Жаңалықтар

Қоғамдық бақылау қолға алынады

    Жуырда Жандос СӘРСЕНОВТІҢ төрағалығымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысындағы Әдеп жөніндегі Кеңестің кезекті отырысы өтті.

Отырыста департамент басшысының орынбасары Берік Ахметов Кеңестің 2017 жылдың 19 қаңтарында берілген ұсыныстардың орындалуы туралы айтып, қаралған жеті мәселе бойынша мағлұмат беріп өтті. Қарағанды қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысы Сабыржан Даутбергеновке қатысты жүргізілген қызметтік тергеу материалдары әкімшілік жауапкершілігін қарастыру мақсатында облыстың жердің пайдаланылуы мен қолданылуын бақылау басқармасына жолданды. Аталған басқарманың ақпаратына сәйкес, мекеме басшысына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 47649 теңге көлемінде айыппұл салынды. Приозерск қаласының ветеринария бөлімінің басшысы Ботагөз Қалмурзинаға ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспарын орындау туралы департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Дидар Смағұлов баяндама жасады. Іс-шара жоспары 71 тармақтан тұрады. Соның ішінде, әрбір мемлекеттік орган 25 тармаққа жауапты. Алайда, мемлекеттік органдардың басым бөлігі аталған тармақтардың жартысы бойынша ғана ақпарат беруде. Қалған іс шаралардың тағдыры белгісіз. Мүлде орындалмаған, немесе есептік ақпаратта көрсетілмеген. Дегенмен, аталған тармақтарды толықтай орындап, растайтын құжаттарын ұсынған мекеме де бар. Бұл – Қарағанды облысының жұмылдыру дайындығы басқармасы. Сол сияқты, есептік ақпарат беруде үлгілік танытқан Осакаров, Шет аудандары мен Сәтбаев қаласының әкімдіктерін айтуға болады.

Аталған мақсатқа жету жолында іс-шаралар жоспарының 51-ші тармағына сәйкес, мемлекеттік мекемелердің тапсырысымен тұрғызылған нысандарға (автомобиль жолдары, тұрғын үй нысандары, саябақтар, гүлзарлар және тағы басқалар) мердігер мен нысанды қабылдаған тұлғалар (тиісті аумақтық бірліктің әкімі және жетекшілік ететін орынбасары) туралы мәлімет, нысанның кепілдік мерзімі мен жоба құны көрсетілген стендтер ұйымдастыру ескерілген. Ғимарат құрылысы туралы айтатын болсақ, қолданысқа берілген барлық нысандарда мұндай стендтер бар. Алайда, қоғам мен БАҚ тарапынан көбіне-көп қызығушылық тудыратын жол құрылысы туралы мәлімет. Жөнделген жолды қайта жөндеу қажеттілігі туралы сыни материалдарды да жиі кездестіреміз. Сөйте тұра, белгілі бір жол учаскесіне берілетін кепілдік мерзімі туралы ақпарат алу да қиындық туғызады. Сондықтан, жөнделген немесе жаңадан салынған барлық жолдарға аталған жолды салған, аяқталған құрылысты қабылдаған тұлғалар, құрылыс құны және ең бастысы – кепілдік мерзімі туралы ақпарат көрсетілген стенд орналастыру атап көрсетілген еді. Бұдан былай, жол кепілдік мерзімінен бұрын істен шыққан жағдайда, уәкілетті орган ғана емес, қоғам мен БАҚ өкілдері де наразылық білдіре алады. Алайда, бүгінгі күнге дейін жоспардың бұл тармағы іске асырылмады. Соған байланысты, департамент аталған тармақтың орындалуы керектігі туралы Қарағанды қаласы әкімдігінің коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолда­ры бөліміне бірнеше мәрте хат жолдаған болатын. Өткен жылы 21 қазанда аталған бөлімнен қайыра хат келіп, ақпарат өндірістегі жұмыс аяқталып, қабылдау актісі әзір болғаннан кейін ғана мәлімет берілетіні айтылған. 2016 жылы 15 желтоқсанда департамент тағы хат жолдады. Алайда, бүгінгі күнге дейін жауап келмеген.

Отырыс барысында мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалардың және ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің талаптарын бұзудың алдын алу жөнінде атқарылған жұмыстар туралы Нұра ауданының әкімі Ниқанбай Омарханов баяндама жасады. Аудан басшысы атқарылған жұмыстар туралы айтып, оң өзгерістерге тоқталды. Жеткен жетістіктерді жеткізіп, өткен жылы жүргізілген жүйелі жұмысты түйіндеді.

Бұдан өзге, Абай ауданы әкімі аппаратының басшысы Клара Кабдуалиеваға қатысты тәртіптік іс қаралып, департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Марат Рахымжановтың баяндамасы тыңдалғаннан кейін, Кеңес мүшелерінің шешімімен ауданы әкімі аппаратының басшысына сөгіс жарияланды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button