Бас тақырыпРесми

Үнзила Шапақ: Жаңа Конституция – ел дамуының келесі кезеңіне жол ашады

Астанада «Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында партияаралық диалог ұйымдастырылды. Іс-шарада Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ сөз сөйлеп, конституциялық реформаның тарихи маңызына тоқталды.

Сурет referendum2026.kz

Оның айтуынша, қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде қоғам да, мемлекет те жаңа талаптармен бетпе-бет келіп отыр. Мұндай жағдайда елдің құқықтық іргетасын заман талабына сай жаңғырту – стратегиялық қажеттілік.

«Болашағын ойлаған ел үшін «Конституция неге өзгереді?» деген сұрақ емес, «Конституция неге өзгермейді?» деген сауал өзекті», – деді депутат. 

Спикер Ата Заң жай нормалар жиынтығы емес, ұлттың рухани тірегі әрі қоғам мен билік арасындағы сенім кепілі екенін атап өтті. Оның пікірінше, ұлттық құндылықты нығайту, азаматтардың құқығын қорғауды күшейту және заң үстемдігін орнықтыру – уақыт талабынан туындаған қадам.

Жаңа редакция елдің ұзақмерзімді тұрақтылығы мен дамуына негіз болуға тиіс. Бұл – әділетті әрі қауіпсіз мемлекет құру жолындағы жүйелі бастама.

Сөз соңында Үнзила Шапақ алдағы референдумның тарихи жауапкершілігін атап өтіп, әр азаматтың дауысы ел болашағына қосылған үлес екенін жеткізді. Оның айтуынша, жаңа Конституция Қазақстан дамуының келесі кезеңіне жол ашпақ. 

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button