Жаңалықтар

Әнші СЕРЖАН

Осыдан бірер жыл бұрын «Естайдың қазақ мәдениетіндегі орны» деген тақырыпта магистрлік диссертация жазған болатынмын. Жиналған материалдардың ішінде ақын-композитор Естай (Есмағанбет) БЕРКІМБАЙҰЛЫ жайында мынадай бір әңгіме болды: «Естайдың малы жұттан қырылып, бір үйір жылқы сұрап алайын деп, басына төрт мың жылқы біткен Биеке деген байдың ауылына аттаныпты. Биеке байдың ауылы Айдарбек пен Ақкөлдің арасы күндік жер. Естай ақын жолшыбай Ақжарды жайлап отырған Күлен байдың ауылына соғып түстеніпті. Әнші жолға аттанарда бай Күлен бұрынғының дәстүрімен: «Не бұйымтайыңыз бар еді?» – депті. Естай:

– Биеке байдан бір үйір жылқы сұрап алсам ба деймін, мал жұттан аман қалмап еді…» – деп мән-жайды айтыпты. Сонда Күлен бай:

– Сіз Биекеден емес, менен алыңыз. Биекенің малы сізге жұқпайды. Менің байлығымның беті қайтты, менен алыңыз, құт болады» – деп, бір үйір жылқыны әншінің алдына салып, орта жолдан қайтарған екен. Бұл, ауылына келген әншіге көрсеткен құрмет пе, әлде қызғаныш па, әлде шын жанашырлық па?.. «Қоштасу» әнінде: «Ақының, әншің болып еркеледім, Кеше гөр, қош аман бол, ардақты елім…» – дейді Естай.

2018 жылы Естайдың туған жері Ақкөл-Жайылмада әнші-композитордың 150 жылдық мерейтойы дүркіреп өткен болатын. Халқымыздың айтулы өнерпаздары бас қосқан өнер мерекесі ел есінде қалды. Сол тойда Қарағандыдан арнайы шақырылған Сержан Мұсайын Біржан салдың «Айтбай» әнін шырқады. Әнші бабында жүр екен. Бауырын жазып ерекше көсілді. Сержанның дауысы – ашық лирикалық тенор. Кең диапазонды әндерді орындағанда дыбысты лирикалық тенорларға тән қалықтатып алады.

2017 жылы Қазақстан мен АҚШ бірлесіп 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесінде ән салып, ән тарихында мәңгіге атын қалдырған Әміре Қашаубаев жайында кино түсірді. Секең сол кинода аңыз Әміренің дауысына дубляж жасаған болатын. Академик А.Жұбанов: «Әміре қазақтың ең шұрайлы әндерін таңдап-талғап қана айта ма десем, ол әнді жасап, өзінше өңдеп айтады екен» – деп жазыпты. Академик А.Жұбановтың осы қысқа ғана пікірінің өзінен әнді шығарушы, яғни, композитордан әнді айтушының орны еш кем емес екенін бағамдауға болады.

Әміре шиелеп, байлап кеткен әндердің кілтін тауып, қайталап айту Сержанға бұйырды. Кинода «Балқадиша», «Үш дос», «Дудар-ай», «Бес қарагер» әндеріне дубляж жасалыпты.

Осы мақаланы жазу барысында Ақан серінің «Балқадиша» әнін тағы бір тыңдадым. «Балқадиша» әні қазаққа кең тараған әннің бірі. Әсіресе Жүсіпбек Елебеков пен Қайрат Байбосынов орындаған нұсқалар халыққа сіңісті болып кеткен. Әрине, екі суреткер де өзінше құлпыртып айтқан. Әміре, Жүсіпбек, Қайрат Байбосынов орындауында сабақтастық бары анық. Жүсіпбек айтқан «Балқадиша» Әміре (драмалық тенор) мен Қайраттың (лирикалық баритон) арасын жалғап тұрған көпір іспеттес. Мысалы, Жүсіпбек «Дегенге Балқадиша, Балқадиша» – деп келетін бірінші жолында дыбысты Әміреше адуындап (атакующий звук) алғанымен екінші жолының аяғында («Күйеуің сексен бесте, о-о-оу шал Қадиша, о-о-о-оо-оу-ай») деп, яғни одағай сөздерді құбылтып өзгеріс енгізген. Әміреше тік, қысқа қайырмай иірім қосқан. Сол Жүсіпбек қосқан иірім (бәлкім, ол да біреуден үйренген шығар) Қайрат Байбосыновтың айтуында дамып, баритон дауысқа жымысып жата кететін соны түрге айналды. Тамырын тереңге тартқан кәсіби мектептің дамуының бір көрінісі осы. Әміре мен Жүсіпбек айтқан лирика-драмалық туынды Қайраттың орындауында таза лирикалық әнге айналған. Бұл пікір тек музыкалық мәтінге қатысты емес. Қ.Байбосыновтың айтуында қыздың сұлулығын бейнелейді, «Сексен қыз серуенге шықса-дағы, Ішінде қара басың хан Қадиша» – деп аруды мадақтайды. Байдың ерке қызына: «Бұлаңдап асау тайдай жүрген басың, Боларсың қандай жанға жар Қадиша» – деп сүйсініп, қызығып, қызғанады. Мысалға, Әміре мен Жүсіпбекте кездесетін «Дегенге Балқадиша, Балқадиша, Күйеуің сексен бесте шал Қадиша» немесе «Кетті деп Балқадиша естігенде, құшақтап шәйі жастықты жылағаным» – деген жолдар Қайрат Байбосыновта жоқ. Дәл осы жолдарды өнер майталмандары «тоталитарлық жүйенің» ықпалы деп те айтады. Ол әбден мүмкін. 1954 жылы шыққан «Қазақ Совет әндері» деген кітапта Иманжүсіптің «Сарымойын» әні мүлде өзгеше мәтінмен берілген. Жинақта «Кедейлер жасасын», «Ленин өлмейді», «Колхозшылар ұраны», «Әйел теңдігі» – деген тақырыпта «Тракторшы қарындас» сынды әндер енген. Егер де, бұл әндерді Советтік идеологияның құрбаны десек, Иманжүсіптің өзін атып, сөзін соттап, музыкалық мәтінін керегіне жаратқан аяр өкіметтің қазақ мәдениетіне жасаған қылмысын «коммунистік террор» деп атаған дұрысырақ. Осы кезеңде көптеген халық әндері мен халық композиторларының әндерінің мәтіні өзгеріске түскен. Әнді сақтап қалу үшін әншілер, ақындар әрқалай қадамдарға барған. Бүгінгі күннің көзімен қарағанда әншілер мен ақын-жазушылардың еңбегін жаппай қаралауға хақымыз жоқ деп ойлаймын.

Кейінгі кездері «Балқадиша» әнін «Жігіттер» тобы айтып жүргенін құлағымыз шалды. Клип те түсіріпті. «Кетті деп Балқадиша естігенде, тауында Жыландының, құшақтап қара жерді, еңіреп жылағаным-ай» деп салған екен сабаздарың. «Құшақтап қара жерді», «Еңіреп жылаған» – деген сөздерді қайдан алғанын білмедім. «Еңіреп жылаған» – деген сөздерді қолдануына қарағанда «Жігіттер» Сері Ақанды түсінбеген сыңайлы.

«Балқадиша» әні жиын-тойларда, концерттерде, әр түрлі деңгейдегі сайыстарда жиі орындалып жүр. Ақтоғайлық Саламат Қазақбаев «Балқадишаны» ерекше орындаушы еді деп тамсанып еске алып отырғандарды да көзім көрді. Бір өкініштісі Саламаттың айтқан таспасы қалмаған екен. Әміренің дауысын тауып, салған әнін елге жеткізген Жарқын Шәкәрім (марқұмның) еңбегі қаншалықты болса, сол бір асқақ орындаушылық шеберлікті өз деңгейінде қайта жалғастырған Сержан Мұсайынның еңбегі соншалықты. Сержанның орындауында «Дудар-ай», «Балқадиша» әндерін тыңдаған жұрт өшкені жанып, өлгені тірілгендей әсерде қалды. Әншінің таланты жеріне жеткізе айтқан әнімен өлшенсе керек. Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық конкурстың Бас жүлдегері, Әміре Қашаубаев атындағы республикалық конкурстың лауреаты Сержан Мұсайын «Сырғақты» әнін Жәнібек Кәрменовтен кейін өз деңгейінде, құлақтан кетпестей етіп салған дара әнші.

Осыдан бір жыл бұрын Сержанның Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өнер колледжіне директор болып тағайындалғанын естіп өнерпаз қауым қуанып қалды. 1967 жылы Еркеғали Рахмадиев Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға ректор болып тағайындалған екен. Сол Еркеғали ағамыз Қорқыттан бастау алатын қылқобыз аспабын, Шоқан тамсанып жазатын қылқобыз өнерін аман сақтап бүгінгі күнге табыстаған болатын. Әуелі Жаппас Қаламбаевті, ол қайтыс болғасын Қорғалжыннан тауып Дәулет Мықтыбаевты, сосын Жаңаарқадан алдырып, үй беріп Сыматай Үмбетбаевты қанатының астына алған болатын. Қазіргі Саян Ақмолда, Сәрсенғали Жүзбаев сынды қобызшылар осы корифейлерден қалған тұяқ десе де болады.

Мақаланың басында Естайдай көшелі өнердің иесіне қолдау көрсеткен байлар туралы айтқан болатынмын. Сержандай сұрапыл әншінің үлкен өнер ошағына басшы болып баруы Қарағандыда билікте отырған азаматтардың өнер үшін жасаған үлкен қадамы. Қазақ өнерінің қыр-сырына қанық, кәсіби әншіге табыс тілей отыра, Еркеғали ағамыздың жолын қуып, сол колледжға өрелі мамандарды жинап, сапалы білім беретіндей жағдай жасайтынына кәміл сенеміз.

Қайрат Айтбаев, күйші, өнертанушы.

Басқа материалдар

Back to top button