Облыста ұрлық, бопсалау, алаяқтық бойынша 20 күдікті ұсталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында құқықтық мемлекет құрудың басты алғышарты ретінде «Заң мен тәртіп» қағидатына ерекше мән беріп келеді. «Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет. Ең алдымен, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек. Заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс», – деп нақты атап көрсеткен еді. Бұл тұжырым – бүгінгі Қазақстан қоғамының даму бағдарының айқын көрсеткіші. Облыс аумағында аталған стратегиялық бағыт нақты іс-шаралармен бекітіліп, құқық қорғау жүйесінің барлық буыны кешенді әрі нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді. Аймақтағы соңғы деректерге сүйенсек, қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, алдын алу шараларын күшейту және құқықтық мәдениетті қалыптастыру жүзеге асырылуда.

Қылмысқа қарсы күрес жүйелі
Облыста құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысы қылмысқа қарсы күрестің нақты нәтижелерін көрсетіп отыр. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін әшкерелеу бағытында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары бірқатар маңызды жетістіктерге жеткізді. Дерекке сүйенсек, жүргізілген бір ғана операция барысында ұрлық, бопсалау, алаяқтық және тонау фактілері бойынша 6 қылмыстық іс қозғалып, 20 күдікті ұсталды. Сонымен қатар, 47 санкцияланған тінту жүргізіліп, нәтижесінде заңсыз айналымнан қару-жарақ, оқ-дәрілер, бірнеше автокөлік және ірі көлемдегі ақша қаражаты, оның ішінде шетел валютасы тәркіленді.
Аталған қылмыстық топ жастарды өз қатарына тартуға тырысқан. Тергеу барысында топ мүшелерінің бірі спорт саласындағы беделін пайдаланып, «спортты дамыту» деген желеумен жасөспірімдерді ауыр және аса ауыр қылмыстарға итермелегені анықталды. Бұл жағдай қазіргі қылмыстың күшке ғана емес, әлеуметтік ықпал мен психологиялық манипуляцияға да негізделе бастағанын көрсетеді.
Қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін тағы бір маңызды мәселе – мас күйінде көлік басқару.
– Жыл басынан бері Қарағанды қаласында 143 мас жүргізуші анықталды. Олардың бесеуі құқық бұзушылықты қайталап жасап, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Кейбір жағдайларда жүргізушілердің куәлігі болмай тұрып, көлік басқаруы анықталып отыр. Бұл құқықтық нормаларды елемеумен қатар, өзге азаматтардың өміріне тікелей қауіп төндіру екенін ұмытпаған жөн. Мұндай деректер қоғамда құқықтық нигилизмнің әлі де бар екенін көрсетеді, – деп атап өтті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Какимов.
Сенімге негізделген қауіп
Соңғы жылдары алаяқтық қылмыстарының сипаты айтарлықтай өзгерген. Кеншілер өлкесінде тіркелген істер қылмыскерлердің материалдық пайда көздеп қана қоймай, адамдардың психологиясын терең меңгергенін дәлелдейді. Мәселен, мына бір жағдайда 43 жастағы әйелдің сеніміне кірген күдікті оның телефоны мен банк қосымшасына қол жеткізіп, 290 мың теңге көлеміндегі қаражатты иемденген.
Тағы бір күрделі қылмыстық жүйе «білім» тақырыбымен байланысты. 32 жастағы алаяқ ата-аналардың балаларына деген үмітін пайдаланып, «грантқа түсіремін» деген уәдемен 11 эпизод бойынша қылмыс жасаған. Жалпы, келтірілген шығын көлемі 15 миллион теңгеге жеткен. Бұл жағдай алаяқтықтың әлеуметтік сезімдерге әсер ету арқылы жүзеге асырылатынын көрсетеді.
Егде жастағы азаматтарға бағытталған қылмыстар да қоғамды ерекше алаңдатып отыр. Теміртауда анықталған топ кемінде 9 эпизодқа қатысып, жәбірленушілерге 320 мыңнан 4 миллион теңгеге дейін шығын келтірген. Қылмыскерлер жәбірленушімен телефон арқылы туысы ретінде сөйлесіп, кейін «курьер» арқылы ақша алдыру тәсілін қолданған. Жәбірленушілердің жасы 75-тен жоғары болғаны олардың осал топ екенін дәлелдейді.
Бұдан бөлек, көлеңкелі экономика элементтері де қауіп төндіруде. Жол қауіпсіздігі саласында жүргізілген рейдтер барысында 300-ден астам құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде, минивэндер бойынша 153, автобустар бойынша 161 құқық бұзушылық тіркеліп, 35 мемлекеттік нөмір алынып, 22 көлік айып тұрағына қойылған. «Жатып тасымалдау» сияқты заңсыз қайта жабдықтау жағдайлары жолаушылардың өміріне үлкен қауіп төндіретінін айту керек. Бұл – табыс табу мен қауіпсіздік арасындағы қайшылықтың нақты көрінісі.
Құқықтық мәдениет қауіптің алдын алады
Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің ең тиімді жолы – алдын алу шараларын күшейту және құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Облыста бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мектептерде ұйымдастырылған құқықтық сауаттылық сабақтарына 400-ден астам оқушы қатысып, буллинг, кибербуллинг, есірткі қылмыстары және кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі сияқты маңызды тақырыптар талқыланды.
– Заңды құрметтеу – бұл өз құқығыңды қорғау және әр әрекетіңе жауап беру. Жасөспірімдер – елдің ертеңі. Қазақстанның болашағы жас буынның бүгінгі таңдауларына тікелей байланысты, – дейді полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов.
«Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы да нақты нәтижелер көрсетті. Екі күн ішінде 133 жасөспірімнің түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүргені анықталып, олардың 11-і бейімдеу орталықтарына орналастырылды. Сонымен бірге, 19 жасөспірім девиантты мінез-құлқы үшін есепке алынып, 170 әкімшілік хаттама толтырылған. Бұл ретте 25 ата-ана мен 4 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды. Бұл деректер құқық бұзушылықтың алдын алу мемлекеттік органдармен қатар, ата-аналардың һәм қоғамның ортақ міндеті екенін аңғартса керек.
Одан бөлек, көші-қон саласында да бақылау күшейтілген. Тексеру нәтижесінде 192 нысан тексеріліп, 441 құқық бұзушылық анықталыпты. Оның ішінде 37 «резеңке пәтер» тіркеліп, 106 адам заңсыз тіркеуден шығарылған. Бұл – көлеңкелі көші-қонның қоғамдық қауіпсіздікке тікелей әсер ететінін дәлелдейді.
Қауіпсіздік инфрақұрылымын жетілдіру мәселесі де күн тәртібінде. Сараптамалар күзет қызметкерлерінің даярлығы, техникалық құралдардың тұрақтылығы және әрекет алгоритмдерінің жеткіліксіздігін көрсетті. Осыған байланысты бірыңғай деректер базасын құру, төтенше қызметтермен өзара іс-қимылды күшейту, оқу-жаттығулар өткізу және техникалық тексерулерді жүйелеу ұсынылды.
Облыс аумағындағы ахуал заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Дегенмен, құқықтық тәртіп жазалау шараларымен ғана емес, азаматтардың құқықтық санасы мен мәдениеті арқылы нығаяды.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



