Жаңалықтар

Өнім көлемі артады

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның 2020 жылғы жұмыс қорытындылары мен алдағы жоспарлары туралы есебін тыңдады. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Былтыр «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 3,25 миллион тонна болат және 3,1 миллион тонна шойын балқытқан. Ыстықтай илемделген прокат көлемі – 1,2 миллион тонна, суықтай илемделген түрі – 646 мың тонна, полимермен қапталған прокат – 117 мың тонна, мырышпен қапталған прокат – 489 мың тонна, құбыр – 47 мың, бұрыштар мен профильдер көлемі – 3,7 мың, сұрыптық прокат – 373 мың тонна, ақ қаңылтыр 58 мың тоннаны құрады.

Министр құрылыс көлемі айтарлықтай қарқынмен өсіп келе жатқандықтан ішкі нарықты қамтамасыз етуге басымдық беруге қажеттігін атап өтті.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Бас директоры Биджу Наир өткен жыл күрделі болғанына және дәстүрлі нарықтарда сұраныстың төмендеуіне қарамастан, компания өнімдерін өткізудің жаңа бағыттарын игергенін айтты. 2021 жылы кәсіпорын өндіріс көлемін 3,76 миллион тонна болатқа дейін арттыруды жоспарлап отыр.

Технологиялық процестің шикізаттарын, сондай-ақ болат өндірісінің барлық негізгі техникалық қайта бөліністерінде пайдаланылатын кокс газын жеткізетін кокс химиясы өндірісіне қатысты жағдай негізгі тежеуші фактор болып отыр. Ол айтарлықтай жаңғыртуды талап етеді.

Кәсіпорын басшысы 2021 жылы іске қосылатын 6-шы кокс батареясының жөндеу жұмыстарының барысы туралы да баяндады.

2022 жылы табиғи газды қосқаннан кейін компания өндіріс көлемін жылына 4 миллион тоннадан астам арттыра алады.

Бас директор, сондай-ақ, жылуэлектр стансасындағы бу-ауа стансасында, 2-ші жылу-электр стансасында, сондай-ақ көмір департаменті шахталарында атқарылатын жаңғырту және көмір метанын қайта өңдеу жөніндегі жоба туралы айтып берді.

Жалпы, жаңғырту шараларына 2025 жылға дейінгі кезеңде 2,5 млрд. АҚШ доллары және 2030 жылға дейін 500 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салу жоспарланып отыр.

Жоспарланған жұмыстың барлығы экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттырып, ауаға шығарылатын шығарынды көлемін азайта отырып жүргізіледі.

Басқа материалдар

Back to top button