Бас тақырыпПрезидент тапсырмасын орындай отырып...

Ниеттіге жұмыс бар

Қоғамда екі қолға – бір күрек таппай жүрген жандар көп. Оның жартысы – оқу бітірген жас маман. Дегенмен, жұмыс табылады. Бар болғаны, жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталығына жүгінсеңіз жеткілікті. Сонымен қатар, кәсіп ашамын деушілерге мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант та беріледі. Алайда, оқу бітірген жас маман бұл орталыққа келсін бе?..

ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТТЫҢ ҚАЙЫРЫ

Мәселен, Қарағанды қаласы бойынша былтыр 193 адам қайтарымсыз грант алған. Адам басына шаққанда – 555 600 теңге. Ал, биыл 583 400 теңгеге көтеріліпті. Бұл жөнінде Қарағанды қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Нұржан Сыздықов айтып берді.

Грантқа қатысу үшін әуелі, жұмыспен қамту орталығына тіркелуіңіз қажет. Одан кейін ашатын кәсіптің бизнес жоспарын құрасыз. Ол жағынан мамандар көмектеседі.

– Биыл қала бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына 120 адамға жолдама берілді. Ал, облыс бойынша саны 1200-ден асып кетті. Осы жылы мемлекет 50 грантқа – 29 млн. 170 мың теңге бөлді. Ақшаның бәрі игерілгендіктен қосымша 40 грант (23 млн. теңге) мемлекеттік бюджеттен бөлінді. Грант иегерлерінің ішінде 8 көпбалалы ана, 10 атаулы әлеуметтік көмек алатын, 29 жасқа дейінгі – 13, мүмкіндігі шектеулі – 3 және басқа да санаттағы адамдар бар, – дейді Нұржан Сыздықов.

Былтыр мемлекет қайтарымсыз 193 грант (555 600 теңге) бөлген. Алайда, берілген қаражатты бизнес жоспарда көрсеткендей жұмсамаған жандар да жоқ емес. Бүгінгі таңда екі адамның ісі сотта қаралып, алған ақшаларын кері қайтаруда.

– Сиыр алып, бала-шағамды асыраймын деген көпбалалы ана ақшасын басқа жаққа жұмсап жіберген. Сүтін сауып, ірімшік пен май сатамын деген-тін. Қазір ол кісі мемлекетке ақшаны бөліп қайтарып жатыр. Бұдан бөлек, тағы бір грант иегерінің ісі анықталды. Алған ақшасына кәсіп ашпай, күнделікті жүрісіне жаратқан. Ол кісінің де жұмысына сот араласып, ақша кері қайтарылды. Биылғы грант иегерлерін де жыл бойы қадағалаймыз, – деді Нұржан Хамитұлы.

Грант иегерлеріне қажет құралжабдықтарды алып, кәсібін дөңгелетуге 3 ай уақыт беріледі. Мерзімі келген уақытта арнайы құрылған комиссия тексеру жұмыстарын бастайды.

– Бұл қаржы біреуге аз көрінер, бәлкім. Ал, кейбіреуіне – керісінше. Ақшаны біріншіден мемлекет қайтарымсыз беріп отыр. Ешкімге тәуелді болмай жеке кәсіп ашу үшін. Екіншіден, үлкен мекемені жалға ал деп қыстап жатқан ешкім жоқ. Жұмысыңды бір ізге қойғаныңызша үйде отырып жасайсыз. Оң нәтижеге қол жеткенде барып мекемені үлкейтуге болады. Сонымен қатар, басқа да ірі көлемдегі грантқа қатысып, микрокредит алуға мүмкіндік бар. Былтыр грант иеленгендердің ішінде жақсы нәтиже көрсеткендері биыл кәсібін ұлғайту үшін микрокредит алғалы жатыр. Міне, қайтарымсыз грант аз мөлшерде болса да еңбектенген адамға үлкен пайда әкелуде, – деді Нұржан Хамитұлы.

ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСҚА ЖАСТАР ҚАЖЕТ

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 3855 тұрғыннан өтініш түскен. Бүгінгі таңда 2700-і жұмыспен қамтылды. Оның – 2100-і тұрақты жұмыс. Бағдарлама аясында биыл жоспар бойынша 50 адамды әлеуметтік уақытша жұмыс орындарына тұрғызу керек-тін. Алайда, 68 адам жұмыс істеп жатыр. Бұл бағдарлама арқылы тұрған қызметкерлерге жалақының 65%-ын жұмыс беруші, 35%-ын мемлекет төлейді. Сондай-ақ, қоғамдық жұмыс орындарына 359 жасты орналастырған.

– Қоғамдық жұмыс десе, көпшілік «көше сыпырып, аула немесе саябақты тазалаймын» деп ойлайды. Бірақ, басқа жұмыс түрлері де бар. Бізде түрлі жекеменшік компаниялар мен зауыттардан жастарды сұратады. Жалақысы – 80 мың теңгеден астам. Зейнетақы қорына, әлеуметтік салыққа ұстағанда қолына 63 мың теңге алады. Егер, қызметін жақсы атқарса, жұмыс орны оған үстінен қосымша ақы төлейді. Сондай-ақ, бос жұмыс орны болып жатса, тұрақты қызметке қабылдайды. Тағы айта кетейік, 16 жасқа толмаған жастарды жазғы демалысында ата-ана рұқсатымен қоғамдық жұмысқа жібере аламыз. Бұл – жоғары оқу орнының студенттеріне де қатысты, – деді Нұржан Хамитұлы.

Бағдарлама оқушылар мен студенттердің жазғы демалысын бос өткізбеуге арналған. Жұмыс істеп, ақша табамын деген жастардың ата-анасының рұқсаты мен қалада тіркеуі болуы шарт. Қосымша 20 таңбалы банк есепшоты мен жеке куәлігі керек.

ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫ – ЖАСТАРДЫҢ ИГІЛІГІНЕ

«Еңбек» бағдарламасы аясында ашылған жобаның бірі – жастар практикасы. Жоба аясында 160 мекеме 2315 уақытша бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Жыл басынан бері 110 жас жұмысқа тұрған. Ал, бұл жобаға тек 29 жасқа дейінгі, 2019-2021 жылдары жоғарғы және орта білім ошағын бітірген жастар қатыса алады.

– Жалақысы – 59 мың. Қазір көбі «Мен оқу орын бітірдім. Мені жоғары жалақымен жақсы жұмысқа орналастырады» деп ойлайды. Кез келген ортада жас маман жұмысын толық меңгеруге, танылуға біршама уақыт керек. Егер, ол бұл процестен сәтімен өтсе, жұмыс беруші тұрақты жұмысқа қабылдайды. Сонымен қатар, жалақысы да көтеріледі, – дейді Нұржан Хамитұлы.

Жоба аясында жұмыс істеп жатқан жастардың қайтарымсыз грантқа қатысуына мүмкіндігі бар. Ол үшін 1-6 ай аралығындағы қысқа мерзімді оқуды тәмамдауы керек. Қазіргі таңда 13 мекемеде жеке кәсіпкерлер жас мамандарды 15 мамандық бойынша оқытуда. Қосымша оларға 29 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленеді.

Қарағанды қаласы бойынша 15 мекеме әлеуметтік жұмыс орындарына жастарды тарту үшін 483 орын, 76 мекеме қоғамдық жұмыс орындарына 347 бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Бүгінгі таңда жұмыспен қамту орталығы кезекте тұрған 359 жасты аталған сала бойынша жұмысқа қабылдады.

Биылдан бастап іске қосылған жобалардың бірі – «Бірінші жұмыс орны». «Еңбек» бағдарламасы аясында бастау алған жоба 29 жасқа дейінгі қала тұрғындарына арналған. Жоба аясында 14 мекеме 40 бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Қазіргі уақытта орталық мамандары меңгерген саласы бойынша 25 жасты жұмысқа жіберіпті. Бір айта кететіні, жоба жүйесі басқа бағдарламаларға ұқсамайды. Жас маманға алғашқы жылы жалақыны мемлекет төлейді. Екінші жылдан бастап жұмыс орны береді.

– Жоба жұмыссыз жастар үшін – үлкен мүмкіндік. Жұмыс беруші орган «жұмыс істей алмайсың» деп жұмыстан шығара алмайды. Керісінше, бірінші жұмыс орны болғандықтан жас маманға көмектеседі. Екінші жылға дейін дайын маман шығарып, өзінің қарамағына алады, – дейді Нұржан Хамитұлы.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button