Қарағанды облысында отандық тауар өндірушілерді қолдауға және өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға бағытталған маңызды кездесу өтті. Өңірге еліміздің түсті металлургия саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі – «Қазцинк» компаниясының делегациясы келді. Сапар аясында жергілікті өндірушілермен тікелей байланыс орнап, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту жолдары қарастырылды.
«Қазцинк» өкілдері сапар барысында Қарағанды облысының бірқатар ірі өндіріс орындарын аралап, олардың әлеуетімен танысты. Қазірдің өзінде бұл кәсіпорындар «Қарағандыда жасалған» брендімен шығатын өнімдерді – тау-кен өнеркәсібіне арналған бекіту элементтері, футерлеу және гуммирленген бұйымдарды қолдануда.
Мақсат – өндірісте қолданылатын тауарлар бойынша импортты алмастыру саясатын қолдау және жергілікті өндіріс орындары үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастыру.
Сапар қорытындысында Қарағанды облысы әкімдігі мен «Қазцинк» компаниясы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжаттың негізгі мақсаты – қазақстандық қамту үлесін арттырып, өңіраралық іскерлік байланыстарды нығайту.
– Біздің облысымызда импортты алмастыратын, жоғары өңделген өнім шығаратын кәсіпорындар бар. Ірі ұлттық компаниялардың жергілікті өндірушілермен байланыс орнатуы – біз үшін маңызды. Бұл – өндірісті дамытуға серпін береді, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Кездесу барысында Қарағанды өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында жергілікті өндірушілердің техникалық шешімдері мен өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Арнайы киім, өндірістік құрал-жабдықтар, 3D-басып шығару технологиясымен жасалған бөлшектер – мұның бәрі қонақтардың назарын аударды.
Дөңгелек үстел отырысында тараптар ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылап, компания басшылығына тікелей ұсыныстар білдіруге мүмкіндік туды.
«Қазцинк» ЖШС бас директоры Жанат Жанботин компанияның қазіргі экономикалық жағдайда ел ішіндегі құндылықты арттыруға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті. Үкімет ірі кәсіпорындардың отандық өндірісті қолдауға белсенді қатысуын талап етуде.
– Бізге негізгі отандық өндірушілердің жетістіктерімен танысуға мүмкіндік берілді. Бұл сапар – өзара сенімді серіктестер табудың, жаңа кооперация орнатудың бастамасы, – деді компания басшысы.
Меморандум аясында Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстары арасындағы өңіраралық экономикалық ынтымақтастық дамиды. Жергілікті кәсіпорындарға нақты серіктестік ұсыныстары жасалып, алдағы уақытта жаңа өндірістік келісімшарттарға жол ашылады.
Мұндай іскерлік кездесулер Қазақстанның индустриялық саясатына сәйкес өңірлік өндірісті нығайту мен ұлттық бизнесті қолдаудың нақты көрінісі.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген Жангелді Әбдіғалым