Қарқаралы ауданындағы бұрынғы Қаратау совхозы бір кезде дүрілдеп тұрған шаруашылық еді. Қазір «Нығмет Нұрмақов атындағы ауылдық округ» деп аталады. Орталығы Өсібай ауылы бұрын Қазыбек би ауданының орталығы болған Егіндібұлақтан отыз-ақ шақырым қашықтықта, окуругтің аумағы Балқантаудың ту сыртындағы Бастал бөлімшесінен басталады.
Сөйте тұра, кейінгі жылдардағы жағдайы Қарқаралыдан түу қиянда – 140-185 шақырымда жатқан Ақтасты мен Айрық ауылдарынан да нашарлап кетіп еді. Кейінгі айтқан ауылдарымызға өткен жылдың соңына таман интернет желісі тартылған. Сол кезде жарық жанып, теледидар көргенге де тәубесін айтып отырған ауыл халқы жарылқанып қалып еді. Енді сол ХХІ ғасырдың басты жетістігі жақында Өсібай ауылына да жетті. «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ», – десіп мұндағы ағайын да қуанысып жатыр.
Жалпы, Нұрмақов ауылдық округінде үш елдімекен, 22 қыстақ бар. Барлығы 349 адам тұрады. 35 шаруа қожалығы, 2 ЖШС жұмыс істейді. Округ орталығы Өсібай ауылында 45 түтін, екі жүзге жуық адам бар. Ауылдың өзіне шақ медпункті, мәдениет үйі, бастауыш мектебі мен кітапханасы бар. Осы ауылдық округке кіретін Бастал мен Көлбасында да біраз ел отыр.
Биыл сәуір айының ортасында Нұрмақов ауылдық округінің халқы өз әкімін жаңадан сайлады. Елдің қалауымен бұл қызметке осы ауылдың тумасы, көп жыл құқық қорғау органдарында еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан Нұрлыбек Әшімов келді. Білімі мен тәжірибесі толысқан азамат туған ауылын көркейту жұмыстарына бірден кіріскен сыңайлы. Ауылға интернет желісін тарту жұмыстары да сәуір айының соңында қолға алынған. Сол кезге дейін шешілмей келген қаражат мәселесінің де орайы келіп, Қарағандыдан келген «ІТ Көмек» компаниясы ауыл халқын санаулы күннің ішінде әлеуметтік желіге қосып, игілігі мол шаруа атқарды.
– Мен мұнда қызмет қуып емес, туған жерімнің, өз ауылымның жағдайын көтерсем, еліме қолымнан келгенше жәрдемдессем, – деп келдім дейді ауыл әкімі Нұрлыбек Мәуленұлы. – Ештеңе бір күнде жасалмайды. Кеше интернет желісін тартқызсақ, бүгін ауыл көшелерін қоқыс үйінділерінен тазартып жатырмыз. Жалғыздың үні шыға ма, мұндай іске бүкіл ауыл болып жабылып кеттік. Ауылға өз техникаларымен келіп тазалау жұмыстарына көмектесіп жатқан Нұркен Әбдіров ауылының жігіттері Ерғали Агидилов, Темірхан Әлкешов, Сабыр Иманғалиев деген азаматтарға рахмет.
Шынында да, осы күндері Өсібайды нешеме жылдардан бері басып кеткен күл-қоқыс үйінділері тазаланып, аулаққа шығарылып жатыр. Көп тонналық көліктермен бүгінге дейін 350 рейс қоқыс шығарылған.
Ауыл басшысы осындағы шаруа қожалықтарына алғысын жаудырып жүр. Олар бұрын көшіп кеткен елдің жұртында қалған үй орындарын, күл-қоқыстарын тазалауға жұмыла кірісіп, көмектесіп жатыр. Әкімнің туған ауылға қарайласқан азаматтарға разылығы сонша, әрқайсысының атын атап, түсін түстеп, осы азаматтарға алғысымыз жетпей қалмасыншы деп қайталай өтініш білдіріп қалды. Нұрмақов ауылдық округін алға сүйреп жүрген шаруа қожалықтарының жетекшілері: Рымбек Бакенов, Бауыржан Арконов, Ғани Сағынаев, Мұрат Мұздыбаев, Нұртілек Қапбас, Сұңғат Сейілханов, Бекзат Ахметов, Қуанышбек Қарсыбеков, Нұрасыл Башенов, Өмірзақ Қапсаттаров, Нұрғазы Оспанов, Аманжол Әлімханов, Гүлмира Байназарова, Айбек Сағындықов, Мереке Жұмаділов, Серікбол Жұмаділов сынды азаматтар.
Бұл кісілерге ауыл тұрғындары әбден разы.
Өсібайды Егіндібұлақпен жалғайтын көтерме жолдың жағдайы тым нашар. Бұл, енді, естір құлақ болса, қай заманнан айтылып келе жатқан мәселе. Биыл Бауыржан Шегенбаев бастаған мердігер ұйым жол жөндеу жұмыстарына кірісіп жатыр, әзіргі көңілге сол демеу.
Өсібайда жарықтандыру мәселесі де мәз емес көрінеді. Жалпы, жарық мәселесі бұл өңірде жол проблемасымен қатар жүретін болған. Кеңес дәуірінде тартылып, ондаған жылдар бойына жаңартылмаған желілер жел тұрса, үзіліп жататын жағдайлар жиі болып тұрады.
Ең бір жаманы – Нұрмақовта ұялы байланыс жоқ. Егіндібұлақта бар, арғы жағындағы ауылдарда да бар, тек осы ауылға бұйырмай тұр. Ала қойды бөле қырыққандай оғаш дүние. Бұл мәселе де қаражатқа тіреліп тұрған көрінеді, әлбетте. Нығмет атаулы Нығмет ауылына келгенде түгесіліп қалғандай. Осы мәселелерге құзыры жететіндер болса, елдің жайын ескерсе дейміз. Әкім бастаған ауыл халқы әзірге өз күшімен тіршілік жасап жатыр.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы
Ortalyq.kz