгерту сынды ұсыныстарды жазбаша ұсынамын. Ал, отырыс тақырыбына қатысты, жалпы мәдениет қалыптастыру отбасынан басталады дегім келеді. 14 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні шектеу қажет деп ойлаймын. Желідегі комментарийден-ақ халықтың мәдениетін көруге болады. Оны шектемесек, мәдениет қана емес, ұлттың болашағына төнер қауіп зор.
Қадиша Базарбайқызы баяндамада аталған мәселелерді шешуде ұсыныстар талап етті.– Алдағы уақытта келер жылдың бюджетін талқылап, бекітеміз. Сол кезде аталған проблемаларды шешу үшін «мынадай керек», «мынау қажет» деп нақты ұсыныс беруіміз қажет. Меруеш Башай көтеріп жүрген концерттік зал мәселесі келесі жылы шешімін табуы тиіс. Айтылған басқа мәселелер бойынша ұсыныстар күтемін, – деді ол.
Сонымен қатар, жиында аймақта креативті хаб ашу мәселесі де талқыланды. Оның идеясын Орталық Азия тұрақты даму қоғамдық қорының Шығармашылық инновациялық институты директоры Ирина Харитонова, Стратегиялық коммуникациялар агенттігінің басшысы, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі қоғамдық көмекші Шахзада Шогельбаева таныстырды.
– Осындай хабтарды еліміздің барлық өңірлерінде құру жоспарланған. Сондықтан, Қарағанды өңірі бұл салада алғашқылардың бірі болса, мәдениетті дамытуда пилоттық жобалар ұсынса, жақсы емес пе? – деді Қадиша Оспанова.
Отырыс барысында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Нұрлан Бикенов басқарма барлық идеологиялық міндеттерді жүзеге асыру мақсатында жағымды қоғамдық пікір қалыптастырумен айналысатынын атап өтті.
– Қазіргі кезеңде еліміздің идеологиялық тұғырнамасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында өзінің бағдарламалық сөзінде тұжырымдады. Бұл идеологияның түбірінде «Әділеттілік» қағидаты жатыр. Әділеттілік идеясы соңғы жылдардағы көптеген нақты мемлекеттік шешімдердің негізін қалады. Ол жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға, отбасылық құндылықтарды, еңбекқорлық пен кәсібилікті нығайтуға, экологиялық мәдениетті, патриоттық рухты қалыптастыруға бағытталған, – деді Нұрлан Бикенов.
Жалпы, спикерлер де қазіргі қоғамдағы мәдениет деңгейін сарапшылардың басым бөлігі сипаттағандай, «дағдарыс» кезеңінде тұрғанын атап өтті. Мұндай жағдайда төл мәдениетіміздің негізгі мәселелеріне баса назар аударуға әсер ететін мәдени саясат әдістерінің жүйесін әзірлеу ерекше өзекті бола түседі.
Депутаттардың пікірінше, бәсекеге қабілетті заманауи өнерді дамыту және қоғамның мәдени санасын арттыру үшін шығармашылық хаб ашу мүмкіндігін қарастыру керек. Ол дарынды және зиялы жастарға қолдау көрсетіп, оларға тәлімгерлік етуге жағдай жасайды. Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен және мәслихаттарымен бірлесе отырып, бұқаралық мәдениетті дамыту және халықты облыстың мәдени өміріне белсенді тарту бойынша жұмысты күшейту жоспарын әзірлеу ұсынылды. Білім басқармасы ішкі саясат басқармасымен және жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесе отырып, мектеп оқушыларымен және жастармен адамгершілік-рухани құндылықтарды, патриотизмді қалыптастыру бойынша жұмысты күшейтуі қажеттігі айтылды.
Кеңейтілген отырыс барысында облыстық мәслихаттың алдыңғы жылдардағы шешіміне өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарды жиналғандар бірауыздан қабылдады.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»