Жаңалықтар

Үніңнен жақұт өрген, манат жанып… (Арқаның ардабоз әншісі Ержан Базарбековке)

Сурет: Е.Базарбековтің жеке мұрағатынан

Сал дәурен, сері самал, күні шүлен,
Керімсал жұпарыңнан нұр ішіп ем.
Бауыры Иманақтың әнге айналған,
Ақбоздың әсем басқан жүрісінен.

Ақбоздың төрт тұяғы тайпаланып,
Арда Ақын ақ уыз ән айтары анық!
Шыңында шындықтың өшкен жұлдыз,
Қуантты қарашаны қайта жанып!

Қайтара алмай жүргенде есемді құр,
Азат күн арайланып, әкелді нұр!
Арқаның айдынына аққу қонып,
Ән болып асқақтады Сәкен ғұмыр!

Өтті ғой, заманалар дидар ғайып,
Тәңірге Тәубе! Қалай иланбайық.
Қолыңа домбыра ұстап он үшіңде,
Мініп ең Ержан бауыр нұрдан қайық!

Майда ескен, мамыр кеште қанат қағып,
Үніңнен жақұт өрген, манат жанып.
Қозы көш жерге жетіп, қоңыр дауысың,
Кетуші ең ән айтқанда қанаттанып.

Әніңнің әсерінен оттай жанған,
Ару да кірпіктерін қақпай қалған…
Жасындай жарқ еткенде күміс үнің,
Үйірі қысырақтың тоқтай қалған!

Алшаңдап арғымақтай алты жасар,
Үш жүзге мәшһүр болып даңқың асар!
Рухы риза болған сері Ақанның,
Әніне басқан кезде «Алтыбасар».

Беу, Ержан! Немересі Базарбектің,
Жалғанды өнеріңмен базарлы еттің!
Барасың қанат қағып қияндарға,
Ғажабын еркін сезіп, ғазал көктің.

Ол рас, қошемет пен сыйға баттың,
Ән кеуде, күміс көмей, күй қанаттым!
Базарын Сәкен дәуір көзге әкелген,
Ардабоз бір ұлысың Иманақтың!

Қойлыбай АСАН,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button