Ресми

Қоғамдағы теңдік дамуға бастайды

Аймақта ерекше қамқорлықты қажет ететін балалармен жұмыс белсенді жүргізіліп келеді. Осындай жұмыстардың арқасында Қарағанды облысында 300-ден астам ерекше бала тегін арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау алған. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ерекше балалардың ата-аналарымен кезекті кездесуін өткізді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Биыл бұған дейін үш кездесу өткен. Төртінші кездесуде мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру, медициналық көмек, жұмысқа орналасу, мәдени демалыс және спортпен шұғылдану сынды мәселелері көтерілді. Талқылауға облыстық басқармалар басшылары, қалалар мен аудандардың әкімдері қатысты.

Облысымызда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны артқан. Дерекке сүйенсек, 2023 жылдың желтоқсанында мұндай балалар шамамен 15 мың болса, бүгінде олардың саны 20 мыңға жуықтаған.

Жақында Балқашта психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті және Қарағандыда қосымша психологиялық-медициналық-педогогикалық кабинет ашылды. Бұдан бөлек, 10 арнайы білім беру ұйымында «Қазақстан Халқына» қоры бейімделген спорттық және балалар ойын алаңын орнатты.

– Биыл аймақта алғаш рет ерекше балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысы іске асырылды. 300 адам қамтылды. Шахтинск және Теміртау жалпы білім беретін мектептерінде екі қолдау кабинеті ашылды. Қарағанды қаласындағы №5 жалпы білім беретін мектеп те сенсорлық интеграция бөлмесімен жабдықталған, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.

Алдағы уақытта Теміртау қаласында аутизм орталығын ашу, Қарағандыда оңалту орталығын кеңейту мәселесі қарастырылып жатыр.

2025 жылы облыс аумағындағы барлық қалалар мен аудандарда инватакси 18 жастан асқан психикалық ауытқуы бар адамдарға қол жетімді қылу көзделген.

Тағы бір айта кетерлігі, жыл сайын ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған спорт секцияларының саны артып келеді. Келесі жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы қалалар мен аудандарда 600-ге жуық адамды спортпен қамту жоспарланып отыр.

Кездесуде ата-аналар тарапынан бейімдеме дене шынықтыру үшін дене шынықтыру мұғалімдерін дайындайтын Қарағанды жоғары оқу орындарының міндетті бағдарламасына енгізу туралы ұсыныс түсті. Білім басқармасы бұл мәселені қарастыруға уәде берді.

Биыл Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаңа ойын аймақтары орнатылғанын да атап өткен жөн. Әзірге олар тек Орталық саябақта және Майқұдықта орналасқан. Келесі жылы дәл осындай алаңдар қаланың басқа аудандарында бой көтеруі керек. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қалалар мен аудандардың әкімдеріне өз елдімекендерінде осындай ойын кеңістігін ұйымдастыруды тапсырды.

– Әкімдер мен басқарма басшылары ерекше балалардың ата-аналарымен үнемі кездесіп, олардың қажеттіліктерін білуі тиіс. Мен ата-аналарға белсенді қатысқаны үшін және әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Бірақ, мен оларды жиі сынаймын. Біз бүгін көтерілген барлық мәселемен айналысуымыз қажет. Қоғамда бәрі тең деген сана қалыптасуы тиіс. Ерекше балалар мен ересектер қоғамдық орындарда еркін жүріп, жайлы өмір сүруі керек, – деп атап өтті облыс әкімі.

«Батыл жүрек» қоғамдық қайырымдылық қорының негізін қалаушы Оксана Югай облыс әкімімен кездесулер ата-аналардың мәселелерін жылдам әрі сапалы шешуге көмектесетінін атап айтты.

– Нақты нәтиже байқалады. Қалалар мен аудандар қосылды. Сұрақтар азайды, бірақ әлі де бар. Қарағандыдағы ақыл-есі кем балаларға арналған мектеп қажет. Интернаттарда тьюторлар өте қажет, алайда, бұл – министрлікке қатысты мәселе. Ең бастысы – билік бізге құлақ түреді, – дейді Оксана Югай.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button