Жаңалықтар

Қоғам болып қолдау қажет

«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ ұйымдастырған қоғамдық тыңдау қатысушылары жемқорлық елдің дамуына үлкен кедергі екенін бір ауыздан мәлімдеді. Бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылғанына қарамастан, жемқорлықты жеңдік деп айта алмасымыз анық. Сондықтан, «Үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қатысуын кеңейту» әлеуметтік жобасы қолға алынып отыр. Бірлестік бұл мәселені еліміздің барлық өңірлерінде көтеріп, онлайн қоғамдық талқылау өткізіп келеді.

Қарағанды облысында ұйымдастырылған пікірталас алаңында мемлекеттік органдар өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар мен Ұлттық кәсіпкерлік палатасы өкілдері өз пікірлерін білдірді. Бірінші болып сөз алған облыс әкімі Жеңіс Қасымбек сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты табысты іске асыру жұмыстың жаңа нысандарын, әдістері мен құралдарын пайдалануға тікелей байланысты екенін атап өтті.

– «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының арқасында біз мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық деңгейін айтарлықтай қысқарта алдық. Облыстағы мемлекеттік қызметтердің 85%-дан астамы электронды форматқа көшті. Адами факторды барынша жоюға тырысамыз, – деді аймақ басшысы.

Жеңіс Махмұдұлының айтуынша, биыл өңірде барлық мемлекеттік органдар 4 миллионға жуық қызмет көрсетіпті. Оның 3 миллионнан астамы – электрондық форматтағы қызмет. Өңір тұрғындарына цифрландырудың артықшылықтарын түсіндіретін ақпараттық жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте республикалық көрсеткіш 91% екенін ескерсек, әлі де атқаратын жұмыстар баршылық. Сөз алған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысындағы департаменті басшысы Айгүл Байханова қағаз арқылы бетпе-бет қызмет көрсету түрін тұрмыстық жемқорлықтың негізі себебі ретінде атады.

– Автоматтандыру, электронды қызмет көрсету форматына көшу ғана шенеунік пен қызмет алушының байланысын бұза алады. Сондықтан, агенттік барлық мүдделі органдармен бірлесіп, біріншіден, жасырын мемлекеттік қызметтерді анықтау, оларды электронды форматқа ауыстыру, әкімшілік кедергілерді жою, құжатты орындау мерзімін реттеумен айналысуда. Біздің департамент осындай жұмыстардың орындалуын бақылайды. Биылғы жылы 74 шара өткізіліп, нәтижесінде 481 бұзушылық анықталды. Айта кету керек, бұзушылықтардың әр үшіншісі мемлекеттік қызметті көрсету процедурасын бұзуға қатысты болса, әрбір бесіншісі мерзімін кешіктірумен байланысты. 42 мемлекеттік қызметкер – тәртіптік жаза, 9-ы әкімшілік жаза алды. Мұндай бұзушылықтардың басым бөлігі, 91%-ы – жер қатынастарын реттеу саласына, 5%-ы – ауыл шаруашылығына, 3%-ы – архитектура, қала құрылысына байланысты тіркелді, – деді А.Байханова.

«Атамекен» ҰКП директоры Ернар Күлпейісов те өз сөзінде кәсіпкерлер үшін барлық бизнес-процестерді автоматтандырудың маңыздылығын атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша халықтың құқықтық сауаттылығына, нормативтік-құқықтық актілердің сапасына барынша көп көңіл бөлу, сондай-ақ, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының іске асырылу барысы туралы халықты жиі хабардар ету туралы шешім қабылданды. Жемқорлыққа қарсы күресті қоғам болып жүргізбесе, нәтижесіз екенін жиналғандар мойындап отыр. Және әр азаматты бірге күресуге шақырды.

Жансая ОМАРБЕК.  

Басқа материалдар

Back to top button