Ресми

Қоғам сауалына жауап бар

Қоғамдық кеңестер биліктің ашықтығы мен есеп беруін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Олар қашанда өзекті мәселелерді шешу үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын. Осы орайда, Арқа жеріне тәжірибе алмасу мақсатында Батыс және Шығыс Қазақстан, Қостанай облысы, Шымкент қалаларынан Қоғамдық кеңес мүшелері келді. Стади-тур аясында «Қоғамдық кеңестер қоғамның билікпен байланыс құралы ретінде» тақырыбындағы брифингке қатысып, денсаулық сақтау қызметтерін іске асыру жөнінде кеңейтілген отырыс өткізді.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Брифингте қоғамдық кеңес мүшелері азаматтармен өзара іс-қимылды нығайту және жергілікті жерлерде өзекті мәселелерді шешу үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді. Өңірлердегі Қоғамдық кеңес мүшелері атқарушы билікпен жұмыс барысын баяндады.

– Қоғамдық кеңестердің мүшелері өз міндеттерін қоғамдық негізде жүзеге асырады. Азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және республикалық және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру маңызды. Облыстағы Қоғамдық кеңесте 37 мүше бар. Олар қоғамдық мәселелер бойынша пікірін білдіруде маңызды қызмет атқаруда, – деді Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Жәнібек Садықанов.

Брифингте сөз алған Шымкент қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі Рүстем Аштетаев қаладағы қоғам мүшелерінің араласуымен шешімін тапқан мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, Шымкентте 1990 жылдары кәріз жүйесі жекеменшікке өтіп, қаладағы су тарифі Қазақстандағы ең қымбат тариф деңгейіне жеткен. Осы орайда Қоғамдық кеңес дереу мәселе көтеріп, зерделеп, жергілікті әкімдікке ұсыныс берген. Қазіргі таңда Шымкент қаласының су ресурстары маркетингін мемлекетке қайтаруға қатысты жұмыс жүруде.

 

– Қоғамдық кеңестер бұған дейін консультативті кеңесші орган болып құрылған. Жиналған белсенді азаматтардың арқасында қазіргі таңда кез келген атқарушы билікпен диалог құра алатын органға айналуда. Осыны негізге алып, Қарағанды өңіріне тәжірибе алмасу мақсатында келдік. Бүгінде атқарылған істердің нәтижесінде бізге халықтың көптеген істерді атқаруға сенім білдіруде. Мәселен, Шымкент қаласында ұялы байланыс операторлары тарифті көтерді. Сол уақытта тарифтердің орынсыз көтерілуі, белгіленген нормативтен асқанына қарсы болып, Kcell и Beeline компания­ларына 56 млн. теңгеге айыппұл салып, өндірдік. Сондай-ақ, қаладағы газ бағасының қымбаттауы жөніндегі мәселелерді алға тартып, министрлікке жеткіздік, – деп атап өтті Шымкент қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі Рүстем Аштетаев.

Жиында Батыс Қазақстан өңірінен келген Бауыржан Зәкиұлы тәжірибемен бөлісті.

– Бүгінде халықтың көкейкесті әлеуметтік мәселелерін көтеріп жүрген қоғам белсенділері елдің сүйіктілеріне айналып отыр. Жалпы қазіргі таңда халық пен билік арасындағы диалог бар болғанымен, кейбір жағдайда алтын көпір өзінің жалғасын таппай жатады. Мысалы, биылғы көктемдегі су тасқыны, мемлекеттік сатып алудағы жемқорлық секілді үлкен мәселелер туындағанда халықпен диалог жүргізген қоғам белсенділерінің еңбегі зор. Заңнамаға сәйкес Қоғамдық кеңесте құзыреттілік көп емес, дегенмен, биыл күшіне енген «Қоғамдық бақылау туралы» Заң көмегін беруде. Осының аясында ашық кеңестерде көптеген мәселелер талқылап жүрміз, – деді Бауыржан Ахметжан.

Кеңес мүшелері жедел желі арқылы өңірдегі әлеуметтік мәселелер, әсіресе, облыстық бюджеттің игерілуі және Саран қаласындағы жылу жүйесі, Күнгейге газ тарту төңірегіндегі сұрақтарға жауап берді.

Стади-тур аясында облыс­тағы денсаулық сақтау қызметтерін іске асыру жөніндегі шаралар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тақырыбы қозғалды. Отырысқа Қоғамдық кеңес мүшелері, облыс­тың денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қатысты. Қатысушылар қаржыландыруды ұлғайту және медициналық қызмет сапасын жақсартудағы жүйенің артықшылықтары туралы пікірлерімен бөлісті. Сонымен бірге, МӘМС ұсынатын жаңа ережелер мен мүмкіндіктер туралы халықтың хабардар болмауына байланысты мәселелерді көтерді.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button