Ресми

Қоғам үшін маңызды мейрам

Патриотизм рухында тәрбиелеп, отансүйгіштік сезiмiн ұрпақ бойына дарытуда тарихи оқиғалар мен айрықша күндер зор ықпал етеді. 13 жыл, бір мүшелден кейін «ұлттық» мәртебесімен қайта оралған Республика күнінің тарихи мәні тереңде, саяси мәні ерекше. Сонымен қатар, Ұлттық мерекенің әлеуметтік мәніне де назар аударған орынды. Осы күн қарсаңында тұтас ел көлемінде ілкімді істер жүзеге асырылады.

Коллажды жасаған А.КОКТАЕВА

Атаулы күн әдетте жағымды жаңалықтарға толы болады бізде. Мереке қарсаңында түрлі әлеуметтік нысындар ашылады, пәтер кілттері табысталады. Ұлттық мейрамда мұндай жақсы істер еселене түсері сөзсіз. Мәселен, аймақта бүгін және ертең бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылуы жоспарланған. Приозерск қаласында, Ақтоғай, Бұқар жырау және Нұра аудандарында халықтың әлеуметтік осал топтарына және тұрғын үй кезегінде тұрған жандар баспаналы болмақ. Облыстың әр өңірінде 40 отбасы көптен күткен пәтер кілтіне қол жеткізеді. Сонымен қатар, Бұқар жырау ауданының Астаховка ауылында су құбыры пайдалануға берілді. 300-ге жуық тұрғыны бар ауыл үшін бұл үлкен жаңалық.

Облыс орталығында мереке күні «Алаш» аллеясы мен «Өлкетану» кітапханасы ашылады. Бұл ұлттық нақыштағы композиция болады деп жоспарланған. Мереке аясында аудандарда да нысандар ашылады. Мәселен, Ақтоғай ауданында спорт және балалар алаңы, Абай ауданында дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараты, Нұра ауданында жартылай фабрикаттар дайындау цехы ашылмақ. Сонымен қатар, мереке аясында абаттандырылған 52 аула мен «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 44 нысан пайдалануға беріледі. Аталған нысандар өңір үшін, ондағы тұрғындар үшін маңызды. Барлығы әлеуеттің әлеуметтік ахуалын арттыруға бағытталады.

Мереке қарсаңында қайырымдылық шаралары да назардан тыс қалмаған. Әлеуметтік осал топ өкілдеріне көмектесу үшін осы жолы «Жаңашыр жүрек» игі істер марафоны іске қосылады. Акция аясында Жастар ресурстық орталығының еріктілері «25 игі іс» акциясын іске қоспақшы. Оның шеңберінде қайырымдылық түскі ас, қарттарға, жалғызілікті қарияларға, балаларға және мүгедектігі бар адамдарға көмек, азықтүлік жиынтықтарын табыстау және экологиялық іс-шаралар жоспарланған. «Таза Қазақстан. Таза табиғат» жобасы бойынша аулалардың, көшелердің, саябақтар мен су айдындарының аумағын тазалау жұмыс­тары да жүргізіледі.

Жалпы өңірлерде мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына жергілікті бюджет қаражаты есебінен біржолғы материалдық көмек, сондай-ақ, сыйлықтар мен азықтүлік жиынтықтарын тапсыра отырып, қайырымдылық көрсету көзделген. Атап айтқанда, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 42 720 адамды қамту жоспарланған. Бұл мақсатта 857,5 млн теңге бөлінген. Бұл санатқа Екінші дүние­жүзілік соғыстың ардагерлері, мүгедектігі бар жандар және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар жатады. Одан бөлек, көпбалалы отбасы балаларының мектепке дейінгі ұйым шығындары өтеледі. Сонымен қоса, өңірлерде азықтүлік себеттері таратылады. Нақтыласақ, мұндай көмек Қарағанды, Балқаш қалалары мен Ақтоғай, Қарқаралы аудандарының 125 тұрғынына жасалады. Бұған бюджет қаражатынан тыс 640 мың теңге қарастыру жоспарланған.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін мерекелік шараларды, түскі астар мен байқаулар, спорттық жарыс­тарды ұйымдастыруға бюджеттен тыс 470,0 мың теңге көлемінде қаражат көзделген, 2 827 адам қамтылмақ.

Мұның сыртында барлық мәдениет және спорт нысандарында ұйымдастырылатын қаншама салтанатты жиындар, мерекелік концерттер мен спорттық шаралар бар. Мұның барлығы да мерекенің мәнін айшықтай түсері анық.

«Республика» сөзі латын тілінде «ортақ іс» деген мағына беретіні баршамызға белгілі. Бір сөзбен айтқанда, Республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылады. Өйт­кені азаматтар – мемлекеттің арқауы. Азаматтары болмаса, мемлекет те болмайды», – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылы Ұлттық Құрылтайдың бірінші отырысында. Сол жылы Республика күні мерекесін «қайтарып», ұлттық мереке мәртебесін беруді ұсынды. Сондықтан, Республика күні жай мереке емес, басты ұлттық мейрамымыз және оның аясындағы барлық әлеуметтік шаралар оның маңызын асқақтата беруі тиіс.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button