АймақҚарағанды

Қоғам мен билік: түсіністікке жол

Облыстық мәслихаттың өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, аграрлық және жер мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысында арнайы экономикалық аймақты және «SARAN» индустриялық аймағын дамыту, Қарағанды облыстық мәслихатының 2022 жылғы 8 желтоқсандағы XXI сессиясының «Қарағанды облысының аумағында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бекіту туралы» №276 шешімін іске асыру барысы талқыланды. Комиссия төрағасы, депутат Серғазы Әдекенов қос мәселе де зор маңызға ие екендігін атап өтті.

Жиын жұмысына өңірлер мәслихаттары, облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары, Қоғамдық кеңестің, «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймақ өкілдері қатысты.

Сонымен, өңірде 2011 жылы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы және 2021 жылы «Саран» индустриялық аймағы құрылғаны аян. Ал, 2019 жылы «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жарыққа шыққан болса, 2022 жылы арнайы экономикалық аймақтарды дамыту жөніндегі жол картасы бекітілген еді. Заңнамаға сәйкес, бұл аумақтарда арнайы құқықтық режим қолданылады. АЭА құрудың негізгі мақсатына келсек, жоғары өнімді әрі бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, өңірлік экономика саласында жаңа технологияларды енгізу, ең бастысы, халықты жұмыспен қамту.

Алғашқы болып сөз алған облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дарын Бұлқайыр «Сарыарқа» АЭА Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 24 қарашадағы №181 Жарлығымен құрылғандығын қаперге салып, қазіргі уақытта инфрақұрылымның негізгі объектілері салынып, пайдалануға берілгендігін мәлім етті. Іске асырылған жобалардың жалпы құны 107,8 млрд теңгені құраған. Негізгі өткізу нарығы – ішкі нарық және ТМД елдері.

Республикалық маңызы бар «SARAN» индустриялық аймағы 2021 жылы Қарағанды облысы әкімдігінің 2021 жылғы 15 наурыздағы №18/01 қаулысымен құрылды. Қазіргі уақытта аумақта жалпы құны 268,1 млрд теңге болатын 5 қатысушы тіркеліп, 249,4 млрд теңге инвестицияланды. Жоспарланған жұмыс орындарының саны – 2566 адам. Биыл 1 шілдеде «KamaTyresKZ» ЖШС автомобиль шиналарын шығаратын зауыт қолданысқа өтіп, бүгінде 590 жұмыс орны құрылған. Өнімнің алғашқы партиялары жергілікті және экспорттық нарықтарға жөнелтілді. 234,0 млрд теңге игеріліп, жобалық қуаттылыққа шығу 2027 жылға жоспарланды. Сондай-ақ, бұл аумақта жалпы құны 28,7 млрд теңгелік 3 ірі жобаны іске асыру межеленді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесі ерекше бақылауда. Бүгінде аталған өндірістік ошаққа сарп етілген әр 1 теңгенің қайтарымы 3 теңге болып тұр. Табыс молайып келеді. Сондықтан, Саран қаласы моноқаладан дербес мәртебеге ие болды. Алда атқарылар межелер бұдан да жоталы, бұдан да ауқымды, – деп хабарлады Дарын Бейбітұлы.

Басқарма басшысының баяндамасын мұқият тыңдаған депутаттар өз кезегінде келелі сауалдарын да алға тартты. Яғни, арнаулы экономикалық, индустриялық аумақтардың бос жатқан жерлерін игеру, келешектегі жоспарлар, инвесторлар әперетін игілік сынды сұрақтар егжей-тегжейлі тәптіштелді. Депутат Елдос Жүнісов өз кезегінде отандық өнім ретінде шығарылатын тауардың жергілікті тұрғындарға сатылатын бағамында көңіл қуантарлық жеңілдіктің жоқтығын алға тартты. Яғни, бұдан келіп әлеуметтік мүмкіндік пен игілігі өңір жұртшылығына тиесілі ме деген заңды сауал туындайтынын тілге тиек етті.

– Біз өзіміз автобус құрап, оның дөңгелегіне дейін өндіре аларлық қуатқа ие екенбіз. Ол өнім одан соң Татарстанға жөнелтіліп, өзімізге ондағы бағамен қайыра сатылатынын қалай түсіндіруге болады? Осыдан келіп салалық басқарма мен құзырлы мекемелердің жұмысына мін тағылады. Өзіміз жаратқан игіліктің көл-көсір пайдасын өзіміз неге көре алмаймыз? Әлбетте, бұл тұрғыда жүйелі жұмыс жүргізіліп, осындай өзекті дүниелер қағаберіс қалмау қажет, – деп ескертті депутат.

Сауалына жауабы ретінде Дарын Бұлқайыр мырза «KamaTyresKZ-тің» экспортқа өнім өндіруге еш кедергі жоқ екендігін мақұлдай отырып, ауыл шаруашылығы секторындағы тұтынушыларға төмендетілген бағамен көлік құралдарының сатылу үдерісі жолға қойылғандығын мәлімдеді. Мәселе, мұны тиісінше бақылауда. Бұл кәсіпорын әрқилы деңгейдегі тұтынушысына әртүрлі брендпен өнім ұсынады. Мұны да қаперден шығармаған маңызды деп түсіндірді спикер.

Мәселенің оңтайлы шешімін комиссия төрағасы Серғазы Әдекенов ұсынды. Депутаттар кәсіпорындар кешенін өзінің көзімен көріп танысу зор мәнге ие. Сондықтан, арнаулы жұмыс алқасын құрып, экономикалық-индустриалдық аумаққа ат басын тіреп, экскурсия жасау қажеттігі ұйғарылды. Онан соң өндірісті аймақта бірқатар іргелі жоғары оқу орындары да бар екендігі айтылды. Осы даңғайыр мүмкіндік атаулысын оңтайлы қолдана отырып, аталған өндіріс ошақтарына кластерлік тұрғыдағы саясатты жүзеге асыру қажеттігі де қаперге алынды. Иә, шетелдің тәжірибе-білігін пайдаланған жақсы-ақ қой. Бірақ, келе-келе, бара-бара оны шын мәніндегі «Made in Qazaqstan» мазмұнына лайықты ету тапсырмасы қылаңытары һақ. Президенттің негізгі тапсырмасы осыған келіп саяды. Ал, депутат Меруеш Башай инвестормен келіссөз кезінде отандық инженерлердің біліктілігін көтеру туралы арнаулы келісімнің іске асыру қажеттігіне баса назар аударды. Тариф теке-тіресіне назар аударған Ермек Әбілдин отандық өнімнің әл-әзір қоғамдық көліктегі жолақысына да әсер етерлік шамасының төмендігіне мән беріп өтті. Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Жәнібек Садықанов өндіріс ошақтарындағы еңбек қауіпсіздігін байыпты бақылау тұрғысындағы бірқатар ұсыныстарын алға тартты.

Нәтижесінде облыстық мәслихат депутаттары спикерлердің ұсынған тақырыптық мәліметтерін назарға ала отырып, әрі қарай өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, Саран қаласының әкімдігі, кәсіпкерлік басқармасы, экономика басқармасы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының және «SARAN» индустриялық аймағының базалық инфрақұрылымын салу кезінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру үшін кәсіпкерлік субъектілерін тарту мүмкіндігін қарастырып, ең қажетті шаралар легін қабылдау ұсынылды. Бұл орайда әрине жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы, Саран қаласының әкімдігі, жоғары, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары арнаулы аймақта жұмыс істеу үшін кәсіптік кадрларды даярлауға, тартуға және ұстап қалуға бағытталған шаралар кешенін әзірлеу маңызды. Әрі өндіріс ошақтарын үйлестіруші тарап мұнда жұмыс істеу тиімділігі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері туралы талдамалық ақпарат бере отырып, сондай-ақ, сапалы қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізген ләзім.

Келесі келелі мәселеге қайырылсақ. Қарағанды облыстық мәслихатының 2022 жылғы 8 желтоқсандағы XXI сессиясының «Қарағанды облысының аумағында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бекіту туралы» №276 шешімін іске асыру барысына мән берген комиссия төрағасы осы мәселе бойынша Қарағанды, Саран, Абай, Қарқаралы аудандарының әкімдіктерін, жергілікті полиция қызметін тыңдай отырып, содан кейін талқылауға кірісетінін хабарлады. Алдымен сөз алған Саран қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қайрешов Саран қаласында үй жануарларына қатысты қолданыстағы заңнаманы іске асыру мақсатында тұрғындар арасында қала аумағында жануарларды ұстау және серуендету қағидаларын түсіндіру бойынша профилактикалық іс-шаралар тұрақты негізде жүргізілетіндігін мәлім етті. Осы жұмыс шеңберінде үй жануарларын ұстау және серуендету тәртібін және иелерінің оларды бұзғаны үшін жауапкершілік шараларын түсіндіретін тиісті ақпараттық материалдар әзірленген. Ақпарат ресми интернет-ресурста, әлеуметтік желілерде және қалалық газетте орналастырылған. Үй жануарларын ұстауға жауапкершілікпен қарау туралы ақпараттық парақшалар халық арасында кең таралған. Жануарлармен жауапты қарым-қатынас жөніндегі ақпарат бизнес субъектілерінің назарына да жеткізілді. Учаскелік полиция инспекторлары қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскелерде азаматтарға жануарларды ұстау және серуендету қағидаларын түсіндіруге бағытталған профилактикалық іс-шаралар жүргізеді.

– Балалармен тәрбие жұмысын жүргізу шеңберінде қаланың жалпы білім беретін мектептерінде үй жануарларымен жұмыс істеу мәселелерін түсіндіру бойынша зооволонтерлік ұйым өкілдерінің қатысуымен бірқатар кездесулер өткізілді. Ата-аналар қауымы үшін педагогтар «үй жануарларын күтіп-бағуға жауапкершілікпен қарау» атты арнайы ақпараттық жадынамаларын дайындап таратты. Саран қаласының Жастар ресурстық орталығында жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында жастарды тәрбиелеуге бағытталған «Зооволонтерлік бастамаларды қолдау» жобасы іске асырылуда, оның негізгі мақсаты – адамгершілік қатынасты, мейірімділік танытуды насихаттау арқылы зооволонтерлік қозғалысты жандандыру. Бұл орайда әлбетте ақпараттық науқанның мәні зор екендігін қаперге саламыз, – деп ой тұжырды Мақсат Сейполлаұлы.

Саран қаласының аумағында үй жануарларын серуендету үшін бірқатар арнайы алаңдар анықталып, жабдықталған. Қазіргі уақытта Ақтас кентінде иттерді серуендетуге арналған алаңды жайластыру үшін жер учаскесін іріктеу жүзеге асырылуда. Қаржыландыруды бөлу және алаңды орнату 2025 жылы жүргізіледі. Тұрақты негізде қала полициясының қызметкерлері үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады. Ағымдағы жылдың басынан бастап осы Ережелерді бұзғаны үшін КобАП КР 407-2 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке – 24 адам тартылған.

Онан соң сөз алған қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Мұрат Тоқбаев қазіргі уақытта қала бойынша иттерді серуендетуге арналған 12 алаң ашылғанын, бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда деп қысқа да нұсқа қайырды. Бірақ қатысушылардың дені қалада ол алаңқайлардың ашылғаны турасында жергілікті халықтың хабарсыз екендігін, әрі облыс әкімдігінің жасыл алаңында көпшілік үй жануарларын серуендетуді әдетке айналдырғанын уәж қылып келтірді. Әрі кез келген адам ат шаптырым аумақтағы алаңқайға барып итін серуендеткісі келмейтіні айтпаса да түсінікті.

Дерекке сүйенсек, биыл ит, мысықтарды ұстау ережелерін бұзған 329 (2023 жылы 340) адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Нақтырақ айтсақ, оларға 7 миллион теңгеден астам айыппұл салыныпты. Оның 1 млн теңгеден астамы төленген (1 818 310 теңге, оның ішінде, Қарағанды – 1 273 740 теңге, Теміртау – 489 190 теңге, Шахтинск – 55 380 теңге).

Тіркелген ереже бұзушылықтың ішінде 139 (2023-52) үй жануарының (иттердің) шабуыл жасауынан денсаулыққа зиян келтіру фактісі сынды жағдайлар бар.

Атап айтсақ, үй жануарларын серуендетудің ережелері дұрыс сақталмай, нәтижесінде жануарлар жәбірленушілерге шабуыл жасап, дене жарақаттарын салған.

Ал, депутат Меруеш Башай бүгінде бір үйде кемі не екі ал көбінде үй жануарларының саны 4-5-ке дейін жетіп жығылатынын, есесіне көршісі көршісіне ит-мысықтың көптігінен маңайлай алмайтынын, онан соң алаңқайға серуендейтін жануарлардың айналасын ластайтынын да алға тартты. Бұған бір тоқтам болу қажеттігі де айтылды. Депутат Қадиша Оспанова шаһардың Оңтүстік-Шығыс бөлігінде қаңғыбас ит-мысықтың саны күрт көбейгендігіне алаңдаушылық білдірді. Иә. Иесіз иттер кейде үйірімен ондағы балабақшаға еніп кетіп, жас бүлдіршіндердің мазасын алу жайттары көбейген. Анықталғандай ветеринария басқармасының өкілі демеушілер қолдауының арқасында иттерге панажай салынып 200-ге тарта иесіз ит әкелінген. Оның дені зарарсызданып вакцинацияланған.

Депутат Зара Шалабаева ветеринария басқармасы тарапына «Таңба» атты ақпараттық жүйенің жай-күйі турасында сұрады. Өңірдегі үй жануарларының базасының тұрақты жұмысы қолжетімсіз екендігі көп адамды бейжай қалдырмасы анық. Бірақ, келесі жылы ИСЖ бағдарламасы бар мәліметті бір орталықтан басқарарлық деңгейге шығатыны мәлім болды. Депутат Мира Махатчина ең өзекті жайттарды жайып салды.

– Баяндамашылар ақпаратты толықанды ұсынуы керек. Мен сіздерге кері мысалдар легін келтірейін. Мұны бір ауыз сөзбен «иттердің шабуылы» деп атасақ та болатындай. Кейінгі 2022 жылдан бүгінге дейін бастап санасақ, шағым саны ресми статистикадағы ит санынан көбейіп барады. Бұл нені аңғартады? Жұмыс жүргізіліп жатқан болар, бірақ ауқымы аз. Саранның иесіз иттерін жиып-теріп «ДСК» маңындағы саяжай аумағына жасыру белең алды. Бұл – бір. Екінші бір легін Сарандағы су қоймасының жағалауына жайып жіберетінін жергілікті жұрт білмейді емес, біледі. Абай қаласындағы ахуал да осыған ұқсас. Заң заңымен ғой. Ал, бізде үндемей-түндемей маңызды мәселені «су жағасына апарып тастаумен» шектелетін бұл не деген парықсыздық?! Қала аумағын алалық. «Жекебаев», «Рабочий поселок», №54 мектеп аумақтарында ешбір бала емін-еркін жүре алмайды. Әлихан Бөкейхан ауданындағы жасөспірімдер мектепке барса үйіне, үйіне барса мектебіне бара алмайтын хәлге жеткен. Түсініп тұрсыздар ғой?! Бұл жолдың жоқтығынан емес, иесіз иттің кесірінен өрістеп тұр! – деп бірқатар түйткілді төтесінен қойды Мира Атамалқызы.

Депутаттың дәйегінше Бұқар жырау, Шет аудандарында ит-құсқа таланған бала саны артқан. Мұндай жаттар кейінгі үш жылда еселеп көбейген. Мұның құрығанда логикалық қорытындысын шығарып әрекет ету қажеттігіне мән берді облыстық мәслихат депутаты. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін иттен зәбір көретіндей күн туғаны ма? деген орынды сауал менмұндалайды мұндайда. «Қандай заң қабылданса да одан алдымен адам баласы зардап шекпейтін болу керек!» – деп бағамдады депутат.

Бұған ветеринария басқармасының тарабы заңнама аясындағы жұмыс тек былтырғы жылдан бері ғана іске асырыла бастағандығын алға тартты. Иә, кемшіліксіз іс жоқ екендігі аян ғой. Талқы таразысына салынар іс баршылық. Бұған иттер иелерінің жауапкершілігін қоссақ та боларлықтай.

Өз кезегінде комиссия төрағасы Серғазы Әдекенов мұндай түйткілді құжат жүзінде тиянақтауды тапсырды бар тарапқа да. Көлденең келген мәселені шетінен сетінетіп шешу үшін барлығын жіпке тізгендей етіп тіркеу қажеттігі ескерілді. Нақтылық қажет. «Қолданыстағы ережеге елеулі өзгерістер енгізілсе де таразы басының бір жағында мемлекеттік сатып алу үдерісі арқылы іске асатын маңызды мәселе тұрса, екінші басында адам өмірі тұрғандығын қаперден шығармау керек!» – деп қорытындылады сөзін депутаттар қауымы.

Сөз алған Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Берік Тоқмурзин ауданда демеуші қолдауымен ауданнан тысқары жерде 20 итке арналған панажай салынғанын тілге тиек етті. Нысан берік қоршалып, бейнебақылау құрылғысына дейін қамтылған. Биыл «Сезім» атты шаруашылық конкурстан өтіп қаңғыбас иттерді аулаумен шұғылдануда. Жыл басынан бері 43 қаңғыбас ит ауланып, зарарсыздандырылған. Бұл ауданда арнаулы чат ашылып оңтайлы істер қолға алынғаны қуантады.

Абай ауданы әкімінің орынбасары Айдос Асқаров аудан аумағында иттерді серуендетуге арналған 2 алаң қарастырылғанын хабарлады. Еріктілер құрамымен түсіндірме амалдары ұдайы іске асып тұрады.

Ал, «Добрый город» қайырымдылық қорының жетекшісі Наталья Уголькова Полиция Департаментінің өкілдеріне ит-мысығын далаға себепсіз тастап кеткен иелеріне ешбір шара қолданылмайтыны хақында сөз өрбітті. Мұнымен қатар үй жануарларын серуендету Ережесін өрескел бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған ресми статистика жоқтығына да мән беріп өтті спикер.

Тараптар уәжін ой елегінен өткізіп, таразылаған депутаттар корпусы облыс қалаларының әкімдіктері иттерді серуендету үшін қалаларда тиісті инфрақұрылым салу мүмкіндігін қарастыруы қажеттігіне, облыстың ішкі саясат, ветеринария басқармалары, облыс қалалары мен аудандарының әкімдіктері өңірдің қалалары мен аудандарында иттерді қауіпсіз және экологиялық серуендету мәдениетін қалыптастыру бойынша тұрақты негізде кең ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде қажетті шаралар қабылдаудың маңызына бір ауыздан тоқтады.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button