Қоғамдағы татулық – баршамыздың ортақ құндылығымыз
Уақыт алға жылжыған сайын қоғам да жаңарып, жаңа талаптар мен міндеттерді алға тартады. Бүгінгі таңда еліміз ауқымды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Осы үдерісте Конституция жобасындағы жаңашыл бастамалардың маңызы ерекше.

Конституция – бұл тек құқықтық құжат қана емес, ол – мемлекетіміздің даму бағытын айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған берік кепіл. Оның басты мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту, ел тұрақтылығын сақтау және болашақ ұрпаққа сенімді құқықтық негіз қалыптастыру.
Жоба аясында Қазақстан халқы кеңесінің құрылуы – қоғамдық диалогты дамыту жолындағы маңызды қадам. Бұл бастама Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының алаңдарын бір арнаға тоғыстырып, ел ішіндегі өзекті мәселелерді бірлесе талқылауға және тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Мұндай тетіктер қоғамдағы бірлік пен өзара түсіністікті күшейте түсетініне сенімдімін. Бүгінде азаматтардың жаңа бастамаларды қолдауы – олардың ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетеді. Біз бұл өзгерістер арқылы балаларымыздың қауіпсіздігі мен жарқын келешегін қамтамасыз ететін құқықтық негізді қалыптастырып отырмыз.
Еліміздің орнықты дамуы, мемлекеттік институттардың тиімділігі және қоғамдағы татулық – баршамыздың ортақ құндылығымыз. Осы жолда бірлесе әрекет етіп, оң өзгерістерді қолдау – әр азаматтың жауапкершілігі.
Ахат МҮСЛІМОВ
Балқаш қалалық мәслихатының төрағасы


