Қоғам талабы – білімді ұрпақ
Қазіргі уақытта білім беру жүйесінде «функционалдық сауаттылықты» қалыптастыру өзекті болып отыр.
Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен жаратылыстану-математика пәндері (химия, биология, физика, география, математика) мұғалімдері үшін «Іс-тәжірибемізбен бөлісеміз» атты облыстық жоба аясында «Функционалдық сауаттылықты дамытудың тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбында семинар өтті. Семинарға облыстық мамандандырылған мектеп интернаттары мен қалалық мектептерден жаратылыстану-математика пәндері бойынша 40 мұғалім қатысты.
Жаратылыстану-математика пәндерін оқытуда инновациялық әдістерді, заманауи білімдік және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануға, алған білімдерін күнделікті өмірде қолдана алатындай білім беру мен тәрбиелеу – семинардың басты мақсаты. Семинарда ҚО ББД ОӘО әдіскері З.Түкбаева мен мектеп директоры Қ.Илимбаев сөз алып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру қазіргі заман талабы екендігін атап өтті.
Семинардың негізгі бөлімінде ұстаздар ашық сабақтар көрсетті. «Оқушылардың математикадан функционалдық сауаттылығын дамытуға арналған тапсырмалар» тақырыбында математика пәнінің мұғалімі М. Мұхамеджанова шеберлік сынып өткізді. Оқытудың жаңа технологиясын іс-әрекеттік тұрғыда жетілдіруде оқушының білім жетістіктерін арттыру, тест сұрақтарына жауап беру мәселелерін шешу, функционалдық сауаттылығын арттыруда белсенді жұмыс түрлері арқылы жоғары нәтижеге жетуге ықпал ету көзделді. Информатика пәнінің мұғалімі Б. Қажыкенованың ұйымдастыруымен «Biolad–роботын бағдарламалау» атты көрмеде робототехника үйірмесінің жұмыстары көрсетілді.
Семинарды қорытындылау кезінде семинарға қатысқан мұғалімдер оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру және дамытуда бірнеше ұсыныстарды атап өтті.
Б. МҰХАМЕДЖАНОВА,
Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының мұғалімі.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.