Әннің сұңқары, өлеңнің тұлпары
Ұлы композитор, дүлдүл әнші, қазақ поэзиясының кесек тұлғасы Әсет НАЙМАНБАЙҰЛЫНЫҢ 150 жылдық мерейтойы туған жері Ақтоғай ауданында салтанатты түрде қорытындыланды. Екі күнге созылған дүбірлі тойға мұрындық болған Ақтоғай ауданының әкімдігі, Әсет бабаның ұрпақтары және облыстық мәслихат депутаты, білім меценаты, руханият жанашыры, «Шапағат» медалінің иегері – Бекзат АЛТЫНБЕКОВ.
Әсет мұрасы
Айтулы шараның түндігі әннің сұңқары, өлеңнің тұлпары, қоғам қайраткері Әсеттің мұраларымен таныстыру мақсатында ауданның Мәдениет үйінде «Арғынмын, атым Әсет арындаған» атты облыстық ғылыми-танымдық конференциямен түрілді. Конференция жұмысын аудан әкімі Салтанат Әбеуова жүргізіп, Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойымен құттықтады. Аудан басшысы Әсет ақын үшін ескерткіштің ең үлкені – артында қалған еңбектерін толық жинастырып, ел қолына табыстау деп ой түйді. Осы мақсатқа жету жолында Әсеттің шығармаларын зерттеп, жинастырып жүрген ақындар, әншілер, сазгерлер, жазушылар, ғалымдар бірігіп еңбек ету қажет екендігін атады.
Конференция барысында Әсет Найманбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы ҚР мәдениет қайраткері, әсеттанушы Қайырбек Сәдуақасов тұщымды ойын жеткізді.
«Әсеттің өмірі мен шығармашылығына тоқталғанда бізді толғандыратын, таңдандыратын және біз әлі күнге дейін толық зерттеп зерделемеген тұсымыз көп. Әсет – қазақ өнерінің әргі-бергі тарихындағы теңдесі жоқ асқақ әнші. Әсет – көрікті ойдан көркем сөз өрген ұлы Абай жазуына сүйеніп, өлеңдер мен дастандар тудырған өрелі ақын. Әсет – әдемі иірімдері мен шырқау шыңдары үйлесім тапқан әсем әндердің авторы. Әсет – қазақтың һәм шығыс халықтарының қиссалары мен жырларын жадында сақтап, жұртқа жеткізуші жырау, ақындық қуатымен поэтикалық шешендігімен, телегей білімі мен тапқырлығымен қарсыласының мысын басатын алапат ақын. Әсет – Ақан, Біржан сынды сал-серілердің жолын жалғастырушы жиырмасыншы ғасырдағы серілердің соңғы тұяғы. Әсет – Арқаның дәстүрлі әнін Алтай мен Алатау аралығына дейн, тіпті, Қытай еліне таратушы қазақ өнерінің ірі тұлғасы. Әсет – шығыс пен орыс әдебиетін терең меңгеріп, оларды қазақ поэзиясының көркем тілімен жеткізген аудармашы. Қазақ халқының азаттық күресі барысындағы өте елеулі қызмет атқарған, Алаштың арыстарымен мұраттас, мүдделес болған халықшыл, отаншыл тұлға, қоғам қайраткері», –деп Қайырбек ақсақал тебірене сөйледі.
Сондай-ақ, сөз өнеріндегі Әсет шығармашылығының мән-мазмұнына және көрнекті тұлғаның дүниенің жұмбақ сырына мән бергендігі, әр сөзінде соншама салмақ жататындығын әсеттанушы Бақытбек Сыздықов, филология ғылымдарының кандидаты Азат Бабашев баяндамасында тарқата айтты. 1910 жылы Қ.Халиди Әсет Найманбайұлынан бірнеше салт өлеңдерін жазып алып, жариялағандығын, Кеңес дәуірінде Әсет Найманбайұлының өлеңін алғаш С.Сейфуллин (1925 жылы) бастырғандығын жеткізген Азат Бабашев қазіргі уақытта Әсеттің шығармалары қолында тұрғандығын атады. Оның ішінде, ақынның 72 өлеңінен бөлек, айтыс-қағысы, дастан-қиссасы электронды нұсқа күйінде тұрғандығын және Қытайдағы шәкірті Әсет жайлы тың деректерді жиыстырып жатқандығынан құлағдар етті. Сонымен қоса, ақын, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Мүсіркеп Сейдахмет пен айтыскер Қуаныш Мақсұтов сөз сөйлеп, ұсыныстарын айтты. Жиын соңында әсеттанушы Бақытбек Сыздықов бірқатар азаматтарды Әсет Найманбайұлының мерейтойлық медалімен марапаттады.
Шалқыған ән
Алқалы жиыннан кейін 40 жылдан астам тарихы бар «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблі Әсеттің мерейтойына арнаған концерттік бағдарламасын ұсынды. Концерттің өзі Әсет туралы көрініспен өрбіп, ұлы әншіні сомдаған Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филормониясының әншісі, белгілі актер, Ә.Найманбайұлының ұрпағы Нұрай Танабаев «Қысметті» нәшіне келтіре шырқады. Одан кейін киелі сахнаға озған ансамбльдің мүшелері Әсет әлеміне әнмен сапар шектіртіп, өнерде алар белесімізді өрнектеп көрсетті. Әншілер С.Сәрсенқұлов, Ғ.Қожамбаев, С.Қожамбаева, Б.Мақшонова, Э.Мірәсіл, вокалды ансамбль салған ән сұқсырша сымпылдап, көкке өрлесе, А.Есімованың қобызбен тартқан «Сезім» күйіне жұрт тамсана бас шұлғыды. Осы кеште Арқа өңірі ұлт мәдениетінің ұлы көшін жасаған өлке екендігіне тағы да бір мәрте куә болдық. Соңынан Әсет бабаның ұрпақтары ел-жұртты жинап, ас беріп, құран бағыштады.
«Інжу – Маржан»
ән байқауы
Түстен кейін көпшілік күткен «Інжу-Маржан» әні байқауы басталды. Бір айта кетері ән байқауына демеуші болған – Білім меценаты, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Бекзат Қомарұлы. Арқа аспанын әнге бөлеген байқауға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Қанышбаев атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының бас хормейстрі Амантай Жұмашев, Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік акамедиялық филармониясының әншісі Нұрай Танабаев, әнші, сазгер, Қарағанды облыстық Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің әншісі Дәуренбек Әркенов, Жезқазған қалалық Т.Қалмағанбетов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты Қайрат Әбеуов, Ақтоғай ауданы өнер мектебінің «Домбырамен ән салу» сыныбының ұстазы, «Тоқырауын толқыны» халықтық ән-би ансамблінің әншісі Сәттар Сәрсенқұлов қазылық етті. Ән додасына Қарағанды, Балқаш қалаларынан және Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарынан сегіз жас өнерпаз қатысып, асқақтата ән шырқады. Әсеттің әнін кез келген әншінің орындай алмайтындығы белгілі. Әншінің «Кіші Ардақ», «Үлкен Ардақ», «Інжу-Маржан», «Қоңыр қаз» «Мақпал» әндерін орындаған үміткерлер екі кезеңнен тұрған байқауда ән табиғатын барынша ашуға күш салып, құйқылжыта салды. Шырқау биікке іркіліссіз самғап барып, күміс қоңыраудай сыңғырлап, жерге сорғалай жөнелетін тұстарын, иірімдерін, ән мәтінін қазылар алқасы жіті бақылады. Байқаудың қорытындысы келесі күні «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өткізілген гала концертте жарияланды.
«Туған жерге тағзым»
Екінші күні Әсет тойы мен қатар, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өрбіген форум көптеген жаңа идеялардың, игілікті істердің бастамашысы болды. Бір уақыттарда қасиетті өңірден түлеп ұшқан, бүгінде еліміздің әр түкпірінде түтін түтетіп, қызмет атқарып жүрген азаматтар алқалы жиынға ерекше бір ықыласпен келді. Талайдың басын біріктірген форумның мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасының мәні мен мазмұнын түсіндіріп, акцияға бастау беру, жоспарларды нақтылап, туған жерді көркейтуге үлестерін қосу туралы үндеуді жеткізу, елден шыққан азаматтардың кіндік қаны тамған, қызмет істеген ауылдарының дамуына жанашырлық білдірулеріне мүмкіндік беру.
Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Салтанат Әбеуова өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысына да кеңінен тоқталып өтті. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарға, көптеген мәдени шаралардың өткізіліп, өркендеу жолында қаншама шаруалардың қолға алынғандығын жеткізді. Туған өлкеге тер төккен азаматтардың еңбек жолына сәттілік тілеп, ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, ауыл ақсақалдарының атынан сөз алған өлкетанушы, ардагер Тұңғышбай Мұқан жан-жақтан келген елдің перзенттеріне, алғысын айтты. Сондай-ақ, қай жерде жүрсе де туған жерге бүйрегі бұрып, елдік істердің басында жүретін Бекзат Алтынбеков сөз сөйлеп, ән байқауының жеңімпаздарының жүлдесін және қазылар алқасын марапаттады. Өз тарапынан бірқатар ұсыныстарын білдіріп, игілікті шараларға қол созуға әзір екенін жеткізді. Оның ішінде Әсет Найманбайұлы мен Манарбек Ержановтың ән байқауын жыл сайын алма-кезек өткізіп тұруға және республикалық деңгейге көтеруге қызмет жасауға күш салатындығын тілге тиек етті. Ән байқауында бас жүлдені иеленген Қарқаралы ауданының тумасы, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің 3 курс студенті Шыңғыс Сәрсенбайға, Дәуренбек Әркенов қолынан шыққан Арқаның қалақ домбырасын табыс етсе, Бекзат Алтынбеков 80 мың теңгенің сертификаты мен дипломды табыстады. Көптің көңілінен шықан Балқаш қаласынан келген Нұрболат Ұзақбай 1 орынды, Ақтоғай ауданының әншісі Нұржан Құлымжанов пен Бұқар жырау ауданының әншісі Қуандық Төкенов 2 орынды қанжығалады. Ал, 3 орынды Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері Даяна Арыстанова, Тілек Аманжол, Еркежан Қизатов еншіледі. Балқаштық Алмат Қордабаев байқаудың дипломанты атанды.
Игі шараның соңы Ақтоғайдан түлеген өнерпаздардың гала концертіне ұласты.
Нұрдос КӘРІМ
ҚАРАҒАНДЫ – АҚТОҒАЙ – ҚАРАҒАНДЫ.