«Нашақорлық – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде. Бұл сөздер бүгінгі қоғам үшін өзекті үндеу болып отыр. Өйткені нашақорлық – тек бір адамның емес, тұтас ұрпақтың болашағына балта шабатын қатерлі дерт. Сондықтан да мемлекет деңгейінде де, өңірлік деңгейде де бұл бағыттағы жұмыстар күшейтілген. Қазірдің өзінде тәртіп сақшылары 150-ге жуық еріктілер ұйымымен бірлесе отырып, ортақ күресті жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Олардың қатарында 6 студенттік жасақ пен 25 қоғамдық кеңес, «Жас сақшы», «Жас сарбаз» секілді жастар қозғалыстары белсенді қызмет атқаруда. Бүгінде олар жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мен жастарды қылмыстан арашалауға үлкен үлес қосып келеді. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде осы уақытқа дейін 64 қылмысты ашып, 324 әкімшілік құқықбұзушылықтың жолын кескен. Күні кеше Қарағандыда «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру мақсатында кең ауқымды саптық таратылым өтті. Еріктілер тобы полиция қызметкерлерімен бірлесе тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Салтанатты іс-шара облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыровтың құттықтау сөзімен басталды. Ол өз сөзінде іс-шараның маңыздылығына тоқталып, қоғамдағы заң мен қауіпсіздіктің басты құндылық екенін ерекше атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ел ішінде «Заң мен тәртіпті» нығайту жөнінде нақты міндеттер қойған болатын. Қоғамдық тәртіпті сақтауда полициямен қатар, сапта тұрған еріктілердің, оқушылар мен қоғам белсенділерінің үлесі зор. Сіздердің бірлескен еңбектеріңіз облысымыздағы қауіпсіздікті арттыруға үлкен септігін тигізеді деп сенемін. Нашақорлық – өскелең ұрпақтың басты мәселесіне айналған ең қауіпті қылмыстың бірі. Бүгінде бұл мәселе Мемлекет басшысының бақылауында тұр. Сондықтан, жастар есірткі құрбаны болмауы үшін біз арнайы топ құрып, оған қарсы жұмыс жүргізудеміз. Атқарып жатқан жұмыстар осымен шектеліп қалмай, керісінше, әр азаматтың ұстанымына айналса дейміз, – деді ол.
Сонымен қатар, Жасқайрат Иманбекұлы өз сөзінде интернет алаяқтық жөнінде көпшілік назарын аударып, оларға алданып қалмау жөнінде ескерту жасады. Банк картасының нөмірін, хабарлама арқылы келген түрлі құпия сөзді де ешкімге айтпау қажеттігін баса айтты. Айта кетейік, іс-шаралардың заңдылығын бақылап, ұсыныстарды қолдау прокуратурамен жүзеге асырылады. Сондықтан, Қазыбек би ауданы прокурорының орынбасары Қажымұрат Мұратов та жиынға арнайы қатысып, жастар арасындағы тәртіптің маңызына тоқталды.
– Заң – мемлекеттің негізі. Заңсыз әділеттілік те, болашақ та болмайды. Сондықтан, заңды бұзбай өзіңді де, өзгені де құрметтеген жөн. Тәртіпті әркім өзінен бастау қажет. Қарапайым мысал, біреуге қысым көрсетпе. Керісінше, көмектес. Бұған полиция қызметкерлері мен прокуратураны араластырудың да қажеті жоқ. Егер заң бұзылмай, әркім өз құқығын жақсы білсе, ел дамуына даңғыл жол ашылар еді. Сондықтан, осындай іс-шараларға баршамыз жұмылуымыз қажет, – деді Қажымұрат Серікұлы.
Іс-шара соңында белсенді азаматтық ұстаным танытып, полиция қызметіне қолдау көрсеткен бірқатар еріктіге департамент бастығының грамоталары тапсырылды. Содан кейін еріктілер полиция қызметкерлерімен бірге қала тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарына кірісті. Әр аймаққа бөлініп, есірткі қылмысының алдын алу жөнінде ақпарат таратты. Сонымен қатар, жол қауіпсіздігін сақтау, алаяқтықтан қорғану бағыты бойынша да арнайы әзірленген буклеттерді таратты.
Іс-шара барысында марапат алғандардың қатарында Қарағанды медицина университетінің V курс студенті Дінмұхаммед Әмірбек те бар.
– Өзім университеттегі «Ерікті» студенттік жасағының жетекшісімін. Жасақ мүшелерімен бірге оқу орындарын, жатақханалар мен демалыс орындарын аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Әрі тәртіп пен заң аясында да әңгіме жүргіземіз. Бүгінде жастардың арасында мәселе көп. Солардың бірі – есірткі мәселесі. Одан кейін, күш көрсету, электронды темекі қолданатындардың да қарасы аз емес. Ал, бұның соңы жақсылыққа әкелмейді. Сондықтан, әр студентпен мейлінше ашық сөйлесеміз, – деді ол.
Қоғамның тыныштығы мен елдің болашағы – әр азаматтың заңға құрметінен басталады. Бүгінде еріктілер мен тәртіп сақшыларының бірлесе атқарып жүрген игі істері соның айғағы деуге әбден болады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»