Ресми

Қоғамда қағажу көрмесін деп…

Мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамда ешқандай қағажу көрмеуі тиіс. Аймақтағы ерекше қажеттілікті қажет ететін балалардың жағдайы үнемі облыс әкімдігінің назарында. Осы орайда аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев ерекше балалардың ата-аналарымен дәстүрлі онлайн кездесу өткізді. Медицина, білім беру, әлеуметтік қорғау және спорт мәселелерін талқылауға басқарма басшылары, қалалар мен аудандардың әкімдері қатысты.

Кездесу барасында ведомство басшылары облыс әкімі берген тапсырмалардың қалай орындалып жатқаны жөнінде баяндады. Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Бөлкенбаев арнайы және инклюзивті сыныптар желісін кеңейту жұмыстарының жалғасып жатқанын айтты.

– Биылғы оқу жылында 40 арнайы сынып, 2 мыңнан астам жалпы сынып жұмыс істейді. Онда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар оқып, білім алады. Ал, 10 арнайы мектеп-интернатта 194 сынып бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға көп. Келесі оқу жылында көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатта интеллектісі дамымай қалған оқушыларға арналған сыныптар ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Азамат Бөлкенбаев.

Дерекке сүйенсек, облыста 18 жастан асқан ерекше балалардың әлеуметтенуіне және білім алуына назар аударылуда. Облыстың алты жоғары оқу орнында мүмкіндігі шектеулі 217 студент оқиды. Жоғары оқу орындары да өз тарапынан қажетті қолдауды көрсетеді. Мысалы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде де мұндай оқушыларға студенттердің үйлерінде тегін тұруға мүмкіндік беріледі. Биыл облыс әкімінің грантын алу үшін алты талапкер өздерінің бизнес-жобасын қорғайды.

Бұған дейінгі кездесуде ерекше қажеттілікті талап ететін балалардың ата-аналары емханалар жанынан ЕДШ (емдік дене шынықтыру) кабинеттерін ашуды сұраған еді.

– Бізде 37 медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымы бар, оның 13-інде емдік дене шынықтыру кабинеттері ашылды. Сондай-ақ, анестезиологиялық құралдармен МРТ (магниттік-резонанстық томография) және КТ (компьютерлік томография) зерттеулерін жүргізу туралы мәселе көтерілді. Биыл желтоқсан айында облыстық балалар клиникалық ауруханасында МРТ және КТ кабинеті ашылады. Онда анестезиологиялық құралдармен зерттеу­лер жүргізуге мүмкіндік болады, – деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.

Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий мүгедектігі бар адамдар үйден шықпай-ақ барлық қажетті ақпаратты біле алуы үшін екі басқарманың сайттарында бірыңғай өңірлік бөлім құрылғанын хабарлады.

– «Ерекше қажеттіліктері бар жандарды қолдау шаралары» мамандандырылған бөлімі құрылды. Біз интернет-ресурстардың бірыңғай платформасын портал үшін негіз ретінде пайдаландық. Бөлім білім және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының беттерінде орналастырылған және 14 түрлі сервисті біріктіреді. Мұнда әлеуметтік қызметтер, курорттық емдеу, инклюзивті тауарлар туралы ақпарат және тағы басқа қызметтер бар. Қажетті ақпаратты екі тілде алуға болады, – деді Константин Ильницкий.

Аймақ басшысы алдағы уақытта ақпарат толықтырылатынын айтты. Кері байланыс алу және бөлімнің пайдаланушыларға қаншалықты ыңғайлы екенін түсіну қажеттігін де назардан тыс қалдырмады.

– Мен басқарма басшыларынан ерекше қажеттелігі бар балалардың ата-аналарымен үнемі байланыста болуды сұраймын. Көп жұмыс атқарылды. Бірақ, әлі де кезек күттірмейтін жұмыстар күтіп тұр. Барлық жағдай үнемі назарымызда. Туындаған барлық мәселені бірлескен күш-жігермен уақытылы шешетін боламыз, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Ата-аналар мен қоғам белсенділері басқарма басшылары мен облыс әкіміне тікелей сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды. Барлық өтініш қаралып, жауаптары келесі кездесуде ел назарына ұсынылмақ.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button