Ресми

Оңалту ісіндегі оң қадам

Әлеуметтік әділдікті сақтау, жаза басқан адамдарды қоғамға қайта бейімдеу асқан қажыр-қайратты қажет етеді. Бұл тұрғыда олардың көзқарасын дұрыс бағытқа бұру, жұмыспен қамту, психологиялық және заңгерлік кеңес берудің маңызы зор. Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндалды.

Сонымен қатар, брифингте Қазыбек би ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ринат Қаржасбаев, Қарағанды және Ұлытау облысы бойынша қылмыс­тық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметінің бастығы Анар Уменова, «Мир добра» ҚБ төрағасы, «ҚР Қызыл Жарты Ай қоғамы» ҚБ Қарағанды облыстық филиалының директоры Татьяна Абрамова бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға психологиялық және заңгерлік кеңес беру тақырыбында егжей-тегжейлі айтып өтті.

– Биыл Қарағанды қаласын­да екі аудан әкімдігінде бас бостан­дығынан айыру орындарынан босап келген адамдарды оңалту, оларға құқықтық және психологиялық көмек көрсету бойынша екі жоба жүзеге асырылып жатыр. Оны «Граждани Казахстана» және «Мир добра» атты екі қоғамдық бірлестік мойнына алған. Жоба аясында биыл 150 адамды қамтуды жоспарлап отыр­мыз. 10 жұмыстық кездесу және дөңгелек үстел өткізумен қатар 200 дана ақпараттық-танымдық кітапша тарату күн тәртібінде тұрған мәселе, – дейді Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Ринат Қаржасбаев.

Жазасын өтеп келгендерді ортаға бейімдеу, олардың қайта қылмыс жасамауының алдын алуда қала басында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Қолға алынған ауқымды екі жоба пробация қызметі есебінде тұрғандарға кедергісіз орта қалыптастыруға негізделіп жасалған.

– Пробация қызметі есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру мақсатында жергілікті жұмыспен қамту орталығымен бірлесе отырып, бос жұмыс орындарының 14 жәрмеңкесін өткіздік. Нәтижесінде 17 адам жұмысқа тұрды. Оларды жұмыспен қамту бойынша 95 кездесу өткізілді. Жұмысқа орналасқандарды да назардан тыс қалдырмаймыз. Пробация қызметкерлері олардың жұмыс орнына барып, кездесулер ұйымдастырып тұрады, – дейді Анар Уменова.

Қа­зіргі уақытта пробация қызметі есебінде қала бойынша 632 адам тұр. Олардың қайта қылмыс әлеміне оралмауы үшін психологиялық тұрғыда курстар өткізуде «Мир добра» қоғамдық бірлестігі жүйелі жұмыс жасауда. Бұл туралы бірлестік директоры Татьяна Абрамова қысқаша түсіндіріп берді. Ең бастысы, есепке алынған барлық адамның психологиялық жағдайы жан-жақты тексеріледі. Бұл әрбір сотталғанға психологиялық портрет жасауға, есептегендердің қабілеті мен бейімділігін анықтауға мүмкіндік береді.

Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button