Қоғам қадірлеген мамандық
Қарағанды облысының орта буындағы мейірбикелері Covid-19 жұқпалы дерті тарала бастаған сәттен сырқатпен күрестің алдыңғы шебінен көрінді. Олар өз денсаулығын қатерге тігіп, отбасын айлап көрмей, жанкештілікпен жұмыс істеуде. Блок-бекеттерде, провизорлық орталықтарда, ауруханаларда күні-түні кезекшілік атқарып келеді.
Бүкіл әлемде жыл сайын 12 мамырда Мейірбике күні аталып өтіледі. Оны мерекелеу туралы бастама 1953 жылы тұңғыш рет көтерілген болатын. 1971 жылы Бүкіләлемдік мейірбике күні бекітілсе, Қазақстанда 1981 жылдан бері аталып өтілуде.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы мейірбикенің қайырымдылық ісін ұйымдастырушы Флоренс Найтингейлдің туғанына 200 жыл толуына орай, 2020 жылды Бүкіләлемдік мейірбике ісі және орта медициналық қызметкерлер жылы деп жариялады.
Ф.Найтингейл – Британияның тумасы, Қырым соғысына қатысушы. Тұңғыш рет жаралыларға ұрыс даласында медициналық көмек көрсеткен. Сол себепті, ол осы саланың «алғашқы қарлығашы» аталады. Оның бастамасымен мейірбикелер мектебі ұйымдастырылып, аталмыш істің дамуына зор үлес қосқан.
Қарағанды облысында 10 мыңнан астам фельдшер, акушер, мейірбике, лаборант, фармацевт және тіс технигі жұмыс істейді. Мейірбикелердің иығында үлкен жауапкершілік жүгі жатыр, еңбектері – қиын әрі күрделі. Бұл – адам өміріне араша болу, физикалық және моральдық бақылау, емдеу шараларын жүргізу, мейірімділік таныту, сезімталдықпен көңіл бөлу, шыдамды болу, шағымын тыңдау білу, назар аудару, қалаберді, өз денсаулығына қауіп төндіру.
Жүктелген міндетін жоғары деңгейде атқарып, еңбегімен ерекшеленген орта буын медицина қызметкерлері Бүкіләлемдік мейірбике күні “Флоренс Найтингейл” медалімен марапатталады. Қазақстанда осы медальды бес жүзге таяу мейірбике омырауына таққан.
Облыста 2009 жылдан бері орта медициналық кызметкерлердің «Шарапат» қауымдастығы жұмыс істейді. Қауымдастықты 10 жылдан астам уақыт Қарағанды қаласындағы Интерколледждің бас директоры Аманжол Нұрбеков басқарып келеді. Оның басшылығымен атаулы күні мерекелік іс-шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналған.
Заманауи медицина күн санап даму үстінде, тың зерттеулер мен емдеу, дерттің алдын алу әдістері енгізілуде. Сондықтан, мейірбикенің біліктілігі жоғары болуы қажет. Қазір облыста жоғары мейірбике білімін беретін колледждер жұмыс істейді. 2020 жылдың қарсаңында 300-ден астам мейірбике жоғары білімге ие болды.
Мейірбикелер еңбегі – қоғам сұранысын иеленген қызмет. Ендеше, олардың мерекесі – жалпы қауымға ортақ мейрам.
Кенже ЖАДРИНА,
мейірбике, облыстық «Шарапат» қауымдастығының алқа мүшесі.